Қоғам

Үлкен Нарында сүт қабылдау пункті бар

Үлкен Нарында  сүт қабылдау пункті  бар


Мамыр айының басында Үлкен Нарын ауылында сүт қабылдау пункті ашылып, Солоновка, Малонарымка және Көкбастау ауылдарының тұрғындары сүтті осы жерге тиімді бағамен тапсырып жатыр.

Аудан әкімінің, ауыл шаруашылығы бөлімінің, ауылдық округтер мамандарының және Өскемен қаласындағы «Молочный экспресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Талғат Мұқановтың бастамасымен Үлкен Нарын, Солоновка және Алтынбел ауылдық округтеріндегі ауылдардың тұрғындары арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде Үлкен Нарында сүт қабылдау пункті ашылып, сүт жинала бастады. Осы жұмыстарды іске асыру үшін Талғат Мұқанов өзі бел буып кірісіп, сүт қабылдау пунктін ашу үшін ауылдарды аралап, тұрғындармен келісім жұмыстарын атқарып шықты. Үлкен Нарын ауылындағы Марат Қонуров басқаратын «Бураново» шаруа қожалығының негізінде сүт қабылдау пункті құрылып, сүт салқындатқыш-танкер орнатылды. Екі сүт тасымалдайтын автокөлік және көлемі 3 тонналық сүт салқындатқыш-танкерді, қондырғыларды сатып алып орнатуға 20 млн. теңге қаржы бөлінді.

– Бүгінгі таңда Солоновка ауылдық округіне қарасты Солоновка, Малонарымка және Үлкен Нарын ауылдық округінің Көкбастау ауылдарындағы сауынды сиыр ұстап отырған тұрғындарымен 12 мамырдан бастап келісім жасалып, сүттің әр литрін 50 теңгеден сатып алудамыз. Жұмыстың жобасына сәйкес, жаздық маусымда тұрғындардан тәулігіне үш тонна сүт жинау жоспарлануда. Егер де сүт қабылдау пункті толығымен күшіне енсе, қосымша тұрақты жұмыс орындары ашылады. Ендігі мақсат – аудан орталығына жақын жерде орналасқан ауылдардағы жекеменшік мал ұстаушылармен келісімшартқа отырып, оларды осы сүт тапсыру жұмысына тарту, -дейді серіктестіктің директоры Талғат Мұқанов. Күнделікті таңертеннен бастап сүт тасымалдайтын автокөліктердің жүргізушілері Жанболат Абижанов және Мұрат Зиядин әзірге бір сүт тасымалдайтын автокөлікпен Солоновка, Малонарымка және Көкбастау ауылдарына барып сүт қабылдауда. Сүт тасымалдауға арналған көлік ауылдардың көшесін аралап, сүт жинайды. Алғашқылардың бірі болып 5-10 литрден сүт тапсырған солоновкалық Татьяна Самсонова және Петр Маликов, малонарымдық Любовь Тұрдыбаева, көкбастаулық Ергүл Сарсекей және Гүлжан Тоқтар ауыл тұрғындары атынан сүт қабылдайтын пункттің ашылуына алғыстарын айтып, ауылға үлкен серпін беретіндеріне сенімді екендерін жеткізді.

Болашақта ауыл тұрғындары мен шаруашылық құрылымдары сүтті сиырлар өсіруді көздеп отыр. Әзірге сүттің 1 литрі 50 теңге болғанымен, бұл малды бағу үшін бір айға төлейтін төлемді артығымен ақтайды. Мысалы, олар қоғамдық табынға косылған 1 бас сиырға айына 1700 -2000 теңге төлейді. Ал орта есеппен күніне әр сиырдан 3-5 литр сүт сауылып, ол 50 теңгеден тапсырылса, бір айда әр сиыр 4500-7500 теңге пайда әкеледі. Осы ретте Көкбастау ауылының тұрғындары тарапынан белсенділік бірден байқалды. Олардың әрқайсысы күнделікті сүт қабылдаушыларға 8-10 литрден сүт өткізуде. Жалпы, шағын ауыл күнделікті 600-ден астам литр сүт тапсыруда. Ал сүт қабылдау жұмысын жандандырған кәсіпкер-басшы Талғат Мұқанов жиналған 3 тонна сүтті Өскемен қаласындағы сүт өңдейтін зауытқа тасымалдап отырмақ. «Егер де сүттің көлемі көбейсе, біз 50 теңгемен шектелмей, бір литр сүттің бағасын тағы көтереміз», дейді ол. Сүт жинау жұмыстарын ұйымдастыруда солоновкалық Гульнара Мергенбаева және малонарымдық Зияш Бектұрғанова белсенділік танытты.

Тұрсынқан Базарбаев
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button