Қоғам

Үлгілі жанұялар құрметке лайық

Үлгілі жанұялар құрметке лайық

Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында Елбасының бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының қатысушыларына арналған салтанатты шара өтті.

Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу, отбасы мәртебесін көтеру, адамгершілік құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смит қатысты.

– Отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан әрбір жанұяда әрқашан мейірімділік пен бірлік үстем болуы тиіс. «Мерейлі отбасы» байқауы республика көлемінде өтуде. Бұл байқаудың басты мақсаты – үлгілі жанұяларды насихаттап, жас ұрпақты отбасылық құндылықтарды сақтауға шақыру. Ағымдағы жылы
облыстың аудандары мен қалаларында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына 40-тан астам отбасы қатысты. Соның 18-і ғана облыстық шараға жолдама алып, үздіктер қатарынан көрініп, оларға бағалы сыйлық пен грамота тапсырылды. Енді бір айдан соң аймақ басшысының шешімімен бекітілген облыстық комиссияның отырысында осы қатысушылардың арасынан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысатын жанұя анықталатын болады, – деген Ирина Смит қазірде өңірде отбасылардың игілігі үшін көп жұмыстардың атқарылып жатқанын атап өтті.

– Біздің өңірдегі 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 98 пайызы балабақшамен қамтылған. Бұл – республика бойынша өте жоғары көрсеткіш. Қазіргі күні облысымызда барлығы үш жүзге жуық балабақша мен 500-ден астам шағын орталық бар, – деді Ирина Смит.

Бұдан кейін аудандық және қалалық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды. Ең алдымен сахна төріне Семей қаласының атынан қатысқан Әбілқановтар отбасы мен Курчатов қаласынан келген Мыңбаевтар әулеті көтерілді. «Отан отбасынан басталады» деген қағиданы берік ұстанатын екі отбасы қандай құрметке болсын лайық. Ал еліміздің білім саласына елеулі үлес қосып отырған Үржар ауданынан келген Чараахметовтер әулетінің мұғалімдік жолындағы жалпы еңбек өтілі 114 жылды құрайды екен. Шәкірт тәрбиелеп отырған өнегелі ұстаздар отбасын үржарлықтар мақтан тұтады.

Бесқарағайлық Жұмаділовтер отбасы да ерекше құрметке ие. Әулет иесі Сағындық Жұмаділов Қарабас ауылдық округінде ұзақ жылдар бойы мал дәрігері болып жұмыс істеп келеді. Жұбайы Гүлжан екеуі он бала тәрбиелеп отыр. Жалпы, «Мерейлі отбасы» байқауында топ жарған отбасылардың барлығы да қандай сый-құрметке болсын лайық. Көкпектілік Жанабаевтар, күршімдік Тұрғанбаевтар, тарбағатайлық Құжымановтар, зайсандық Қамшыбаевтар, ұландық Тілейқановтар, жармалық Ахметжановтар, шемонайхалық Сейілхановтар отбасыларының қай-қайсысының болмасын үлгі тұтарлық істері жетерлік. Ең бастысы, олар Отанын шексіз сүйетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін саналы ұрпақ тәрбиелеуде.

Ажар САҒАТБЕКОВА

Осы айдарда

Back to top button