Лондон Олимпиадасынан олжалы оралуға үмітіміз бар
Лондонда өтетін XXX жазғы Олимпиада қарсаңында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ айтулы жарыстарда аймақтың намысын қорғап жүрген саңлақтар мен бапкерлерді, жалпы спорт дейтін сиқырлы әлемнің өкілдерін жинап, Шығыс спортының бүгіні мен ертеңі жайында келелі әңгіме өткізді. Алдағы тамыз айында ағылшын жерінде жалауы желбірейтін дүбірлі додада алаштың атынан сынға түсетін шығысқазақстандық спортшыларға ақ жол тіледі.
Алқалы жиынға сонымен қатар Астана мен Алматы қалаларынан келген мәртебелі меймандар – Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов пен республикалық «Бокстан олимпиадалық дайындау орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры, Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов қатысты.
– Соңғы кездері біздің облыс өзінің спорттық әлеуетін толық пайдалана алмай келеді. Өкінішке қарай, кейбір спорт түрлерінен көрсеткіштеріміз төмендеп кетті. Бүгінгі жиналғандағы мақсат – осы кемшіліктерді бірлесе отырып талқылап, олардың шешілу жолдарын қарастыру, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ өңір спортын өркендету үшін жергілікті билік тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.
Рас, қолдау көрсетілмей жатқан жоқ. Бұрынғыдай «ақша жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртетін заман емес қазір. Облыс басшылығы қажетті қаржыны бөлуде, мүмкіндігінше саланың материалдық-техникалық базасын да нығайтуға тырысып-ақ жатыр. Әйткенмен, нәтиже ойдағыдай емес. Айталық, облыс Әкімі атап өткендей, өткен жылы облыстық бюджеттен Өскеменнің «Восток» футбол командасына бірнеше жүздеген миллион теңге ақша бөлінген. Есесіне мұндай қамқорлыққа дән риза болған аталмыш команданың жетекшілері мен футболшылары еліміздің премьер лигасында жемісті өнер көрсететіндіктерін, тіпті, алғашқы алтылық қатарына енуге барын салатындықтарын айтып сендірген. Бірақ бұл уәденің соңы немен аяқталғанын ала доптан хабары бар ағайын жақсы біледі. Сол сияқты хоккейдің де таңы жарқырап тұрмағаны белгілі.
– Шайбалы хоккей біздің облыстағы нөмір бірінші спорт ретінде саналады. Хоккейден еліміздің құрама командасының негізгі ойыншылары біздің жерлестер, мұның сыртында Ресейдің кейбір командаларында Шығыстан шыққан спортшылар ойнап жүр. Тіпті, біздің екі хоккейшіміз ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетеді. Сөйте тұра кейінгі жылдары «Қазцинк-Торпедо» командасы жақсы нәтижеге қол жеткізе алмай жүр, – деп нақтылаған облыс Әкімі өз сөзінде бокс пен күрестің де көрсеткіштері нашарлап кеткенін атап көрсетті.
Мәселен, осыдан тұп-тура екі жыл бұрын республика чемпионатында Шығыстың бес бірдей боксшысы алтыннан алқа таққан. Ал соңғы өткен ел біріншілігінде жалғыз алтынмен шектелдік. Әрине, бұл арада шаршы алаңда жұдырық түйістіруден Лондон Олимпиадасына баратын жолдаманы жеңіп әкелген жерлесіміз Данабек Сужановтың еңбегін айтпай кеткеніміз дұрыс болмас. Дей тұрғанмен, облыстың әлеуеті мен жергілікті атқарушы билік тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмектерді ескерсек, бұдан да биік белестерді бағындыруға шамамыз әбден жетеді.
Аймақ басшысы келтірген деректерге жүгінсек, облысымызда барлығы 2845 спорттық нысан бар. Өткен жылы ғана облыс әкімдігінің тікелей басшылығымен 41 нысан бой көтерсе, ағымдағы жылы Күршім, Абай, Үржар аудандарында тағы бірқатар заманауи ғимараттар салынады. Жалпы, Өскемен мен Семейді айтпағанда, аймақтағы барлық қалаларда және аудан орталықтарында спорттық-сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Соған қарамастан спорттың бұқаралық сипаты әлі күнге рең бермей жатыр.
Жиында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Донбаев өңірдегі спорттың бүгінгі ахуалы жайында қысқаша баяндама жасап, іске асырылып жатқан жұмыстар мен түйіні тарқатылмай тұрған мәселелерге тоқталды.
Одан кейін сөз алған Спорт және денешынықтыру істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары әрі жерлесіміз Елсияр Қанағатов тұманды Альбион елінде тойланатын Олимпиада ойындары алдында әлемдік додада бақтарын сынауға дайындалып жатқан спортшыларға сәттілік тілей отырып, Шығыс спортының мерейін өсіру үшін қандай қадамдарға бару керектігі жөніндегі өз ойымен бөлісті.
– Әуелі облыс басшылығына үлкен рақмет. Осындай шара өткізіп, аймақтағы спорттың проблемаларына бейжай қарамай, дамуына барынша ықпал етіп, спортшыларға барынша қолдау көрсетіп жатқандарыңыз үшін. Иә, Шығыс Қазақстанның спорттық әлеуеті өте зор, жылдарға жалғасқан өзінің жеңісті дәстүрі де бар. Әсіресе, қысқы спорт түрлерінен республикада біздің алдымызға ешкім түсе алмайды. Сондықтан алдағы болатын Ақ Олимпиадаға дайындықты қазірден бастап жүргізе беру керек, – деп сөзін сабақтаған Елсияр Қанағатов кейінгі кездері біздің өңірден болашағынан үміт күттіретін спортшылардың басқа облыстарға кете бастағандығына өкініш білдірді.
Осы орайда астаналық жерлесіміз мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін ең бірінші кезекте «жүзден жүйрік шығар» дүлдүлдердің материалдық жағдайына көңіл аударып, өз ісімен табандап шұғылдануына барлық жағдай жасау қажеттігін еске салды. Одан бөлек алыптардың бәрі ауылдан шығатынын ескерген агенттік төрағасының орынбасары бұрынғы сияқты ауылды жерлерде спорттық нысандар мен интернаттарды көптеп ашу, жасөспірімдерді баулу мәселесін алғашқы орынға қоюды ұсынды.
Бұл пікірді алаштың көк туын Австралия топырағында желбіреткен азаматымыз, Олимпиада алтынын кеудесіне таққан Ермахан Ибраимов та құптады.
– Биылғы Олимпиадаға сіздердің облыстан Данабек Сужанов дейтін дарынды боксшы қатысқалы отыр. Кеше ғана аяқталған Президент кубогы жарысында ол алтын медаль иеленді. Данабектің көрсеткіші күннен-күнге жақсарып келеді. Сәтін салса, Лондонда оның медаль алуға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, елімізде, оның ішінде Шығыс Қазақстанда боксты өркендетуге жақсы жағдай туғызылуда. Өткенде ғана Бердібек Мәшбекұлымен бірге Аягөз қаласында салынған заманауи үлгідегі бокс залын ашуға қатысқан едім. Қазір ол жерде екі жүзден аса боксшылар жаттығып жатқанын естіп, қуанып қалдым. Ендеше, осы игі істерді ары қарай жалғастыра беруіміз керек, – деген Ермахан Ибраимов облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығына жақында ғана тағайындалған Әбіл Донбаевтың келуімен бірге биыл Шығысқа Олимпиаданың жүлдесі де келсін деген ақ тілегін жеткізді.
Сонымен бірге келелі кездесу барысында спорт саласының мамандары өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, ұсыныс, пікірлерін ортаға салды. Олардың қатарында велотректен 2012 жылғы Азия чемпионы атанған А.Лялько, Семей қаласындағы №1 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы А.Мелихов және басқалары болды.
Жиын соңында әртүрлі жарыстарда жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар мен бапкерлерді, сондай-ақ осы салада талай жылдар қажырлы еңбек сіңірген ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Қазақ ырымшыл халықпыз ғой, Данабегіміз ағасы Ермахан Ибраимов құсап Лондоннан алтын жүлде алып қайтсын деген ниетпен «Қазақстан спортының атағын шығарған жоғары спорттық жетістігі үшін» деген облыс Әкімінің грамотасын Сидней Олимпиадасының чемпионына тапсырттық. Данабекпен қатар мұндай мақтауға Сергей Черкасов (суда қайықпен жүзуші), Еркебұлан Қосаев (дзюдошы), Алексей Лялько (велошабандоз), Ербол Қоңыратов (грек-рим күресінің палуаны), Галина Вишневская (биатлоншы) және басқалары ие болды. Бұған қоса шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған балғын хоккейшілеріміз, қысқы спорттан «қырып» жүрген шаңғышыларымыз және Владимир Речицкий, Аман Шарипов, Алексей Наконечный, Василий Васильченко сынды жаттықтырушыларымыз бен Николай Молостов тәрізді аңызға айналған ардагер спортшыларымызға лайықты құрмет көрсетілді.