Ұлттық құндылықтарымыз әспеттелді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты еңбегі шын мәнісінде дер кезінде жария көрген құнды дүние екеніне дау жоқ. Мұнда ол еліміздің рухани әлемінің арғы-бергі тарихына үңіліп, оны кейінгі буынға егжей-тегжейлі жеткізеді.

Әлбетте, мақсат біреу: ол ұлт жауһарларын кейінгі буынға, тіпті әлемге таныстыру. Яғни, ұрпағымызды ұлттық дәстүріміздің шынайы құндылықтары арқылы тәрбиелеу. «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» атты бөлімде қазақ халқының «Атқа міну мәдениеті» жайлы, оның артықшылығы туралы, бүгінгі адамзаттың киім киісі мен жүріс-тұрысының өзі осы бір дала өркениетінен бастау алатыны хақында айтылса, «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» атты бөлімде қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары туралы тереңнен сыр шертеді. Ал «Аң стилі» бөлімінде Қазақстанның ежелгі тұрғындарының озық мәдениеті болғандығын, жануарлар бейнесін тұрмыста пайдалану адам мен табиғаттың өзара байланысының символына баланып, көшпенділердің рухани бағдарын айқындап отырғандығын тілге тиек етеді.
Айта кетерлігі, шын мәнісінде негізінен «аң стилі» феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады, оның эстетикалық тұрғыдан да адамға жағымды әсер туғызатындығы анық. Ал «Алтын адам» атты бөлімде аты айтып тұрғандай, біздің жыл санауымыздан бұрынғы ежелгі сақ заманының мәдениеті мен құндылығы айқындалса, «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы жібек жолы» бөлімдері де біздің байырғы мәдениетіміз бен өркениетіміздің өміршеңдігін атап көрсетеді. Елбасы өзінің осынау еңбегінде ұлы дала төсінде өмір сүрген дана ойшылдарымыз бен түркі әлемінің өнері мен фольклоры туралы, оның кешегісі, бүгінгісі мен ертеңгісі жайлы ой түйіндейді.
Жалпы, бұл Елбасының ұзақ жылғы тәжірибесі мен ақыл-ойының жемісі екендігін дәлелдейтін аса құнды еңбегі екеніне дау болмаса керек.
Аман Мұстафин,
«Арғанат» ЖШС басшысы.
Аягөз ауданы.