Білім

Ұлттық чемпионатта ұпайымыз түгел

«WorldSkills Kazakhstan – 2019» ұлттық чемпионатынан Шығыстың құрама командасы жеңіспен оралды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында үш күн бойы өткен чемпионатта болашақ мамандарымыздың білім-біліктері сынға түсті.

Осымен бесінші мәрте жалауы желбіреген республикалық чемпионат 38 құзыреттілік бойынша өтті. Облыс құрамасы сапында 13 колледжден 38 студент, Д.Серікбаев атындағы техникалық университетінен бір студент және  «Казцинк» кәсіпорнынан бір маман болды. Үш күнге созылған сайыс нәтижесі ұстаздардың үміті мен сенімін ақтады. Еліміздің барлық өңірінен кіл мықтылар сынға түскен бәсекеде біздің өңірдің командасы 15 медаль олжалап, оның ішінде тоғыз алтын, төрт күміс және екі қола жүлдемен бірінші орынды жеңіп алды. Атап айтсақ, Электротехника колледжінің студенттері Аполон Хорава мен Нұрасыл Әділов – «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша, Андрей Маренков – «CAD инженерлік графикасы», Арман Ұзақов – «Электромонтаждау жұмыстары», Никита Лобанов – «Прототиптеу», Темірлан Серікжанұлы – «Өндірістік автоматика», Исажан Раисов – «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару», Радиотехника және байланыс колледжінің студенті Жайна Қойшыбаева – «Ғаламтор заттары», Семей Құрылыс колледжінің студенттері Еламан Құрманғалиев – «Плиткамен қаптау», Әмірхан Қашқалдақ – «Кірпіш қасбеті» құзыреттілігі бойынша алтын медаль иеленді.

Сонымен қатар Риддер көпсалалы колледжінің түлегі, «Казцинк» ЖШС маманы Владимир Безроднев – «СББ станоктарындағы токарьлық жұмыстар», Электротехника колледжінің студенттері Павел Нестеренко, Азамат Такеев – «Мобильді роботты техника», Бизнес және сервис колледжінің студенттері Данияр Шынтеміров – «Аспаз ісі», Әлижан Тұрсынғазы «Мейрамханалық сервис» құзыреттілігі бойынша облыс құрамасының қоржынына күміс медаль салды.

Ал осы чемпионатта қола жүлдеге қол жеткізгендер санатында Радиотехника және байланыс колледжінің студенті Эдуард Сайфуллин – «Электроника», Семей Құрылыс колледжінің студенті Александр Сычугов «Бояу және әрлеу жұмыстары» бойынша үздік үштіктен көрінді.

Чемпионат жеңімпаздары келер жылы Аустрияда өтетін Еуропа чемпионатына және Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

– Чемпионат қатысушылары теориялық білімдерін тәжірибеде шыңдай түсіп, өздерінің кәсіби шеберліктерін, іскерлігі мен дағдысын көрсете білді. Осы бағытта жүргізілетін жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Болашақ мамандарымызға алдағы әлемдік сайыстарда тек сәттілік тілейміз! – деді жеңімпаздарды құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы.

Бүгінде сұранысқа ие және жоғары білікті мамандарды даярлау бағытындағы «WorldSkills» халықаралық қозғалысы әлемнің 80 елін біріктіріп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыра түсті. Жастардың жарысқа қатысуға деген ұмтылысы да жақсы. Кәсіптік білім беру орталығы директорының орынбасары Ләззат Кездікбаеваның айтуынша, чемпионатты қаржыландыру көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл өз кезегінде құзыреттіліктер мен қатысушылар санын арттыруға мүмкіндік береді. Мәселен, үш жыл бұрын «WorldSkills Shygys» аймақтық чемпионаты алты құзыреттілік бойынша 35 студенттің қатысуымен өтсе, биыл 43 құзыреттілік бойынша 270 қатысушы бақ сынады.

Жастардың беделді жарысқа қызығушылығының артуы кездейсоқ емес. Өңірде студенттердің кәсіби шеберлігін арттыру үшін облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен колледждерді дамыту бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Соның аясында колледждердің материалдық-техникалық базасын «Worldskills» халықаралық стандартына сәйкес жабдықтау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Биыл кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің оқу орындарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, Семей Электротехникалық, Өскемен Жоғары политехникалық және Өскемен Көпсалалы технологиялық колледждері базасында үш құзыреттілік орталығы ашылды. Колледждерді жаңғырту жұмысына әлеуметтік серіктестер де белсене қосылды. Айталық,  «KazMinerals» АҚ компаниясының қаражаты есебінен Өскемен Көпсалалы технологиялық колледжінің құзыреттілік орталығы және Аягөз қаласының Политехникалық колледжінің шеберханалары мен зертханалары қазіргі заманғы техникалармен жабдықталды. 2021 жылдың соңына дейін «Жас маман» республикалық жобасы аясында өңірдің тағы жеті колледжінде осындай орталықтар ашу жоспарланып отыр.

«Worldskills Kazakhstan 2019» чемпионаты шеңберінде «Abilympics» мүмкіндігі шектеулі білім алушылар арасында да кәсіптік шеберлік бойынша сайыс өтті. Сайыстың басты мақсаты – «WorldSkills» қозғалысы негізіндн ерекше білім беруді қажет ететін жастарға кәсіптік шеберлікті дәріптеу.

«Abilympics»  чемпионатында бес облыстан келген мүмкіндігі шектеулі 42 бала графикалық дизайн, бисер тоқу, тігіншілік, шаштараз, флористика, киіз өңдеу, өндірістік автоматика, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберліктерін ортаға салды. «Сәндеу технологиясы» бойынша Өскемен қызмет көрсету колледжінің студенті Әйгерім Байбусинова, «Бисер тоқу» бойынша «Ақ ниет» мектеп-интернатының оқушысы Айым Серікжан алтын медальды жеңіп алды. Ал Шығыс Қазақстан технологиялық колледжі студенті Жансая Тұрысбекова «Сәндеу технологиясы» бойынша қола медальмен марапатталды.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button