Лотерея ұтысына қатыса алады
Семейдегі №6 емханаға вакцина салдыруға келушілер лотерея ұтысына қатыса алады. Оларға осылайша өздерін коронавирустан қорғаумен қатар, әртүрлі тұрмыстық техникаларды ұтып алу мүмкіндігі берілген.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде коронавирусқа қарсы вакцинация 1 ақпаннан басталды. Бастапқыда ресейлік “Спутник V” вакцинасы салынды. Енді тұрғындар қазақстандық “QazVac” және БАӘ-де жасалған “Hayat-Vac” вакцинасын таңдай алады.
– Бүгінгі таңда біздің қызметкерлеріміздің 85% – ы екпе салдырды. Жалпы алғанда біздің ауруханада 4400 адам вакцина алды. Індетті вакцина алу арқылы ғана тоқтата аламыз. Ол үшін адамдардың екпе салдырудың қажеттілігін түсінуі маңызды, – дейді Семей қаласындағы №6 аралас типтегі емхананың бас дәрігері Ақтолқын Қаметова.
Халықты вакцинациялауға тарту мақсатында аурухана басшылығы арнайы акция ұйымдастырды. Күн сайын екпе салдыруға келген бірінші адам лотерея билетін алып, қосымша байланыс мәліметтерін қалдырады. Осыдан кейін 10 маусымда аурухананың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде ұтыс ойыны өткізіледі. Жеңімпаздарға микротолқынды пеш, пісіргіш, үтік және тұрмысқа қажетті басқа да заттар сыйлыққа беріледі.
Флора Левина
Семей