Қоғам

Үлкен Нарында Абайға арналған саябақ ашылады

Биыл Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылында Абай саябағы салынады. Бұл туралы алдағы жаз маусымында атқарылатын жұмыстар жайын хабарлаған аудан әкімі Ренат Құрмамбаев айтып берді.

Көп жылдан бері бос жатқан Абылайхан көшесінің аудан әкімдігінің ғимараты орналасқан тұсы биыл қайта жөндеуден өтіп, саябаққа айналады.

– Биыл Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында көп жылдан бері бос жатқан көше жиегіндегі жер телімін абаттандырып, Абай атындағы саябаққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Орталық көше Абылайхан көшесі болса, оның арғы жағында Абай атындағы көше орналасқан. Негізгі жұмыстар 1 маусымнан басталуы тиіс болғанымен, демонтаждау жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті. Ескі қашалар алынып, үйеңкі ағаштары кесілді. Мердігерге жұмыс барысында алма, шырша ағаштарын шаппай, қоршаған ортаға барынша зиян келтірмеуді тапсырдым. Ендігі кезекте жер тегістеліп, жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмыстары басталатын болады, – деді Ренат Тілеуханұлы.

Саябақты салу жұмыстарының облыс әкімінің шекаралық аумақтарды дамытудың кешенді жоспарына сәйкес іске асырылып жатқанын алға тартқан аудан басшысы нысанға жалпы сомасы 100 миллион теңгенің қаражаты бөлініп отырғанын атап өтті.

– Қазіргі уақытта жергілікті жердің сегіз тұрғыны жұмыс істеп жатыр. Жалпы, 12 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз. Қазіргі уақытта болашақта салынуы жоспарланған жаяу жүргіншілер жолының астын қиыршық таспен толтыру және ескі ағаштардың қалып қойған томарларын жұлумен айналысып жатырмыз. Әзірге жұмыстар тек қолмен іске асырылуда. Оның себебі – бұрыннан өсіп тұрған шыршалардың тамырларын зақымдап алмау, – деді қосалқы мердігер болып бекітілген «Алмұратов ЖК» басшысы Тілеулі Алмұратов.

Құрылыс жұмыстарының шілде айында толық аяқталатынын айтқан ол болашақ саябақтың жалпы аумағы 6800 шаршы метрді құрайтынын атап өтті. Оның үш мың шаршы метрі жаяу жүргіншілер жолы мен демалатын алаңқайларға арналса, үш мың шаршы метрі жасыл желекпен көмкерілмек. Бұдан бөлек, саябақтың айналасы 680 метрлік шарбақпен қоршалады.

– Саябақтың тура ортасындағы кішігірім алаңқайда Абай ақынның тастан қашалған кеудемүсінін орнатамыз. Қазіргі уақытта ескерткіштің эскизін екі фирма дайындап жатыр. Дайын болған соң аудан әкімі бастаған комиссия оны қарап, қай ұнағанын тапсырыспен әзірлететін болады. Сонымен қатар кеудемүсіннің жанына ақынның қара сөздері жазылған тақталарды да орналастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді мердігер.

Азамат Темірбеков

 

 

Осы айдарда

Back to top button