Экономика

Литва елшісі табиғатымызға тәнті болды

Литва елшісі табиғатымызға тәнті болды

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Витаутас Наудужасты қабылдады. Тараптар арасында екі жақты әріптестік байланыс жан-жақты сөз етілді.

– Біздің облысқа ат басын тірегеніңізге аса қуаныштымын – деді Даниал АХМЕТОВ. – Шығыс Қазақстан еліміздегі ірі өндірістік әлеуетке ие аймақ. Мұнда түсті металлургия, атом саласы жақсы дамыған. Әлемдік титанның 25 пайызы осында өндіріледі. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, жақсы дамыған. Мәселен, сүт өндіруде республикада алдыңғы орында тұрмыз. Қазіргі уақытта отандық өнімді сертификаттап, Қазақстаннан тысқары елдерге шығаруға, нақтырақ айтсақ, Қытай Халық Республикасының ШҰАР аймағына экспорттауға жұмыс істеп жатырмыз.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ шетелдік мейманға Шығыстың әсем табиғаты, туристерді қызықтыратын Катонқарағай, Зайсан, Ұлан аудандарында орналасқан Берел қорғаны, Патшалар жазығы, Ақбауыр ескерткіші, Шіліктідегі алтын адам табылған қорғандағы ежелгі өркениеттің бірегей жәдігерлері туралы да айтып берді. Аталған тарихи орындарды тамашалау үшін жылына оннан аса елден туристер келеді.

Қонақтарға Семей, сондай-ақ, бұрынғы полигон аймағы болған Курчатов қалалары да таныстырылып, ондағы Ядролық парктің қызметінен ақпарат берілді.
Елші Витаутас Наудужас Қазақстан – Литва үшін әріптестік тұрғысында жақын мемлекет екенін жеткізді. Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас сонау 1992 жылдың 15 маусымынан бастау алған. Биыл 25 жыл толмақ.

– Шығыс Қазақстанның аумағына бес Литваны еркін сыйғызуға болады екен. Келген бетте бірінші көзімізге басылғаны қаланың көк шалғынға малынып тұрғаны болды. Ал біз өндіріс пен зауыттарды елестетіп келіп едік. Өскеменнің Сол жағалауында орналасқан этноауылда болдық. Ішін түгел араладық. Алған әсерімізді айтып жеткізу қиын. Оның басшысы Николай Зайцев өз ісіне жан-тәнімен берілген жан екен. Шығыс Қазақстан бізді өндірісімен де, табиғатымен де шынымен тәнті етуде, – деді Витаутас Наудужас.

Сонымен бірге елші Литвада көптеген қазақстандық студенттер білім алып жатқанын, олардың дипломы әлемдік стандартқа сай екенін де айтты. Келесі жылдан бастап литвалық студенттерге де Шығысқа келіп, атом саласында білім алуға мүмкіндік бар. Кездесу соңында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ елшіге естелік сыйлық тапсырды.

Сондай-ақ, кеше Өскеменде Литва Республикасының құрметті консулдығы салтанатты жағдайда ашылды. Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен елші Витаутас Наудужас қатысты.

– Литва Республикасы консулдығының Өскеменде ашылуымен баршаңызды облыс басшысының атынан құттықтаймын. Біздің алдымызда білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылық, туризм салаларында бірлескен жұмыстар бар. Сондықтан бар шаруаның басында консулдық болады деп есептеймін, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

– Астана мен Алматыда, Қарағандыда, Өскеменде литвалықтар көп. Вильнюста, Каунаста, Шауляйда, басқа да қалаларда қазақстандықтар да жетерлік. Жыл сайын 100-ге тарта студент Қазақстаннан, оның ішінде Шығыс Қазақстаннан оқуға келеді. Бүгінгі консулдықтың ашылуы арадағы байланысты одан әрі жақындатып отыр, – деді Витаутас Наудужас.

Елші Витаутас Наудужас Литва Республикасының Шығыс Қазақстандағы Құрметті консулы Ғайнұр Тоқтаровқа Сырты істер министрінің Алғыс хатын тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button