Қоғам

Литвамен алыс-берісіміз артады

Литвамен алыс-берісіміз артады

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ облысымызға жұмыс сапарымен келген еліміздегі Литва Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужаспен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы тауар айналымы мәселелерін талқылап, Шығыс Қазақстанның концессиялық жобалары жөнінде келіссөздер жүргізді.
Жалпы, 2014 жылдың он екі айы ішінде облысымыз бен Литва Республикасы арасында 6,8 миллион АҚШ долларының алыс-берісі жасалып, оның көлемі 2013 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,1 пайызға артқанын айта кету керек. Соңғы жылдары біздің аймақ пен Литва арасында металлургия мен ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы байланыс қарқынды дамуда. Енді өзге бағыттарға да мән беретін кез жетті. Мұны өз сөзінде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ те ерекше атап өтті.
– Өзіңіз білесіз, қазір Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ ел экономикасын әртараптандыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеуде. Яғни, бүгінде біз шикізаттық тәуелділіктен арылу жағына айрықша көңіл бөлудеміз. Облысымыздың металлургиядағы ғана емес, ауыл шаруашылығы мен туризм салаларындағы да әлеуеті зор. Енді соны дұрыс пайдалана білу қажет. Мәселен, біз Шығыс Қазақстанда сүт өндірісін, сонымен қатар, қой өсіру ісін дамытуға бел буып отырмыз. Осы жағынан алып қарасақ, сіздердің елдеріңізден үйренеріміз көп. Сондай-ақ, Литвада балық шаруашылығы өркендегенін жақсы білеміз, сол себепті бұл саладағы тәжірибелеріңізбен де танысуға мүдделіміз, – деген облыс әкімі мәртебелі қонаққа аймақта жасыл экономиканы дамытуға мүмкіндік мол екенін айтып, қазір аталмыш бағытта тиісті шаруалар атқарылып жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде Витаутас Наудужас аймағымызбен танысу барысында Шығыс Қазақстанда туризмді де, ауыл шаруашылығын да, медицина мен білім салаларын да өркендетуге болатынын байқағандығын ерекше атап өтті.
– Расымен де, Шығыс Қазақстан елдегі көшбасшы өңірлердің бірі екен. Мен мұнда тұңғыш рет келіп тұрғандықтан, облыс жайында жан-жақты мағлұмат жинауға тырыстым. Әсіресе, мені аймақта электр энергиясын үнемдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жағы қызықтырды. Облыстарыңызда күн батареяларының пластиналары шығарылады екен. Соңғы жылдары Еуропада электр энергиясын үнемдеу күн тәртібіндегі мәселелердің біріне айналғанын ескерсек, аймақтарыңызбен осы салада байланыс орнатуға айрықша мүдделіміз. Есесіне, сіздермен лазерлік технологияларды қолданудағы тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз, – деді Витаутас Наудужас.
Ол сонымен қатар, бүгінде транзиттік-көліктік ынтымақтастықты дамыту – Қазақстан-Литва өзара қарым-қатынастарының маңызды тармағы екенін де атап өтіп, бұл тұрғыдан еліміздің Шығысы бір емес, екі мемлекетпен шектесетіні ұтымды болып тұрғанын атап көрсетті.
Бүгінде екі ел арасында үш теміржол бағыты ойдағыдай жұмыс істеп тұр. Енді осы және өзге бағыттармен жүзеге асатын алыс-берістің көлемін арттыруға күш жұмсағанымыз абзал, – деді Витаутас Наудужас.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ елші мырзаның ой-пікірін толығымен қолдайтынын айтып, Шығыс Қазақстанға литвалық ғылыми қызметкерлер мен кәсіпкерлерді шақыру жағына көмектесуді сұрады.
– Литва елінің транзиттік-көліктік әлеуеті қаншалықты зор екенін жақсы білеміз. Сол себепті, сіздің осы мәселе жөнінде айтқан ойыңызбен толықтай келісемін. Біздің облыста инновациялық жобалар мен жаңа технологияларға қашан да үлкен қолдау көрсетіледі. Сондықтан заманауи технологиялармен жұмыс істейтін мамандарыңыз болса, бізге келсін, тәжірибелерімен бөліссін, біз оларға жұмыс істеуге бар жағдай жасайтын боламыз. Жалпы, Литва Республикасымен бірқатар салада әріптестік орнатып, нығайтуға дайынбыз, – деген аймақ басшысы елшіге Литва Республикасының бір өңірі мен Шығыс Қазақстан арасында бауырластық қарым-қатынас орнату жөнінде ұсыныс жасады.
Кездесу соңында облыс әкімі Витаутас Наудужасқа аймағымызға келгені үшін алғыс айтып, оған Шығыс Қазақстан өңірі туралы энциклопедияны тарту етті.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button