Қоғам

Әлімхан Ермеков қазақ жерін қалай сақтап қалды?

Әлімхан Ермеков қазақ жерін қалай сақтап қалды?

Биыл «Алаш» ұлттық автономиясының, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Халел Ғаббасов секілді тұлғалардың басшылығымен өмірге келген «Алаш» қозғалысының қазақ тарихында алар орны айрықша. Осы ретте «Дидар» газеті атаулы датаға орай мақалалар топтамасын жариялап отыратын болады. Бүгін оқырман назарына «Алашорда» үкіметінің мүшесі болған, көрнекті қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков туралы дүниені ұсынғанды жөн көріп отырмыз.
Редакция.

Тәуелсіздік алғанына небәрі 25 жылдан енді асқан мемлекетіміз кезінде небір зобалаңдарды бастан кешкені белгілі. Басынан бақ тайған зұлмат жылдарда байтақ еліміздің телім-телім боп бөлшектеніп кеткен жерлерін қайтарудағы алаш қайраткерлерінің тарихтан алар орны ерекше. Солардың ішінде төңкеріс арқылы билікке келген большевиктердің көсемі Ленинмен ел шекарасын межелеу кезінде қазақтың қасиетті жері үшін сағаттар бойы сағы сынбастан пікір таластырған алаш ардагерлерінің бірі – Әлімхан Әбеуұлы Ермеков. Алаш ардақтысының төрт ай бойғы тынымсыз еңбегінің арқасында қазіргі Қазақстанның территориясының негізі қаланған еді.

Потаниннің елімізге келіне түрткі болған

Әлімхан Ермеков 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Бөріктас деген жерде дүниеге келген. Әкесі Әбеу өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған. Бала Әлімхан 1899 жылы Қарқаралыдағы қалалық училищеге оқуға түседі. Мектеп қабырғасында зейінді, алғыр болған Әлімхан үздік бітіріп, 1905 жылы Семейдегі ерлер гимназиясына түсіп, оны 1912 жылы алтын медальмен тәмамдаған соң, Томск технология институтының тау-кен факультетіне қабылданады. Бұл жерде айта кетерлік жайт, Әлімхан бұл жоғары оқу орнына түскен тұңғыш қазақ студенті екен.
Дәл осы оқу орнында Әлімхан орыстың озық ойлы ойшылы Григорий Потанинмен жақын танысып, оның қазақ даласын аралап, зерттеп кітап жазуына түрткі болған. Бірде қарт Потанин жас шәкірттің бойындағы талантын, білімге деген құлшынысын байқап, оған: «Әлімхан, сенің білімің – қазақтың білімі. Сол себепті жақсы оқы және өзгелерді оқыт» – деп, үлкен үміт артады. Осы бір сөз оның жалындаған қайратын тіптен жігерлендіре түскен екен. 1917 жылы Ресейдегі төңкерістен кейін оқуын уақытша тастауға мәжбүр болған жігерлі жас Әлімхан Семей қаласына тұрақтайды. Бұл жерде ол алаш ардақтыларымен етене араласып, сол жылғы 27 сәуір – 7 мамыр аралығында өткен Семей облыстық қазақ съезіне қатысады. Әлімханның саяси іске алғаш белсене араласуы да осы кез еді. Ол нәтижесінде съезд президиумының хатшылығына, одан кейін Семей облыстық қазақ комитетінің мүшелігіне өтіп, шілде айындағы жалпықазақтық съезде Семей облысынан бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутаттыққа ұсынылды. Сол жылы ол желтоқсан айында Орынбор қаласында өткен Алаш партиясының екінші жалпықазақтық съезіне қатысады. Бұл съезде Әлихан Бөкейхановтың төрағалығымен Алаш орда үкіметі жасақталып, Әлімхан Әбеуұлы аталмыш үкіметтің вице премьері және қорғаныс министрі болып тағайындалады. Әрине, сол кезеңдерде Әлімхандай жан-жақты дарын иесінің Алашорда үкіметінің мүшелігіне өтуі таңғажайып жайт емес еді.
1919 жылы Колчактың Сібір үкіметі биліктен кеткеннен кейін Семейде де төңкеріс болып, Ә.Ермекұлы губерниялық-революциялық комитетке мүшелікке сайланып, келесі жылы Қазақстан әскери-революциялық комитеттің құрамына енеді.
Міне, осылайша ол қас-қағым сәтте өзгеріп жатқан аумалы-төкпелі заманда буыны бекімеген жас мемлекеттің ісіне араласып кетеді. Бірақ большевиктер үкіметі тарапынан тегеурінді қарсылыққа ұшыраған Алашорда үкіметінің ғұмыры 1920 жылдың 9 наурызына дейін ғана жетіп, екі жылдан астам уақыт қана жұмыс істейді. Бірақ Алаш орда үкіметі күшпен таратылғанымен, қасиетті алаш идеясынан жүрегі ұлтым деп соққан ешбір қайраткер бас тартпаған еді.

Тамыздағы тарихи баяндама

1920 жылы 18-мамырда Қазақ әскери ревкомның өкілетті коллегиясының төрағасы ретінде небәрі 29 жастағы Әлімхан Әбеуұлы Мәскеу қаласында Лениннің басшылығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде «Қырғыз (Қазақ автономиясы деген түзету тек 1925 жылы енгізіледі, түсінікті болу үшін бұдан әрі Қазақ автономиясы деп жазылады -А.Қ) автономиялы республикасын құру және оның шекарасын белгілеу» деген тақырыпта баяндама жасайды. Негізгі мақсат – болашақтағы автономиялық республиканың құрамына кіретін қазақ өлкесіндегі барлық облыстарды белгілеу және олардың шекарасын анықтау мәселесі еді. Бұл үлкен міндеттің Әлекеңе артылғаны кездейсоқтық емес еді. Себебі, сол кездегі кеңес өкіметі ғалымдарының ішінде қазақ жері жөнінде, экономика, шаруашылық, этникалық құрамы мен мәдени шоғырлануына баға беруде Әлімхан Әбеуұлымен теңесетін маман да, саясаткер де жоқтың қасы болатын. Бұл сапар барысында оған республиканың шекарасын анықтау үшін тиісті құжаттарды жинастыру және декреттің жобасын жасау сеніп тапсырылады. Бүкіл қазақ жерінің тағдыры қыл үстінде тұрған мезетте барша қазақтың аманатын арқалаған Әлімхан Ермеков өзіне жүктелген жауапкершілікті жақсы сезінеді. Оның алдында төрт ай ішінде үлкен міндет тұрған еді. Сол кездегі билік басына келген большевиктер елдің түкпір-түкпірінде болып жатқан көтерілістерден ес жиып, аяғынан тік тұрып кеткенше саяси жағдайларды ұлт мүддесі үшін ұтымды пайдалану керек екенін алаштықтар, әрине, жақсы түсінді. Алаш қайраткерлері большевиктерге «Сендер бізге талап еткен жерлерімізді толық қайтарып, автономия дәрежесін беріңдер, бізге қайтарылған жерлер ешқайда кетпейді ғой. Себебі, Қазақ автономиясының жері – бәрібір кеңес үкіметінің жері емес пе?» -деген дәйекті алға тартумен болды.
Сонымен 1920 жылғы мамыр айындағы Мәскеуде өткен келіссөзден кейін де бірнеше жауапты кездесулер өткізілді. Солардың бірі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды ұлт көсемдерімен бірлесе өткізген 10 тамыздағы отырыс еді.
«Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды. Тек территориялық принципті ұстану ғана ақылға сияды», – деген қарсыластарына дәйекті дәлелдер айтып, теріс пиғылды уезд басшыларын алған бетінен қайтарып, ақыры комиссия төрағасы А.Каменский барлық ескертулер мен ұсыныстарды қорыта келе: «Қазақ республикасын құру – шешілген мәселе, қорытындысы дайындалып, тиісті мекемелер өкімет билігін республиканың басқаруына берудің жолдары қарастырылсын», – деп жариялайды. Сөйтіп, қазақ жерінің мәселесі уақыт жылжыған сайын ширығып келе жатты.
Сонымен тамыз айында Лениннің төрағалығымен болған ХКК-нің осы отырысында Қазақ Автономиялық кеңестік республикасын құру туралы жоба қарастырылатын отырыс басталып кетті. Келіссөзге тас-түйін дайындықпен келген Әлімхан Әбеуұлы болашақ Қазақ автономиясының жері жайлы үлкен баяндамасын бастап кетеді. Сол бір тарихи баяндамадан үзінді келтірсек.
«Қазақстанның шекарасын анықтау барысында мұқым өлкенің этникалық, экономикалық және мәдени ерекшеліктерін ерекше ескеру керек. Егер де қазақтардың дені осы уақытқа дейін көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығын басты кәсіп ретінде сақтап қалғанын назарға ілсек, … онда бұл облыстардың өзара тығыз экономикалық байланыста екені көзге анық көрініп тұр. Сондықтан да Қазақ автономиялы республикасын құру тек солтүстік және оңтүстік облыстардың арасындағы шекаралық тұтастықты сақтаған жағдайда ғана мүмкін әрі нақты өмірлік сипат алады, бұл мәселе керісінше шешілген жағдайда Автономия тіршілік көзінен айырылады. Сонымен қатар, мәдени және экономикалық орталықтар да аралас облыстық құрылымдар (Сібір ревкомы және т.б.) талап етіп отырған территориялардың құрамында қалып қояды. Бұл орталықтарсыз оңтүстік облыстар экономикалық, шаруашылық және экономикалық-мәдени ашаршылыққа ұшырап, тірі өлікке айналады. Осы пайымдауларды ескере отырып, қазақ автономиясының құрамын көрсетілген шекара бойынша бекіту қажет».
Отырыс өте тартысты өтеді. Әлімхан Әбеуұлы өз сөзінде Каспийдің солтүстік жағалауына қазақты қайта қоныстандыру мәселесін көтеріп, Ертіс өзені бойындағы ұлан-ғайыр жер, Семей, Ақмола губернияларын қайтаруды талап етеді. Бұл – аса тағдырлы талап еді. Оның бұл істе жеңілуі – қазақ жерін тілімдеумен пара-пар болатын. Сондықтан да ол жауапкершілік жүгін айқын сезінді. Өзінің шешендігімен де, асқан білімділігімен де көзге түсіп, дәлелді деректерді келтіре отырып сөз таластырады. Бұл отырыста қарсыластары да осалдық танытпаған еді. Қилы пікірлер мен түрлі ұстанымдағы комиссия мүшелерінің отырысы өте тартысты өтеді. Оған мысал ретінде Каспий теңізінің солтүстік жағалаулары қалай да Ресей құрамында қалуын көздеген қарсыластарының: «… қазір Ресейде аштық әлі жүріп жатыр. Атыраудың балығы астанамызға – Мәскеуге, Петроградқа өте қажетті. Сондықтан бұл алқапты РКФСР-де қалдыру керек» – деген уәжіне Әлекең: «… аймақта тұратын халықтың көпшілігін қазақтар құрайды. Бұлардың негізгі кәсіптерінің бірі – балық аулау. Табыс табу үшін бұрын жалданатын, егер бұл жағалау енді өз иеліктеріне көшсе, орталыққа беретін өнімді екі, үш есе арттырады», – деп дәлелді пікір айтады. Пікірталас үстіндегі Әлімхан Әбеуұлының сөздері соншалықты әсерлі шыққанын делегация мүшесі Әлихан Бөкейханов: «Мен, сен сөйлеп отырғанда көтеріліп-басылған жанартаудың үстінде отырғандай болдым. Сөйлегендегі жалының бетімді шарпыды», – деп бағалайды, сол кездегі Сібір революциялық комитетінің өкілі В.Соколов та естеліктерінің бірінде: «Қайратты қара шашы артына қайырылған, келбеті қазақтардан оқшаулау жас қазақ жігіті жалындай шарпып, аса қызу сөйлеп, ораторлық қисынды қабілетімен комиссияның назарын өзіне қаратып алды», – деп жазады.
Осы бір сын-сағаттардағы Әлекеңнің қазақ жерін жанқиярлықпен қорғауының нәтижесінде Каспийдің солтүстік жағалауы, Ертіс өзенінің он шақырымдық бойындағы ұлан-ғайыр жер, Семей, Ақмола губерниялары Қазақ автономиялық республикасының құрамына берілетін болып шешім шығарылады. Осы бір тарихи сәтті Әлімхан Ермеков өз естелігінде: “ …Өзiмнiң табысыма масаттанып, риза болып шықтым. Бiздiң делегация құрамы менің қолымды алып құттықтап жатты. Қарасам, Әлихан Бөкейханов жоқ екен. Бәрiмiз дәлiзге шықтық. Қазақстанның делегация құрамы он бестей адам болатын. Бәрiмiз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен пiкiрлесiп, әңгiмелесiп қалған болатын. Он бес, жиырма минуттан кейiн ол кiсi де шықты. “Сталинге кiру үшiн Сiздi күтiп тұрмыз” – дедiк. Әлихан бізге қарап: “Сталин не шешер дейсiң?! Оның я ойы, я бiлiмi көлемдi емес. Қанша бiр жетiскен жоба бар дейсiң. Олай жасағанша өзiмiз жеке шешкенiмiз дұрыс” деп жүрiп кеттi. Ал Әлихан Ленинге бекiтiлген шекараға тездетiп қол қоюға өтiнiш етiптi, Ленин орындауға уәде берiптi”, – деп жазады.
Уақыт оздырмастан-ақ сиясы кеппеген қазақ жерінің жобасы бірден бекітіліп, яки, 1920 жылы 26 тамыз күні қызылдар көсемі В.Лениннің қол қоюымен Қазақ АССР-ін құру жөніндегі көпті күттірген декрет жарияланған еді.
Жалпы ой талқысына салар болсақ, бұл шекараны мойындау бір сәттің ғана жемісі емес еді. Сол кездегі большевиктік билік Алаш қайраткерлерімен қаншама рет келіссөзге отырып, ақыры олармен санаспауға лажы қалмаған. Халқын соңынан ертер Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков сынды интеллегинциясы бар ұлтымызды өзге бұратана халықтар сияқты оңайлықпен уысында ұстап тұра алмасын сол кездегі большевиктер жақсы түсінді. Ал ұлтының алдындағы ұлы міндетті абыроймен орындап, мақсатына жеткен алаш ардақтысын алда небір қиын-қыстау күндер күтіп тұрған еді.

Ғылым жолында және айдаудағы азапты жылдар

Әлімхан Ермековтің саяси қайраткер ретінде атқарған азаматтық ісі бір төбе болса, қазақ математика ғылымына сіңірген еңбегі бір төбе еді. Ол 1923 жылы кезінде өзі тастап кетуге мәжбүр болған Томск технологиялық институтын бітіріп, геолог-барлаушы инженері мамандығын алып, сонымен қатар ерекше қабілетінің арқасында физика-математика факультетінің дипломын да алып шығады. 1924 жыл Семей губерниялық атқару комитетінің, губерниялық жоспарлау басқармасының, Қазақ АКСР-і Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары сияқты жауапты қызметтерді атқарған ол Қарқаралыда екі сатылы мектеп пен жанында кітапханасы бар педагогикалық техникум ашады. Ал 1926-1928 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақтың жоғары тұңғыш педагогикалық институтында декан міндетін атқарады. Ғылым жолында жүрген Әлекеңнің алаңсыз жұмыс жасауына сол кездегі кеңестік билік өкінішке орай мұрсат бермейді. 1930 жылы алашордашылармен бірлесе отырып, төңкеріс жасамақ болды деген айыппен Мұхтар Әуезовпен бірге абақтыға жабылады. Екі жылдан соң кінәні мойындауына байланысты қапастан босатылған Ермеков ғылымдағы ісін жалғастырумен болады. Ол 1935 жылы 10000 данамен қазақ тіліндегі тұңғыш «Ұлы математика курсы» кітабын, 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздігін жарыққа шығарып, осы еңбектері үшін дәл сол жылы қазақта тұңғыш болып математика ғылымының профессоры атағын алады. Ол кездерде сталиндік қуғын-сүргін белең алып тұрған кезең ғой. Айналдырған жау алмай қойсын ба? Ақыры НКВД-нің үнемі қадағалауында жүрген алаш арысы 1938 жылы Куйбышев қаласындағы жоспарлау институтында кафедра меңгерушісі қызметін атқарып жүрген жерінде «ұлтшыл», «халық жауы» деген жаламен Воркутаға айдалады. 1947 жылы түрмеден босап шыққан Ермековтің 1948 жылы басына тағы да бұлт үйіріліп, қайта тұтқынға алынады.
Осы бір айдауда болған қасіретті жылдарда қиындыққа мойымаған Әлімхан Ермеков адамдық бейнесін жоғалтпайды. Алаш арысының ұлы Мағауия Ермеков әкесі туралы естеліктерінде әкесінің ол жақта қойма қызметкері, айдаудағыларға математика, тарих пәндерінен мұғалім болғандығы, әрқашан көмек сұрағандарға мерзімінен ерте босау үшін заң жүзінде ақыл-кеңестер беріп отырғанын жазады. Ол кісі төңірегіндегілерге үнемі шапағатын тигізіп, көмек қолын созып жүреді. Зор адамгершілігі үшін айналасындағылар оны «Профессор мырза» деп өте құрметтеген екен.
1955 жылы азапты жылдарды артқа тастап, қапастан босап шыққан Әлімхан Әбеуұлы бостандықтағы қалған өмірін ғылым саласына арнап, Қарағанды политехникалық институтында ұстаздық етеді. Арада он бес жыл өткен соң, ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған алаш арысы 1970 жылы 79 жасына қараған шағында көз жұмады.

P.S. Міне, өткен ғасырдың басында Отанымыздың ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Алтай мен Атырау арасындағы шексіз де шетсіз жеріміздің бүтінделіп, біріктірілуіне өлшеусіз еңбек сіңірген, тұңғыш қазақ математикасының терминдер сөздігін жазған, өмірінің 18 жылын жаламен қапаста өткізген біртуар дарын иесінің тағдыры осындай болған еді. Осындай қайталанбас бірегей тұлғаның есімін ұрпақ жадында мәңгі сақтау үшін шырайлы шығыстың бас шаһарында болашақта бір көшеге алаш ардақтысының есімі берілсе деген де тілегіміз бар.

Азамат Құмарбекұлы

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button