Үлкен реформаның алдында тұрмыз
Еліміз үлкен тілдік-лингвистикалық реформаның алдында тұр. Қазақ тілін жаңа латын әліпбиіне көшіруге дайындық жұмыстары басталып кетті десек те болады. Десе де кейбір отандастарымыз «Латын әліпбиіне көшу бізге керек пе?» деген сауал төңірегінде әлі де ойланып, бас қатыруда. Осы орайда облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Latyn alipbii: otkeni men bugini» атты history-микс өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – қатысушыларға латын әліпбиі тарихы туралы кеңінен мәлімет беру, тіл мәдениетіне тәрбиелеу және әлемдік қауымдастықтағы оның маңызын түсіну. History-микске қатысушыларға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Сәния Нұрғалиева латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары туралы кеңінен айтып берді.
2017 жылдың 27-ші қазанында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Жаңа әліпби біздің әлемдік экономикаға кірігуімізге жол ашады. Қазақстан өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, дамуымызға мүмкіндік береді. Сондай-ақ латын әліпбиі түркі тектес елдермен арамызды жақындата түседі, – дейді ғалым.
Шараға жиналғандар сонымен қатар лингвистикалық ойынға қатыса отырып, сөздерді латын графикасымен жазу мүмкіндігіне ие болды. Ал Астана, Алматы, Семей қалаларындағы ең үздік жоғары оқу орындары мен Түркия, АҚШ, Ресей секілді шетелдердегі отандастарымыздың «Жастар: латынға көзқарас» атты бейне-флешмобы шараның маңызын одан әрі арттыра түсті.
Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының актерлері history-микске қатысушылардың назарына өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Ахмет Байтұрсынов бастаған конверваторлар (арабистер) мен Телжан Шонанов бастаған новаторлар (латинистер) арасында туындаған дау туралы театрландырылған қойылымды ұсынды.
– Біз облыстық драма театры актерлеріне үлкен алғыс айтамыз. Олардың аймақ кітапханашыларының назарына ұсынған қойылымы тарихтан сыр шертеді, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының әдіскері Дарья Горбунова.
Осынау шара аймақ кітапханашылары үшін өте пайдалы болғаны сөзсіз.
– Мен бұл шарадан өзіме керекті көп нәрсе алдым. Латын әліпбиіне көшу – бұл өркениеттің көшіне ілесу деген сөз. Ендеше қазақ тілін жаңа әліпбиге көшіруде кітапханашылар көш басынан көрінуі тиіс, – дейді Ұлан аудандық орталықтандырылған кітапхананың қызметкері Бақытгүл Ахмадиева.
Мейрам Екпін