Руханият

Ұлт бірлігінің негізі – біртектілік

Ұлт бірлігінің негізі - біртектілік

Ешбір ғалым осы біртектіліктің үлгісі осылай деп формуласын жасап берген жоқ. Айтылған сөздер көп. Жазылған кітаптар жеткілікті. Қорғалған диссертациялар баршылық. Бірақ солардың бәрі дерлік қазіргі әлеуметтік, қоғамдық, әлемдік институттардың үрдістеріне келгенде нақтылы нәтижелер бере алмауда. Сондықтан қазіргі кезде біртектілік деген осы, осындай үлгі бар, сол тәжірибемен жүрейік деген бір ел, бір мемлекет жоқ. Әрбір ел біртектілік мәселесін өзінің іс-тәжірибесімен, арманымен, үмітімен атқарып анықтауда. Осындай жолға бел шешіп Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ түсіп отыр, ол мақаласында Ұлт жоспары – қазақстандық арман деген. Армандауға әрқайсымыздың құқымыз бар. Қоғамның біртектілігі – арман. Біртектілікті оқырмандар бірден ұғып кетуі үшін мен мынадай қарапайым мысал айтайын. Біздер, қазақ елінің азаматтары, әр түрлі іспен шетелге шығамыз.
Құрамамызда қазақ та, орыс та, кәріс те, татар да бар. Шетелдіктер бізді «қазақтар келді» деп қарсы алады. Түсінікті, бәріміздің төлқұжатымызда Қазақстан Республикасының азаматы деген анықтама бар. Шетел үшін Қазақстан Республикасының азаматы екенсің, яғни «Қазақсың». Геннадий Головкин әлемдік деңгейде үздік жетістіктерге жетіп жүр. Оны барлық жерде «қазақ боксеры» дейді. Басқаша түсіндіру мүмкін емес. Өркениетті елдер азаматтықты біртектілік деп қабылдайды. Ендеше, шет елде азаматтық негізде біртекті болсаңыз, ел ішінде неге біртекті емессіз?! Осы жағдайды қолында қазақ елінің азаматы деген құжаты бар, өзі этникалық қазақ емес отандасымыз түсіне ме, түсінбей ме?! Мәселе қайда? Өзгелермен бірге осы елдің қазынасын пайдаланып отырмыз, біздің әкеміз де, ата- бабамыз да осында өмір сүрді. Я болмаса, «біз осы елге соғыс немесе тың көтеру кезінде келдік. Содан бері тұрып жатырмыз. Біз осы елдің азаматымыз» деп өзін мойындаса, бұл – біртектілікке бастар жол. Алайда, осы мәселеге екі қиыншылық әсер етуде. Біреуі бұрыннан сол этностың өкілі осы қазақ елінде болғанда оның құқы қандай болды? Мысалы, орыс болса, оның құқы жоғары, өзге халық өкілі болса, оның құқы «төмендеу» болды. Соған байланысты этно-психологиялық дағды қалыптасқан. «Мен орыспын, неге мен қазақпын деп айтуым керек?». Не болмаса, «мен татармын, неге мен қазақпын деп айтуым керек?» деген пікірлер бар. Әрине, орыс та, татар да, өзбек те қазақ елінің азаматы болғандықтан, «мен қазақпын» дегенмен, олардың өздерінің этникалық тамырларын ұмытады деген сөз шықпауы керек. Азаматтықты мойындау деген, өзіңнің этносыңды ұмыту емес. Осы жерде мынадай аналогия барлығын айталық. Мысалы, біз қазақпыз дегенде, бәрібір: «Айналайын, қай рудансың?» – деп сұрайды. Қай рудан екенін жаңылмай айтып береді. Руын ұмытқан бір қазақты көрген жоқпыз. Этносқа бөліну де сол руды білген сияқты болып қалса деген ой бар, сонда, біртектілік «қазақ» деген ұғымның төңірегінде топтасар еді, бұл – арман. Қазақстан Республикасының азаматтығы – сізді біртектілікке апаратын арна.
Екінші жағдай, шет елден теріс ақпараттар келуде. «Сен қалай қазақ боласың? Сенің тегің басқа, сен «қазақ» болуға көнбе. Қолыңдағы құжат қана…». Осындай жағымсыз сөздер елімізге ене бастағалы қашан? Мұндай бағыттағы әңгіме Ресей каналдарында айтылып жатыр. Тіптен, «Сендердің құқықтарыңды біз қорғаймыз» дегенге дейін баруда. Қазақ елінің азаматының құқығын қалай басқа ел қорғай алады? Біздің елдегі азаматтардың құқығын біздің Қазақ елінің Конституциясы қорғайды. Заң қорғайды. Парламенті қорғайды. Президенті қорғайды. Бүкіл ел қорғайды. Өйткені, ол – Қазақстан Республикасының азаматы. Оның құқығы осы жерде қорғалады. Басқа жерде қорғалмайды. Міне, осы мәселе де біз үшін – арман. Осындай арманның несі жаман?! Еш жамандығы жоқ. Мысалы, Франция елінде бәрі «біз французбыз», – дейді. Ол араб па, қай елінен келді? Мәселе онда емес, ол ел азаматтығын алса болды. Түркияда да солай. Бірақ, осы мәселені түбін қопарып, қопсытып, әңгімеге айналдырып жатқан әр түрлі пиғылдар бар. Бірақ қазақ елінде, иншалла, біртектілік азаматтық негізде жүруде. Ол іс кімнің үлесінде? Бұл – мемлекеттік, елдік мәселе бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Әр азаматтың өзінің орындайтын міндеті, құқығы бар. Соны түсіндіру керек. Әрбір азамат өзі тұрып жатқан мемлекеттің рәміздерін: әнұранын, байрағын, елтаңбасын, дәстүрін, тарихын, тілін мойындап, құрметтеуге міндетті. Міне, сонда біртектілікке жол ашық. Бұл – бүкіл қоғам болып атқарылатын жұмыс.

***

Біртұтастық деген де айтулы мәселе, Қазақстан қоғамы этникалық жағынан біртекті емес. Ел құраушы қазақ халқы, одан кейін орыс, украин, өзбек, ұйғыр, татар, тағы да басқа халықтардың өкілдері бар. Біз – көп этносты елміз. Қилы-қилы тағдырлардан осындай көп этносты елге айналдық. Енді көп этностарды біріктіру, біртұтас ету – бұл да арман. Осы арманды атқарып жатқан – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі жұмысы – көп этносты Қазақстан қоғамын бір арнаға салып, соның біртұтастығын қамтамасыз ету. Біртұтастықты қамтамасыз ету – нәзік мәселе. Біртұтас дегенде көп этностың мәдениетін, тілін, дәстүрін сақтайтындай жағдайлар жасалуы керек. Этностық ерекшеліктерді жетілдіре отырып, біртұтас халық екенін сезіну қажеттілігі бар. Біртұтастық деген саясатқа айналмай, мәдениет, дәстүр негізінде бірігіп, топтасу – бұл да арман. Осы жұмысты Қазақстан халқы Ассамблеясы жақсы атқарып келеді. Міне, оған жиырма жыл толды. Сондықтан да Қазақстанда жиырма жылдың ішінде этностардың арасында ешқандай қайшылық, қақтығыс болған жоқ. Басбұзарлық барлық халықта, бар жерде бар. Кейде сол басбұзарлықты біреулер «этносаралық қақтығыс» деп айтқылары келеді. Ол – байбаламшылдық. Бұзық адам барлық жерде бар. Оған қолданатын құқықтық жауапкершілік, құқықтық органдар бар, өзге нәрсе іздеудің еш қажеті жоқ. Өйткені, біздің қазақ елінде этностардың арасында көшеге шығып шеру жасаған, бір-бірімен қақтығыс жасаған, я болмаса, саяси партия, әлдеқандай ұйымдар құрушылық болған жоқ, болмайды деп те ойлаймын. Әрине, біздің сыртқы оппоненттеріміз «сондай қақтығыс болса екен» деп тілейді. Бірақ оған қазақстандық арман жібермейді. Неге? Өйткені, көп этностың адамдарының әрқайсысы Қазақ халқының, елінің жақсылығын көріп, мейірмандығын сезген адамдар. Сондықтан қазаққа қарсы шығу деген олардың ойында жоқ.
Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл саяси ұйым емес. Оны саясаттандырудың қажеті жоқ. Келе-келе, жүре-жүре Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениет, өркениеттік институтқа айнала беруі – табиғи жағдай. Ойларыңызда болар, бас кезінде біз әлгі қазіргі этномәдени орталықтарды ұлттық-мәдени орталық деп атадық. Ол біздің сол кездегі түсінігімізге байланысты еді. Бірте-бірте оны этно-мәдени орталықтар деп ауыстырдық. Бұл этностардың қазақ елінде жүріп, өзін еркін сезіну үшін жасалып отырған іс-шара. Ал бұл үрдісті саясаттандыратын болсаңыз, онда өзге мәселелер өрбуі ықтимал. Сондықтан мәдени-өркениеттік, адамшылық, гуманизм негізінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмыстарын нәтижелі жүргізіп жатыр.

***

Біртектілік пен біртұтастық – ел болудың басты шарттары. Ел болу деген сөз елдің бірлігін қажет етеді. Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: « “Ел” сөзінде үлкен біріктіруші күш бар, өйткені, барлық уақытта да туған жер қазақстандықтар үшін ең жақын және өзіне тартушы құндылық болған және болып қала береді» – дейді. Ел, Ел бірлігі дегеннің бірнеше қат-қабаттары бар, оны аса тереңдетпей, бір ғана қабатына тоқталайын. Ел бірлігі деген – қазақ халқына тікелей қатысты мәселе. Қазақ елі дегеннің ар жағында Атамекен, Жерұйық деген идеялар бар. Ел бірлігі неге байланысты? Ол буындардың сабақтастығына қатысты. Сонымен, Ел бірлігі буындардың сабақтастығына байланысты. Мәселені оқырмандар тез қабылдау үшін былай айтайын. Айталық, дастархан басында отбасы түгел жиналдық. Ата буын, орта әке буын және немере буын. Ата. Әке. Немере. Үш буын. Осы үш буын арасында сабақтастық бар ма? Атадан немереге дейін жіп үзілді ме, үзілмеді ме? Дастархан басындағы үш ұрпақ бір тілде «сөйлеп» отырмыз. Бір тілде деп мен тек қазақ тілін ғана айтып отырғаным жоқ. Ұғым тілін айтамын. Атаның айтқаны балаға, баланың айтқаны немереге жетіп отыр ма? Керісінше, немеренің айтқаны әкеге, әкеден атаға жетіп отыр ма? Осы үш ұрпақтың, үш буынның қайсысы дұрыс сөз айтып отыр? Атасы кешегі социализмді, кеңес үкіметін мадақтап, «ол кезде тамаша заман болды» десе, әкесі «нарық болып, заман түсініксіз, қиын болып жатыр» десе, осыны тыңдап отырған немересі не айтпақ. «Мынау қалай болды, атам былай дейді, әкем былай деуде, сонда мына өмір не өмір?» деп түңілсе, не болмақ?! Үш буын бір тілде сөйлеп, түсінісе алмаса, кінә атада. Ол аспаннан түскен жоқ қой, оның да әкесі, атасы болған, жіп сол тұстан үзілді ме? Оның ата-бабалары қалай өмір сүрді екен? Нендей мақсатпен өмір сүрді? Нені армандады? Қазақ елі болуды армандады. Бостандықты армандады. Тәуелсіздікті армандады. Олар кімдер? Сырым Датұлы, Махамбет, Исатайлар еді, Абайлар еді. Тағы да кімдер еді? Батырлар, билер еді, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би. Хандар Абылай, Әбілхайыр, Кенесарылар еді. Ал осындай жайлар айтылмаса, жіп бір кезде қиылған. Енді қиылған жіпті қай жерден жалғайсың? Жіпті жалғау қиын емес. Бірақ оның қай жерде үзілгенін табу қиын. Ол Ата мен Баланың арасында ма, Әке мен Немеренің арасында ма, әлде Ата мен өз аталарының арасында байланыс үзіліп отыр ма? Қазіргі аталар – кеңес үкіметінің кезінде өмір сүргендер. Бұлардың құндылықтары не? Үш буын, үш құндылық. Осы үш құндылық үйлесіп тұр ма? Осылар үйлесетін болса, Ел бірлігі болады. Егер осы үшеуінен үйлесім табылмаса, жағдай ауыр. Қазақстандық арман дегенде осы үш буынның арманы бір ме? Үшеуінің арманы үш түрлі болса немесе біріне-бірі кереғар болса, қайдағы қазақстандық арман?
Біртектілік, Біртұтастық және ел бірлігі орындалса, Ұлттық идея Мәңгілік Елге ұласады. Сонда Мәңгілік Елдің іргесін қалаймыз. Мәңгілік Елге айналудың мүмкіндігін жасаймыз. Мақалада айтылған реформалар табысы – Ұлт бірлігі дейтін ұғым толыққанды боп шығады. Сонда Ұлт бірлігі болады. Ұлт деген этностық мағынада емес, мемлекеттің жоғарғы түрін біз Ұлт дейміз. Сондай Ұлт қалыптасады. Ол Ұлт: біртекті, біртұтас болады, Ел бірлігі түпкілікті орнайды. Бұл үрдіс Ұлттық идея – Мәңгілік Ел идеясына бастайды. Міне, қазақстандық арман дегеннің мағынасы осы. Қазақстандық арман деп Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ айтып отырғандағы мақсаты осы. Егер осы арман мақсатқа айналса, Ұлт жоспары орындалады.

Ғарифолла Есім,

академик, жазушы

Осы айдарда

Back to top button