Ұлтаралық достықты ту етіп…

Тәуелсіз еліміздің қарқынды даму жолындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын рөлі ерекше. Бұл жөнінде Тәуелсіздік мерекесі аясында облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында «Тәуелсіздігі жарасқан ел – Қазақстан» тақырыбында өткен салтанатты жиын барысында жан-жақты айтылды.
Аталған орталықтың директоры Эльдар Төлеубековтің айтуынша, мұндағы барлық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ақсақалдар мен қоғамдық белсенділер еліміз алғаш тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінге дейін қалтқысыз қызмет етіп келеді. Олар үшін егемендіктің алғашқы жылынан бастап, ұлтаралық достық пен келісім, бейбітшілік бірінші орында тұрды. Сол мақсатта олар облыстағы сан түрлі ұлттардың басын бір шаңырақ астында біріктіруге бар күш-жігерлерін арнады. Бұл орайда облыстық Достық үйінің маңызын ерекше атап өтуге болады. Сондықтан да болар республикада ең бірінші болып, құрамында сегіз этномәдени бірлестігі бар Достық үйі дәл осы Шығыс Қазақстанда ашылды. Оның ашылу салтанатына еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысқан болатын.
– 2020 жылы біздің жұмысымыздың негізгі арқауына айналып, түрлі ұлттардың басын біріктіріп, еліміздің табысты дамуына тың серпін беріп отырған «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның қабылданғанына 25 жыл толады. Тәуелсіздік күні – біз үшін саяси да, тарихи да мәні терең ұлық мереке. Тәуелсіздік жылдарында қазақстандықтар жас мемлекетті бүкіл әлемге танытты. Жұдырықтай жұмылудың арқасында экономиканы қарқынды дамытуға, саяси тұрақтылықты нығайтуға және әлеуметтік бақуаттылыққа қол жеткізуге болатындығын дәлелдеп берді, – деді Эльдар Төлеубеков.
Шығыс Қазақстан облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова атап өткендей, бүгінгі заманауи Қазақстан – экономикасы дамыған, саяси және әлеуметтік жүйесі тиімді жұмыс істеп тұрған, әлемдік аренада жоғары құрмет пен беделге ие мықты мемлекетке айналған. Әр қазақстандық аз уақыт ішінде осындай таңғажайып жетістіктерге қол жеткізген, бейбітшілік пен еркіндік салтанат құрған егемен елде тұрып жатқанын зор мақтаныш етеді.
Салтанатты іс-шара барысында Тәуелсіздік күнінің Тұңғыш Президент – Елбасының есімімен тікелей байланысты екендігі де нақты мысалдармен айтылды. Жиынға қатысушылар Елбасының кемеңгер басшылығының арқасында Қазақстан ұлы да тарихи жолды жүріп өткендігіне тоқталды.
-Достық үйінің қалай құрылғаны, бірлестіктердің жұмысы қалай басталғаны күні кешегідей көз алдымызда. Тұңғыш Президенттің көрегендігі сол – ол ең бірінші орынға адамдарды, адами құндылықты қойды. Алдымен экономика, одан соң саясат қағидасын ұстанды. Ұлтаралық татулықты, конфессияаралық ынтымақты алға қойды. Соның арқасында Қазақстан бүгінгі деңгейіне көтерілді. Бұл өте көрегенді де ақылды қадам болғанын уақыт өзі дәлелдеп берді, – деді Өскемен қаласының Құрметті азаматы, ШҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Лео Шик.
Салтанатты жиын барысында Достық үйіндегі этномәдени бірлестіктер мен шығармашылық ұжымдар өскемендіктер мен қала қонақтарына арнап Тәуелсіздік күніне орай үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырса, тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін фотокөрме келушілер назарына ұсынылды. Сондай-ақ өңірдегі ұлтаралық татулық пен келісімге белсенді үлес қосып жүрген бірқатар этномәдени бірлестіктер марапатталды.
Дәурен Аллабергенұлы