Қоғам

Лиро-эпостық жырларында жүргендей әсер аласыз

Лиро-эпостық жырларында жүргендей әсер аласыз

Орталықта орнынан қозғалмай Орджоникидзелер тұр, ал қала сыртында бой көтеріп жатқан ықшам аудандарды араласаңыз, қазақтың лиро-эпостық жырларында жүргендей әсер аласыз. Қобыланды, Алпамыс, Қозы-Көрпеш, Қыз Жібек, Құлагер көшелері. Қандай керемет!

Лиро-эпостық жырларында жүргендей әсер аласыз

Осы Алматы, Астанадағылардың әлі күнге дейін Өскеменді қазағы жоқ қала деп елестететіні бар. Ойласа ойлай берсін. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін қалаға үдере көшкен ауыл жұрты қазір Ертістің, әсіресе, сол жақ жағалауына көптеп қоныстанған. Қазір бой көтеріп жатқан сол ықшам аудандардың көлемі де күн санап ұлғайып келе жатыр. Қазіргі әңгіме мүлдем басқа.
Ескі Ахмер ауылының іргесіне салынып жатқан үйлер бір жылдары бірен-саран ғана болатын. Қазір қарасаңыз бір көшесі бір көшесіне жалғасып жатқан етегі бар, жеңі бар елді мекендерге айналған. Көшелерінің атауалары қандай десеңізші. Ертөстік, Тайбурыл, Бейбітшілік, Баян сұлу, Ұстаздар, Мерей, Бірлік, Игілік, Достық болып кете береді. Белгілі бір тұлғаның есімімен аталған көшелерінің өзі біршама. Олардың бәрінің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық.
Понтон көпірі мен Ахмер жол қиылысына дейінгі ұзын сонар тас жолдың өзі Тоғас көшесі деп аталады екен. Ал Сәтпаев даңғылы аяқталатын жол қиылысынан Меновное ауылына дейінгі аралық, яғни, тас жол – Жібек жолы көшесі деп аталады.
Ал Қабанбай ескерткішінен ары таман орналасқан Шығыс ауылын аралап көрдіңіз бе? Жаңа ауылдың көше атауларына еріксіз сүйсінесіз. Орталық көшесі Мұстафа Шоқайдың есімімен аталса, келесі көше тұрғындары Ер Жәнібек, Алаш, Сарыарқа, Кетбұға, Шаңырақ, Орда, Шарапат, Нұр-Бесік, Қыран атауларын үй қабырғаларына жарқырата ілген.

Лиро-эпостық жырларында жүргендей әсер аласыз

Енді КШТ немес Күленов кентіне қарай ат басын бұрайық. Тау етегіне қызыл кірпіштен қаз-қатар салынған көпқабатты тұрғын үйлер Молдағұлова көшесі екендігін барлығымыз білеміз. Маңайда Момышұлы көшесі Молдағұловамен қиылысып жатыр. Бұл жерлерде де бой көтеретін тұрғын үйлер болашақтың еншісінде. Ал 19-шағын аудан аталатын жаңа тұрғын үйлер кешенінің барлық сән-салтанатын Карл Маркс бұзып тұр дегені болмаса, мұнда да менмұндалаған көше атаулары жетерлік. Ілияс Есенберлин даңғылы, Көкжал барақ, Уәлиев көшесі, Шәріпов, Майлин көшелері.
Бір айта кетерлігі, Сәтпаев даңғылы, Өтепов, Байбатшин көшелерінің ортасында Комсомол көшесі ғана ескінің көзі болып, өзін ыңғайсыз сезініп тұрған сияқты. Ол да өзгерер, орнына ауыз толтырып айтуға келетін атау берілер.
Орталықтағы «Орджоникидзелер» де жыл санап жылыстап жатқандығын байқауға болады. Есесіне, Қабанбай батыр, Тәуелсіздік даңғылы, Қазақстан, Қайсенов, Әуезов, Серікбаев, Астана сияқты көше атаулары біртіндеп картадан өз орындарын табуда.

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button