Қоғам

Ұлттық идеяны жастарымыз жүзеге асырады

Ұлттық идеяны жастарымыз жүзеге асырады

Аймағымызға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ облыс активімен кездесу өткізді. Сонымен қатар, Сенат спикері облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН бірге Өскемендегі бірқатар спорттық нысандарды аралап, Глубокое ауданындағы «Бобровка плюс» серіктестігінде болды. Семей қаласындағы «Нұр Отан» партиясы филиалының мүшелерімен, Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің студенттерімен жүздесіп, «СемАЗ» кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Кездесу барысында ол Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақ¬сат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауындағы маңызды жайттарға кеңінен тоқталып, жаңа бағытымыздың ең негізгі қозғаушы күші жастар екенін баса айтты. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ та өз кезегінде мемлекеттік қолдаудың арқасында жастар үшін облыста барлық жағдайлар жасалып жатқанын атап өтті.
Сенат төрағасымен кездесуге барлық деңгейдегі депутаттар, қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың өкілдері, кәсіпорындардың жетекшілері қатысты. Өз сөзінде Бердібек САПАРБАЕВ облыс активі алдына Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басты міндеттерді орындау міндетін қойды. Бұл – ең алдымен экономика өсімінің қарқынын сақтау және халықты еңбекпен қамту.
– Өңірде мемлекеттік бағдарламалар белсенді түрде іске асырылуда. Тек «Бизнестің жол картасы – 2020» және «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары аясында 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылып отыр. Мұнымен қоса, білім беру және денсаулық сақтау салаларында да ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Атап айтсақ, келесі жылға дейін барлық апаттық мектептерді жою, яғни, олардың орнына жаңа ғимараттар салу көзделуде. Ол мектептерде облыстағы барлық оқушылардың екі пайызы білім алады. Ана мен бала өлімінің күрт қысқарғаны да байқалады. Ал шағын және орта бизнесті дамыту жайына тоқталар болсақ, бұл бағытта әкімшілік кедергілерді азайту жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеміз, сондай-ақ, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге арналған алты орталық құрылып, нәтижелі қызмет етуде, – деді облыс Әкімі.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ іссапары Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келгендіктен ол жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мол табыс, береке-бірлік тіледі. Атап өтерлік жайт, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бұл мерекеге халықаралық дәреже беретін арнайы шешім шығарған-ды.
– Шығыс Қазақстанға келіп отырып, ядролық проблема туралы айтпау мүмкін емес. Еліміз Тәуелсіздігін алған кезде әлемдегі қуаты жағынан төртінші ядролық әлеуетке иеленіп тұрды, ол Британия, Франция, Қытай сынды державалардың барлық арсеналынан да асып түсетін-ді. Естеріңізге сала кетсек, 1991 жылы Қазақстан аумағында 1216 ядролық оқтұмсық бар болатын. Алайда, еліміз жаппай қырып-жою қаруынан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыздану саласындағы көшбасшы мемлекетке айналды, – деді Парламент Сенатының төрағасы.
Гаага қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші Саммитте Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ядролық қарудан ада әлемді қалыптастыру үшін «Джи-Глобал» форматының айрықша мән-маңызын атап көрсетті. Қазірдің өзінде оны дүниежүзінің 200-ден астам елі қолдап отыр.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ бүгінде Қазақстан бәсекеге қабілетті мемлекетке айналғанын баса айтты, енді біздің алдымызда бұдан да биік міндеттер тұр. Олар алдағы онжылдықтарды қамтиды. Жаңа мақсаттарға қол жеткізу үшін барша жинақталған тәжірибені пайдалануымыз қажет. Бұған әрбір ел азаматы өз үлесін қосуы тиіс.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы ең алдымен Отанымызды өркендетуге, ұлтына, дініне қарамастан әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруға, құқықтарын қорғауға бағытталған. Бүгінгідей дағдарыс кезеңінде келешек даму жоспарларымызды жан-жақты және түбегейлі әзірлеуіміз, сонымен қатар, өткір мәселелерге ерекше мән беруіміз керек.
– Тұрақтылық әрқашан өрлеу мен өркендеудің ең басты факторы болып қала бермек. Біз баршамыз тұрақты түрде дамып келе жатқан елде өмір сүріп жатқанымызды мақтан тұтамыз. Біздің жетістікке жетуіміз елдің әр азаматына байланысты екенін естен шығармаған абзал. Ал Қазақстанның болашағы өскелең ұрпаққа тиесілі, яғни, елімізді жаңғырту – бүгінгі жастарымыздың еншісіндегі міндет, – деп атап өтті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлінген. Бұл бағытта да атқарылған шаруалар жетерлік. Айталық, жуырда Парламент республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды қабылдады, ол зейнетақы мен шәкіртақыны, әлеуметтік төлемдерді көбейтуді көздейді. Сонымен бірге, дәрігерлер мен мұғалімдердің және азаматтық қызметшілердің еңбекақылары да көтерілмек. Мұнымен қоса, осы жылдан бастап бала күтімімен отырған әйелдердің зейнетақы жарналары республикалық бюджет есебінен субсидияланатын болады.
Жолдауда мүмкіндігі шектеулі жандарға жіті назар аудару қажеттігі жайында бірнеше мәрте айтылды. Қазақстан олар үшін кедергісіз елге айналуы тиіс. Осы мақсатта да көптеген шаралар қолға алынып жатыр.
Елбасы Жолдауында айтылған тағы бір маңызды міндет – шағын және орта бизнес саласын дамыту.
– Президент Жарлығымен кәсіпкерлікті қолдаудың теңдессіз шаралары қабылданды, алдағы уақытта шағын және орта бизнеспен айналысуға рұқсат беру, олардың іс-әрекетін қадағалау тәртібі өзгеретін болады. Ең бастысы, жоспарлы тексерулер тыйылып, оның орнына тексерудің жаңа жүйесі енгізіледі. Келесі айдан бастап жыл соңына дейін кәсіпкерлік нысандарын тексерулерге мораторий жарияланған, – деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Қазірдің өзінде Кәсіпкерлік кодексін жасау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, онда аталған салаға қатысты барлық заң нормалары енгізілетін болады. Бұл – іс адамдары үшін үлкен көмек. Сонымен қатар, азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін рұқсат қағаздары мен лицензиялар қайта қарастырылмақ, олардың орнын құлақтандырулар басады.
Осы жылы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң қабылданады. Сенат төрағасының пайымынша, жас ұрпақ ұлттық идеяны іске асырушы күшке айналуы тиіс. Басқа елдерде жастар саясаты негізінен білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруды және жұмыспен қамтуды қарастырады. Қазақстан да осы жүйені басшылыққа алуды көздеп отыр.
Жер шарының халқы ұдайы көбейіп келеді, әсіресе дамушы елдерде бала туу көрсеткіші жоғары. Осы ретте азық-түлікке деген сұраныс та ұлғайып барады. Қазақстанды аграрлық экспорттаушы елге айналдыру үшін жаңа технологияларды игеру, қайта өңдеуші кәсіпорындарды құру арқылы саланың өнімділігін арттыру керек, сондай-ақ, заманауи суару әдістерін қолданып, дақылдардың құрғақшылыққа төзімді жаңа сұрыптарын шығару қажет.
Кездесу кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайы да сөз болды. Осы бір індеттің көзін құрту үшін мемлекет пен қоғамның күш-қуаттарын біріктірген жөн.
– Әркім өзінен бастауы тиіс, – деп атап өтті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. – Коррупция – жай ғана құқықбұзушылық емес, ол азаматтардың мемлекетке деген сенімін азайтып, ұлттық қауіпсіздігімізге тікелей қатер төндіреді. Қазақстанды әлемдегі барынша дамыған әрі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосу үшін бірінші кезекте осы жемқорлықтың тамырына балта шабу қажет.
Өз баяндамасын түйіндеген Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Шығыс Қазақстан бірегей табиғатқа, зор өндірістік әлеуетке, дамыған әлеуметтік инфрақұрылымға және мықты аграрлық секторға ие серпінді өсіп-өркендеп келе жатқан өңір екенін атап өтті. Сенат төрағасының айтуынша, облыс еліміздің әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне өзінің өлшеусіз үлесін қосып келеді. Естеріңізге сала кетсек, біздің аймақ индустриялық-инновациялық даму жобаларын қаржыландыру көлемі жөнінен еліміз бойынша алғашқы орындарды иеленеді.
– Шығыс Қазақстанның жеткен жетістіктері көп жағдайда облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ іскер басшылығына байланысты екенін атап өткен орынды, – деді Парламент Сенатының төрағасы.
Өз кезегінде аймақ басшысы сенаторлар тобы мен Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА облысымызға берген жоғары бағалары үшін алғыс білдірді.
– Біз күнделікті шетел инвестицияларын тарту, ұлттық және трансұлттық компаниялармен ынтымақтастық орнату бағытында жұмыс жүргізіп келеміз. Облыс жұртшылығы Елбасымыздың маңызды міндеттерін орындау үшін аянбай еңбек ететін болады, – деді Бердібек САПАРБАЕВ.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ облыстық мәслихаттың бірнеше депутатына Сенаттың Құрмет грамоталарын табыс етті.
Сенат спикері, сонымен қатар, Өскемен қаласындағы спорттық кластерді қалыптастырушы нысандарда, яғни, Жекпе-жек сарайы мен Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика манежінде болды. Бұдан соң «Бобровка плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасына барып, ондағы автоматтандырылған сиыр сауу жүйесімен танысты.

* * *
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университетте болып, оқытушылармен және студенттермен кездесті. Оған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – Президент Жолдауының ережелерін және іске асырылу барысын талқылау.
– Еліміз бүгінде білікті маман дайындауды басты міндет етіп қойып отыр. Мемлекетімізге геологиялық барлау, инженерлік, ақпараттық технологиялар, ғарышты меңгеру салалары бойынша мамандар қажет. Техникалық мамандар жетіспей жатыр. Осыған орай Қазақстанда алдағы уақытта техникалық колледждер ашылатын болады, – деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. – Адамның еңбегі, сапа, дарын, өнер деген бүгінде әлемдік бәсекеде тұр. Жастар – біздің болашағымыз.
Осылайша студенттерге міндет-мақсаттарын түсіндірген Сенат төрағасы отандық білім беру жүйесінің маңыздылығын да айтып өтті. Қазақстандық жоғары оқу орындарына және ғылыми-зерттеу орталықтарына айрықша маңыз берілетін болады. Бұл, әсіресе, бизнес, экономика саласына тиімді болуы керек. Жастар кәсіпкерлікті жете меңгеруі тиіс.
– Себебі бизнес – бүгінде еліміздің тірегі десек артық емес, – деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. – Елбасымыз шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қажеттігін айтып, арнайы бұйрыққа қол қойды. Сондықтан да тауар айналымы, өндіріс, өңдеу саласында жастардың еңбекқорлығы, құштарлығы, жігері қажет.
Сенат спикері айтып өткендей, алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттен 1 триллион теңге бөлінеді. Осы қаражаттың тиісті орнына жұмсалуы үшін мемлекет жаңа бағдарлама жасамақ. Кейбір елдерде 50 пайыз жас – жұмыссыз. Әлемде 75 миллион адамның жұмысы жоқ.
– Сондықтан да жастардың жұмыспен қамтылуы – басты мәселе, –деді Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ. – Сіздер еңбек етсеңіздер ғана біз алға қарай қарышты қадаммен жылжып, Елбасы тапсырмаларын орындай аламыз. Әлемдік қоғамдастық біздің елімізді халық өмірінің сапасы мен стандарттарын елеулі түрде өзгерткен, саяси және экономикалық жүйені жаңғыртып келе жатқан демократиялық мемлекет ретінде мойындайды. Сіздер осы талапқа сай болуларыңыз керек.
Сенат төрағасының пікірінше, Қазақстан Президентінің Гаагада өткен Ядролық қауіпсіздік жө¬ніндегі үшінші Саммитке қатысуы – біздің ел үшін үлкен мәртебе.
– Семей халқы атом бомбасының сынағынан өткен қасірет жоқ екенін біледі, биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңдарының бірі – Семей полигонының жабылғанына 23 жыл толады, – деді спикер.
Жиын барысында ғылыми жобаларға белсенді қатысқан бірқатар студенттер Сенаттың алғыс хаттары мен естелік марапаттарына, сыйлықтарына ие болды.
Бұдан соң Сенат төрағасы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының мүшелерімен және «Жас Отан» жастар қанатының өкілдерімен де кездесті. Партия Саяси кеңесінің бюро мүшесі Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Нұр Отан» активінің алдына партия Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмаларын орындау жөнінде міндеттер қойды.
Сенат төрағасы «СемАЗ» серіктестігінде болып, жүк автомобильдерін, автобустар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын кәсіпорын жұмысымен танысты. Зауыт ұжымымен кездесіп, Елбасының Үкімет пен Ұлттық банкке берген нақты тапсырмалары жайында кеңінен әңгіме қозғады.

Ержан Әбіш,
Раушан Нұғманбекова

Өскемен – Семей.

Осы айдарда

Back to top button