ҚҰЛПЫНАЙ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРЫП ТҰР

ҚҰЛПЫНАЙ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРЫП ТҰР


Егіндібұлақ ауылынан әрі қарай бес шақырым жердегі Тоқбура телімінде Аққайнар деген бұлақ бар. Қалғұты мен Егіндібұлақтың біраз елі көктем шыға осы қасиетті бұлақ бойын бетке алады. Еңісті ылдилай аққан бастаудың жан-жағындағы құнарлы алқапқа тұрғындар жыл сайын картоп, көкөніс салып, жаздың күнін осында өткізіп жүр. Қалғұтылық Бақытбек Арапбаев та табысын Тоқбурадан тауып отыр. Мұнда ол құлпынай алқабын өсіріп, жеті жылдан бері Егіндібұлақта құлпынай саудасын қыздырып келеді.

БАҚШАДАН АҚШАНЫ КҮРЕП ТАПТЫ

Ал дегенде аз-аздап еккен құлпынайды Бақытбек бірте-бірте көбейтіп, қазір оның алқабын 12 сотықтан асырған екен. Бұрын бір күнде бір шелек жинаған болса, келе-келе күніне бес-алты шелек жинап, сұраған елдің бәріне сатыпты. Аққайнардың суынан, Егіндібұлақтың жерінен өсіп-өніп жатқан алқызыл құлпынайды сатып алмайтын адам кемде-кем бұл өңірде.

Ауыл іргесіндегі Тоқбура сайына табанымыз тигенде күн шайдай ашылып, аспанда шөкімдей бұлт қалмады. Жылдағыдай емес, биыл Егіндібұлақтың да жота, қыраттары жиі жауған жаңбырдан көк торғындай құлпырып, жап-жасыл нұрға тұнып тұр. Төңірегін түгелдей шарбақпен қоршап тастаған құлпынай алқабы да жапырақтарын жайып жайқалып жатыр. Ерте пісетін сұрыптары қып-қызыл болып қызарып та қойыпты. Даланың жұпар ауасына қосылған хош иісі мұрынды жарып барады. «Бісіміллә» деп аузымызға салдық. Адырдың етегінде тұтасып тұрған жасыл алқап түгелдей құлпынай.

Бақытбектің өзінің айтқанындай, үш маусым бойы: маусымнан бастап қыркүйектің аяғына дейін үш қайтара өнімін беріп үлгеретін құлпынай алқабынан бір маусымда 100 шелектен артық жидек жиналады екен. Сегіз литрлік шелегін шамамен 3,5 мың теңгеден саудалапты былтыр. Күніне кем дегенде жеті-сегіз шелек сатып отырған. Ауыл азаматының құлпынай өсірумен айналысқанына сегіз жылдай болған. Жыл өткен сайын алқабы ұлғайып, өнімі молайып, алғашқы жылдардағыдай емес табысы да арта түсіпті. Жидектерді алқап басынан келіп сатып алып кететіндер де бар. Қаланың базарында бауырсақтай болып жалтырап жататын құлпынайдан айырмашылығы бұл өнімдерге ешқандай химиялық қоспалар қосылмаған екен. Күн қызып тұрса, алқап екі-үш күнде қып-қызыл құлпынайға қайта толып қалады. Тоқбураның тоқ жерінде ешбір тыңайтқышсыз Аққайнардың суымен-ақ үлбіреп пісіп, ауызға түсіп жатыр.

Қазіргі күні ғаламтордан бау-бақшаны өсірудің жай-жапсары туралы барлық мәліметтерді көріп, оқуға болады. Жеміс-жидек ексем деп жүрген оқырмандарымыз болса біле жүрсін деп Бақытбектен те жүзім мен құлпынайды өсірудің бабын біраз сұрап білдік.

-Құлпынайға тек қана күтім керек. Суын уақытымен беріп, арамшөбін түгелдей жұлып, жан-жағын тап-тұйнақтай етіп қою керек. Тұтасып өсіп кеткен құлпынай жапырақтарын уақытында өзге жерге көшіріп егіп, өнімнің молаюына мән беру керек сосын. Негізінен құлпынайдың «Гигантелла» сортын өсіріп жатырмын. Оны өзіміздің Орал қаласындағы жеміс-жидек тұқымдарының арнайы базасынан пошта арқылы алып келемін. Тұқыммен бірге құлпынайды өсіріп, баптаудың арнайы кітапшасын да салып жіберіп отырады. Мен құлпынай егейін деп келгендерге жидектердің тамырлы жапырағын сатпай-ақ беріп келемін, – дейді жеті жылда көрген- түйген тәжірибесімен бөліскен бағбан Бақытбек.

Бағбан Оралдағы тұқым базасынан жүзім сорттарын да сатып алып, үйінің ауласына еккен екен. Жапырағын жайып, жемісін төгіп беріпті. Жүзімге де бап керек. Көктемде, күзде артық-ауыс бұтақтарын қиып, өсіп, өнуіне қажетті жағдай жасап, қыста қымтап жауып қою керек.

-Бақытбектің құлпынайын Қалғұты, Ақши, Жылытау, жан-жақтағы ауыл жұртының бәрі алады. Сенсеңіздер сеніңіздер, сенбесеңіздер өздеріңіз білесіздер, былтыр ол осы құлпынайдан әй бір миллион теңгеге жуық табыс тапты. Осы құлпынай алқабының арқасында бәріміз бүлдіргенге қарық болдық. Өзге ауылдардың жастары, үлкендері, қыз-келіншектері осы жігіттен үлгі алса қанеки! Ауыл тұрғындары мал ұстап, егін салып келеді. Енді міне, тұрғындар құлпынай, таңқурай, қара қарақат секілді ауыл, қала тұрғындарының сұранысына ие жеңсік жеміс-жидекті көптеп өсіруді қолға алды. Бұрын аулада ғана өсірген бұл жемістерді бүкіл бақшаға, егіс алқабына егіп жатыр. Бүгінгінің бизнесі болып тұр бұл. Толқын Сағатбаев деген қалғұтылық ауылдасымыз да картоптан күреп ақша тапты. Рабиға Қосаева деген апамыз жастайынан тары, қарбыз егіп, қаз, үйрек өсіріп бала-шағасын сонау 90-шы жылдардың өзінде ештеңеден тарықтырмай осы көкөніспен асырап келді. Мал ұстап, көкөніс егіп, қарап отырмай тер төге еңбек еткендердің қорасы толы мал, қарны -тоқ, кигені – көк, мінгені – көлік. Осы ауылдың тұрғындарының қалада бір-бір үйі бар, – дейді талай жыл Егіндібұлақ ауылында ұстаздық еткен зейнеткер Ғалия-Бану Мункенова 90 үйлі түтіні болған Егіндібұлақтың енді тарап кетудің аз-ақ алдында тұрғанына қапаланып.

ҚҰЛПЫНАЙ САУДАСЫН ҚЫЗДЫРЫП ТҰР

Апайдың алаңдайтын жөні бар, егіндібұлақтықтар өз үйлерінің жанында, ауласында көкөніс, жемісті мұндай бәленбай сотық жерге, үлкен алқаптарға еге алмай отыр. Себебі, ауылда бақша суаратын су жоқ. Ал ел ауызсуды жарқабақта тұрған алыстағы құдықтан тасымалдап ішіп отыр. Ауылдан бір шақырымдай жердегі құдықтан шелектеп, флягтап, бөшкелеп қысы-жазы су көтеріп жеткізу бала-шағаға қандай қиын. Зейнеткер Бану апай егер Егіндібұлақ халқы 50 адамнан кеміп қалса, ауыл таратылып, бұл ауылдың су мәселесі мүлде шешілмей қалар ма екен деп қауіптенеді. Әрине, болашағы жоқ деп танылып, ауыл деген аты жойылса, Егіндібұлақ там-тұмдап бөлінетін бюджет қаржысынан да, басқа қолдаудан да қағылады.

ТЕК ТӨМПЕШІКТЕР ҚАЛҒАН АУЫЛ

Иә, бүгінде Егіндібұлақ ауылында 12-ақ үй бар. Тұрғындардың ұзын саны 50-ден сәл-пәл ғана асып тұр. Мектеп 2008 жылы жабылған соң, 40 шақты отбасы бір-екі жылда бірінен соң бірі жан-жаққа көшіп кеткен. 18 бала ғана оқып жатқан мектепті амалсыздан жабуға тура келіпті.
Ауылға кіре бергенімізде алдымыздан иінағашпен, мотоциклмен шелек-шелек, бидон-бидон су тасып жүрген тұрғындар шықты. Кішкентай балалар да мықшыңдап шелек толы су көтеріп келе жатыр. Сөз басында айтқанымыздай, ауылдың ауызсуы болып отырған құдық ауылдан бір шақырымдай жерде. Алыстағы құдық ала жаздай осылай сабылтып, сорды қайнатып тұр.

-Қыстыгүні ақ қар, көк мұзда, жауын-шашында тайғанақтап, батпақтатып алыстан су тасып ішу мен сияқты зейнеткерлерге, балаларға тіптен қиын. Құриын деп тұрған ауыл деп жағдайымызға қарамай қоймайтын шығар, бір құдықсыз қалдырмайтын шығар деп сенеміз. «Арқа жылы болса арқар ауа ма?» дейді. Жағдай болса ешкім де, ешқайда ауылын тастап көшейін деп отырған жоқ, мінеки. Біздің ауыл жолдың үстінде. Марқакөлге бара жатқандар, Ақ бұлақ, Қаршыға ауылдарының, өзге де ауылдың жолаушылары қысқы боранда біздің ауылды паналайды. Жолды қар алып қалғанда жолаушылар екі-үштен осы ауылдың тұрғындарының үйіне қонып шығады. Ақбұлаққа бара жатқан жолдың біздің тұстағы бөлігін өзіміз кішкене Үміш деп айтамыз, үнемі қар алып қалады. Былтыр, биыл ондай жағдайлар сирек болды. 2010 жылдары үнемі жол болмай қалатын. Әуелі сол жылы соғымымыздың бәрін төрдегі елдің жолаушылары жеп тауысты ғой деймін,- деп әзіл-шынын араластыра сөйлеген Бану апай жастар, ел жағдай болса, ауылдан кетуге емес, ауылға келуге асық екенін жеткізді.

Қалғұты ауылдық округінің әкімі Динара Әбиева Егіндібұлақ ауылына жаңа құдық орнатудың жобалық-сметалық құжаттары әлдеқашан жасалып, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне тапсырылғанын айтты. Бірақ құдық салуға қаражат бөліне ме, бөлінсе қашан бөлінетіні белгісіз.
Қалаға барып такси айдап, әрі кетсе күзетші болып, одан қалса жүк тиеп, пәтер жалдап, жұмыс іздеп жүрген жастар ауылында отырып осылай бау-бақша шаруашылығын, өзге кәсіп көзін тауып, дамытуы үшін аудан басшылығы әр ауылдың жағдайын жасап, мұң-мұқтажымен санасуы тиіс. Ауылдарды жапырлатып жауып, түгелдей таратып жібергеннен қазақтың басындағы жағдай жеңілдемейді.

Бір кездері жаңадан келген мұғалімдерге, ферма мамандарына арналып осы ауылда жылына бір-бір үй салынып, жастарға, еңбеккерлерге беріліпті. 50-ден асар-аспас қана тұрғын қалуы себепті мәртебесінен айырылып, ауыл деген атауы жойылып, таратылғалы отырған ауылдардың қатарында тұрған Егіндібұлақ тұрғындарымен емен-жарқын әңгімелесе жүріп, олардың ойынан, бойынан ауылымыз жойылмай, жайнаса екен, жағдайымызға көңіл бөлінсе екен деген өтініш, тілекті ұқтық, өркендесек екен деген ұмтылысты көрдік. 90 үйдің 80-ні жермен-жексен болып көп төмпешік қана қалған Егіндібұлаққа ел келіп. қайтадан көгерер ме екен?

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button