«Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы басталды

Мемлекетіміз үшін мәні зор, маңызы жоғары жобаның басталғанын жуықта Астанада өткен «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» атты республикалық патриоттар форумында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жария еткен болатын.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессесиясына Мемлекет басшысы: «Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін арнайы бағдарлама әзірленуі керек. Ассамблеяның мемлекеттік ішкі саясатты жүзеге асыруға қатысуы – бірқатар жалпы мемлекеттік міндеттерді шешуге үлес қосар еді. Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Үлкен ел – үлкен отбасы» деген акция ұйымдастыруымыз керек», – деп өз ұсынысын айтқан болатын.
Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атты бес институционалдық реформасының аясында, Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асырылмақ.
Жобаның мақсаты – қазақстандық бірегейлікті нығайту, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы негізінде бірыңғай азаматтық бірлікті қалыптастыру. Жоба аясында патриоттық тәрбие басымдықтарын, болашағы біртұтас ұлтымыздың зияткерлік, мәдени және рухани құндылықтарын алға бастыруға бағытталған кең ауқымды акциялар өткізіліп, әлеуметтік жобалар қолға алынатын болады.
Шығыс-Ақпарат