Ұлттық нақыштағы автокөлік жобаларын ұсынды
Семейлік өнертапқыш Еркебұлан Амангелдинов өзінің ойлап тапқан жеңіл автокөліктеріне қазақтың ұлттық ою-өрнектерін салған. Оның автомобилі «Сапар» деп аталады.
Әзірше барлығы – 3D үлгісінде. Егер оның идеяларына қандай да бір компаниялар қызығушылық танытатын болса, жас өнертапқыш кез келген кәсіпорынмен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Автокөліктерге қазақтың ұлттық ою-өрнектерін салу идеясы осыдан екі жыл бұрын туындапты.
– Қазақ мәдениетінде құстың табиғатына еліктеулер жиі кездесетіндіктен, өзімнің көлігімде \’\’құс қанаты\’\’ деп аталатын оюды қолданған дұрыс болар деп шештім. Сонымен қатар, барлық жүргізілген сызықтарды ою мәнеріне ұқсатуға тырыстым. Қазақ мәдениетінің образдарын көлік дизайнында қолдану қаншалықты әдемі екенін көрсету – осы жобамда ұстанған басты мақсаттарымның бірі,-дейді Еркебұлан Амангелдинов
Талантты жас алғаш рет өз жобасын дүйім елге осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен «Инновациялық Қазақстан» жобасында таныстырыпты.
-Еркебұланнның жасаған автокөліктерін көрдім, өте ұнады. Қазақстанда және шетелде жасалған көліктермен салыстырып көргенде әлдеқайда ұтымды тұстары бар. Бұл болашағы бар жоба деп ойлаймын. Оның идеясы автомобиль жасайтын компанияларды қызықтыру керек. Егер мұндай көліктерді нарыққа ұсынса, ол сұранысқа ие болып, ұлттық брендке айналар сөзсіз,- дейді автомобиль сатушы компанияның директоры Владимир Рогиня.
Бүгінде Еркебұлан өзінің авторлық құқықтарын тіркетумен айналысуда. Ол болашақта тағы да басқа ұлттық үлгідегі ұшқыр көліктердің жаңа түрлерін ойлап табуды жалғастыра беруге бел буған.
Раушан Нұғманбекова
Семей.