Қоғам

Ұлттық нақыштағы ойыншықтардың брендін қалыптастырады

Ұлттық нақыштағы ойыншықтардың брендін қалыптастырады


Нұрлан Досмұрат бүлдіршіндердің бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру мақсатында қазақи пазлды ойлап тапқан өскемендік жас ғалым. Мұндағы басты мақсат – балалардың ой-өрісін дамытып, олардың бойына патриоттық сезімді ұялату.

– Бала кезімде үнемі: «Шетелдік өндірушілердің қолынан шыққан дүниені неге өзіміздің елде жасап көрмеске?!» деген ой мазалайтын еді. Ал кейіннен оқу бітірген соң бар күш-жігерімді жинап, жеке кәсібімді аштым. Сөйтіп, осы салаға бет бұрдым. Ондағы ойым – адал еңбекпен нан тауып, қатарластарымның жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын ояту, – дейді Нұрлан Досмұрат.

Оныңжасап жүргені, әлбетте, қатты қағаздан жасалған пазл емес. Ол өзінің қолыннан шыққан қазақи пазлдың әрбір бөлшегін ағаштан ойып тұрып жасайды. Алайда оны станокпен кесіп, сызбасын жасаудың өзі оңай емес екен. Оған қажетті материалды жас шебер сан тараптан алдырады. Осының бәрі аз қаражатты қажет етпейтініні айдан анық. Шебердің айтуынша, ол қазақи пазлды жасау үшін ағашты сонау Алматыдан сатып алады.

Ұлттық нақыштағы ойыншықтардың брендін қалыптастырады

– Ағаштар – тіршілік иесі. Олардың тілін табу керек. Түсіне білу қажет. Әр ағашпен жұмыс істеудің жөн-жосығы болады. Соны білетіндер азайды. Ағашты шапқанның жөні осы екен деп, қара дүрсінге салуға келмейді. Санға жұмыс істеп, ашкөздікпен былғауға болмайды өнерді. Ондай шеберсымақтар ұзамай шығармашылық тоқырауға ұшырайды, – дейді Нұрлан Досмұрат.

Шебердің шығармашылыққа, өнерге деген құрметіне риза болдық. Оның өзін осылай тәрбиелеген кім екенін білуге құмарттық. Сөйтсек, ол мұндай шаруаға бала күнінен жақын болыпты.Өзінің айтуынша, ата-анасы оған: «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған жақсы» демеген. Керісінше, «Мұндай ауыр жұмысқа араласпай-ақ қой, денсаулығыңды құртпа. Өзіңді күт. Оқы. Балаларды білім нәрімен сусындататын мұғалім бол», – деп оның бұл кәсіпке бет бұруына қарсылық танытыпты. Бірақ ол кішкентайынан-ақ қолөнерге жақын болған. Содан болар, ол бұл өнерін тастамай, жалғастыра берді. Осылайша, Нұрлан бүгінде шағын шеберханасын ашып, кәсібінің несібін көріп отыр. «Баланың жанын түсінсеңіз, оларға арналған ойыншықты жасау еш қиындық туғызбайды»,- дейді ол. Ал Нұрланқазақтың ұлттық ойындарының арғы-бергі тарихын судай ағызғанда, оның бұл саланы жетік білетініне әбден көзіңіз жетеді. Соңғы жылдары ғана ол ұлттық нақыштағы ойыншықтарды жасауға бет бұрған. Ағаштардың бар қасиетін түсінгенде ғана жасап шыққан туындың әдемі болады дейді. Айтпақшы, кейде шеберлердің жасаған туындыларының да сәтсіз шығатын кездері болады екен. Ондай сәттерді Нұрлан да бастан кешкен. Мұндайда ол: «Егер жасаған ойыншығымда кемшілік болса, бұл – менің мінім. Жұмыс барысында әлденеден қателесуім мүмкін», – дейді.

Тауардың сапасы мен бағасына ерекше ден қояды

Он саусағынан өнер тамған Нұрлан Досмұрат екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін қолөнермен де айналысады. Бос уақытында ол ұлттық нақышта көмкерілген күртеше мен сәукеле тігеді екен.

– Қолөнермен айналысу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет пен шыдамдылық, ептілік керек. Негізгі мамандығым –мұғалім. Сөйтсе де, қолдан келетін іс болғандықтан, осы кәсіппен айналысуды жөн көрдім, – дейді ол ағынан жарылып

Талапты жастың бұл талпынысын жергілікті атқарушы билік жерде қалдырмай, қолдау білдіріпті. Таяуда ол облыс әкімдігінің арнайы грантын ұтып алыпты. Осылайша, Нұрлан Досмұрат үш миллион теңге алып, оған кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға тапсырыс беріп қойыпты.

– Компьютерлік бағдарлама бойынша жұмыс істейтін сужаңа станок алуды жоспарлап отырмын. Біріншіден, бұл станок менің жұмысымды жеңілдетеді. Екіншіден, мұндай заманауи технологияның көмегімен тапсырысты дер кезінде орындауға болады. Үшіншіден, уақыт үнемдеуге септігін тигізеді, – дейді ол.
Жас кәсіпкер негізінен әсемдігімен көздің жауын алатыналқа, сырға, тұмар сынды әшекей бұйымдарды тапсырыспен жасайды екен. Өйткені енді ғана кәсібін бастаған оған тапсырыссыз өнім шығару пайдасыз. Себебі, қазір оның бәсекелестері де көп.

– Базар мен дүкендерді араласаңыз, ондағы заттарды көріп, қызығып кетесіз. Ал егер қаражатыңыз жеткілікті болса, ол жақтан қалаған дүниеңізді сатып алуға болады. Сол себептен мен тек қана тапсырыспен жұмыс істеймін, – дейді ол.

Міне, жас та болса, кәсіп ашып, қазіргі нарықтың заңын түйсінген кәсіпкер бірінші кезекте тауардың сапалы, ал бағасының қолжетімді болуына ерекше ден қойыпты. Оның айтуынша, ұлттық нақышта тігілген күртешенің ең төменгі бағасы бес мың теңгеден бастап өзіндік шығындарына байланысты жоғарылай береді. Ал сәукеленің құны үш мың теңге.

– Ең бастысы, жұмыстың өнімділігі мен сапасына ерекше көңіл бөлемін. Өйткені қандай жұмысты болмасын, асқан жауапкершілікпен істеу керек. Сонда ғана еңбегіңіз бағаланады, – дейді ол.

Алдағы уақытта ол кәсібін кеңейтіп, қазақтың қалыс қалып жатқан өнерін жаңғыртуды мақсат тұтады. Сонымен қатар ол ұлттық нақыштағы заманауи әшекей бұйымдардың саны мен сапасын арттыруды да жоспарлап отыр.

Ол бос уақытында ұлттық нақыштағы жүзік пен сырғаның дизайнын жасап қояды екен. Мұндағы басты мақсат – шығармашылығын шыңдау.

– Әшекей бұйымдарды арнайы құрылғылардың көмегімен жасаймын. Ал оған қажетті заттарды Өскеменнен сатып аламын, – дейді Нұрлан Досмұрат.

Болашақта зергерлікпен айналысамын деген жастарға Нұрлан Досмұратың үйретері көп. Өйткені оның бұл саладағы тәжірибесінің өзі бір төбе. Үнемі ізденіс үстінде жүретін жас кәсіпкердің алға қойған арман-мақсаты көп. Ол болашақта қазақ балаларына арналған ойыншықтың түр-түрін шығаруды жоспарлап отыр.

– Біз ұлттық бояуы бар ойыншықтар жасауды бірлесіп дамытуға тиіспіз. Бұл – кейінгі буынның басты парызы, – дейді ол.

Айта кетейік, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-да шебер болып жұмыс істейтін Нұрлан Досмұрат «Balausa» стартап-жобасының авторы. Осы орайда оның бұл жобасы балалардың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені сіңіру мақсатында қолға алынғанын атап өткен орынды.

– «Көз қорқақ, қол батыр» деп біздің халық бекер айтпаса керек. Бастапқыда бұл жобаны қалай жүзеге асырамын, қаражатты қайдан аламын деген ойлар мазалаған болатын. Алайда уақыт өте келе барлық қиындықтың өткінші екенін түсіндім. Ең бастысы, ниет керек, – дейді ол.

Нұрлан бұл жобаны қолға алғалы бері талай шаруаны тындырды. Мысалы ол қазақи пазлды жасап шығарды

– Тәулігіне 15 сағат жұмыс істеймін. Менің қарбалас тірлігіме балаларымның үйренгені соншалық, сәл демалып отыра қалсам, қызым: «Әке, неге жұмыс істемейсің, шаруаңды бітірсеңші» дейтінін қайтерсіз, – деп күледі Нұрлан Досмұрат.

Бүгінде ол алғашқы өнімдерін сатылымға шығарып үлгергенін айта кеткен орынды. Ол алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, кәсібін кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

– Жобаның атауын ырымдап «Балауса» деп қойдық. Бұл болашақта біздің кәсібіміз өрге домалап, ұлттық нақыштағы ойыншықтардың брендін қалыптастыру мақсатында туған ой ғой, – дейді жас кәсіпкер.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button