Қоғам

Ұлттық брендін қалыптастырғым келеді

Ұлттық брендін қалыптастырғым келеді


Облыста жалындап тұрған жастар жетерлік. Тіпті, олардың ел мүддесі үшін атқарып жатқан шаруаларына қарап, көзің сүйсініп, көңілің толады. Бір қуанарлығы сол, қазір жас кәсіпкерлерді қолдауға үлкен мән беріліп отыр. Таяуда Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да «Zhas project» жобасының қатысушылары бас қосып, өзара тәжірибе алмасты. Оған аймақтың әр өңірінен келген жас кәсіпкерлер қатысты. Солардың бірі – Құмарғали Мұратұлы.

– Студент кезімде үнемі: «Шетелдік өндірушілердің қолынан шыққан дүниені неге өзіміздің елде жасап көрмеске?!» деген ой мазалайтын еді. Ал кейіннен оқу бітірген соң бар күш-жігерімді жинап, жеке кәсібімді аштым. Сөйтіп, етікшілік өнерге бет бұрдым. Мұндағы ең басты мақсат – адал еңбекпен нан тауып, қатарластарымның жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын ояту, – дейді Құмарғали Мұратұлы.

Он саусағынан өнер тамған бұл жас жігіт Зайсан ауданының тумасы. Ол екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтін етікшілік өнерімен айналысады. Бос уақытында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп, олардың аяқ киімдерін тегін жөндеп береді екен.

– Етік жөндеу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ. Ең бастысы, ниет пен шыдамдылық, ептілік керек. Негізгі мамандығым –электр-газ дәнекерлеушісі. Сөйтсе де, қолдан келетін іс болғандықтан, осы кәсіппен айналысуды жөн көрдім, – дейді ол ағынан жарылып.

Талапты жастың бұл талпынысын жергілікті атқарушы билік жерде қалдырмай, қолдау білдіріп, «Zhas project» бағдарламасымен қайтарымсыз несие алуға көмектесіпті. Осылайша, Құмарғали Мұратұлы бір миллион теңге алып, оған кәсібіне қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, іске кіріскен.

– Былғары мен қой жүнін, сондай-ақ етіктің табандарын арнайы тапсырыс беріп, сатып аламын. Мәселен, унтыны тігу үшін 3-4 күн уақыт кетеді, – дейді ол.
Жас кәсіпкер негізінен ер адамдар мен әйелдердің аяқ киімдерін тапсырыспен тігеді екен. Өйткені, енді ғана кәсібін бастаған оған тапсырыссыз өнім шығару пайдасыз. Себебі қазір оның бәсекелестері де көп.

– Базар мен дүкендерді араласаңыз, ондағы заттарды көріп, қызығып кетесіз. Ал егер қаражатыңыз жеткілікті болса, ол жақтан қалаған дүниеңізді сатып алуға болады. Сол себептен мен тек қана тапсырыспен жұмыс істеймін, – дейді Құмарғали Мұратұлы.

Міне, жас та болса, кәсіп ашып, қазіргі нарықтың заңын түйсінген кәсіпкер бірінші кезекте тауардың сапалы, ал бағасының қолжетімді болуына ерекше ден қойыпты. Оның айтуынша, етіктердің ең төменгі бағасы үш мың теңгеден бастап өзіндік шығындарына байланысты жоғарылай береді.

– Ересектерге арналған мәсі үш мың, ал балаларға арналған дәл осындай аяқ киімнің құны 1500 теңге тұрады. Біз өнімнің мұндай түрін қойдың терісі мен жүнінен жасаймыз, – дейді Құмарғали Мұратұлы.

Ал Ұлан ауданы, Таврия ауылынан келген Ақерке Мұхтанова болса, келушілерге қымыз дайындаудың қыр-cырын үйретті. Осы орайда жас кәсіпкердің ұлттық сусындарымызды алыс-жақын елдерге кеңінен дәріптеп жүргендердің жандардың бірі екенін айта кеткен орынды.

– Бала кезімізде үлкендердің тәрбиесін көрдік, үйрендік. Қазір сол асыл әжелерден қалған өнерді өзіміз жалғастырудамыз. Осы ата кәсібіміздің арқасында нанымызды да тауып жеп отырмыз, – дейді Ақерке күліп.

Айтпақшы, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында Ақерке Мұхтанова бастаған топ өкілдері ай сайын он шақты адамға тегін қымыз таратыпты. Басты мақсат – әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға қол ұшын беру.

– Мемлекет тарапынан бір миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат алдық. Оған екі бие мен екі сиыр сатып алдық. Сөйтіп, кәсіп бастадық, – дей келе, ол кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қайтарымсыз несиелер берілді

Облыста «Zhas рroject» жастар корпусын дамыту жобасы аясында 149 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Оған мемлекет тарапынан 265, 7 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл туралы Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өткен жиында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айдар Садырбаев мәлім етті.

Айта кетейік, бұл – Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы. Оған 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар, сондай-ақ табысы төмен студенттер қатысты. Аталмыш жобаның облыстағы үйлестірушісі Серік Жүнісовтің айтуынша, үздік жоба авторларына бір миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген.

Ұлттық брендін қалыптастырғым келеді

– Ең алдымен жобаның шарты бойынша жастарға 500 мың теңге ұсынылды. Оған жас кәсіпкерлер қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Бұдан кейін әрбір қатысушы өз жобасы бойынша алты ай бойы тегін жұмыс істеп, мұқтаж жандарға көмек көрсетті. Кейін барлық талапқа сәйкес жұмыс жүргізген жастарға жарты жылдан кейін қалған ақшасы берілді. Сондай-ақ аталмыш жобаның қатысушыларына алты ай көлемінде шәкіртақы төленді. Мәселен, жоғарғы оқу орнын бітірген жастарға 60 мың, ал орта білімі бар студенттерге 40 мың теңге берілді, – дейді Серік Жүнісов.

Естеріңізге сала кетейік, біздің облыста «Zhas рroject» жастар корпусын дамыту жобасына 470 жас өз жобаларын ұсыныпты. Оның ішінде 149-ы іріктеліп алынған.

– «Zhas рroject» жастар корпусын дамыту жобасы аясында облыс көлемінде 10 спортзал ашылды. Сондай-ақ ерікті жастар тарапынан ұсынылған 14 жоба жүзеге асырылды. Бұдан бөлек өңірдегі барлық ауданда 125 әлеуметтік жоба қолға алынды. Оған мүмкіндігі шектеулі жастардың да қатысқанын айта кеткен орынды, – деді Серік Жүнісов.

Жиын барысында «Цифрлы ауыл» жобасының авторы Өміржан Мұқашев баяндама жасап, «Zhas рroject» жастар корпусын дамыту жобасының аймақтық үйлестірушілеріне алғысын білдірді.

– Бұл жобаны Мақсат Ақанов пен Мақсат Заманбеков сынды жігіттермен бірлесіп, қолға алдық. Бүгінде біз екі мыңнан астам ауыл тұрғындарын интернетпен қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді ол.

Айта кетейік, жігіттер жобаның шартына сәйкес мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа екі компьютер мен принтер сатып алыпты. Бұдан бөлек 470 мың теңгеге интернет қостырған екен.

– Жоба аясында 10 адамды компьютерлік сауаттылыққа үйреттік. Сондай-ақ жоғарғы сынып оқушыларының басын қосып, оларға қосымша сабақтар жүргіздік. Басты мақсат – ауылдастарымызға бар білгенімізді үйрету, – дейді Мақсат Заманбеков.

Бұл жігіттер «Zhas рroject» жастар корпусын дамыту жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін көмек көрсетіпті. Олар әлі күнге дейін әлеуметтік бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, мұқтаж адамдарға көмектесіп тұрады екен.

– Болашақта интернет клубын ашып, жастардың бос уақытын тиімді өткізудің басқа да жолдарын қарастырып көрмекпіз, – дейді Өміржан Мұқашев.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button