Қоғам

Үлгі етерлік игі бастама көп

Үлгі етерлік игі бастама көп


Облыстық ардагерлер кеңесінің активі өтіп, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі VII съезінің қаулысын жүзеге асыру жайы қаралды. Активке республикалық ұйымның орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев қатысты.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев съезде айтылған міндеттерді орындау мақсатында нақты шаруалар қолға алынғандығын атады.

Оның айтуынша, өңірде 1062 бастауыш ардагерлер ұйымы болса, 224 242 зейнеткер есепте тұр. Олардың 294-і Ұлы Отан соғысының қатысушысы, 119-ы соғыс мүгедегі. Мұның сыртында 25 514 тыл ардагері бар. 1157 адам Ұлы Отан соғысы жылдарында түрлі марапаттармен марапатталған. 3080 адам Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген.

Аймақ ардагерлері қазір ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты қарсы алуға дайындық жұмыстарын қызу бастап кеткен. Қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің жастарды патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелеу бойынша үздік ұйымдастыру жұмыстарының облыстық байқау-конкурстарының ережесі әзірленген. облыстық кеңесте бес тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оларға елге белгілі ардагерлер жетекшілік етеді. Өңірде ардагерлер атқарған шаруалар республикалық «Ардагер айнасы» газетінде, «ШҚО ардагерлері» сайтында, облыстық басылымдарда, телеарнада жиі жарық көріп тұрады.
Жиын барысында Шемонайха аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысы өзгелерге үлгі етілді. Сондай-ақ, осы ауданда орналасқан «Уба» сауықтыру шипажайы жылына облыс бойынша 4500 ардагерді тегін қабылдап, денсаулықтарын жақсартып келеді. Семей қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, Глубокое аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Любовь Романова, Өскемен қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сағынбек Ақанов атқарылған шаруаларды баяндады.

Активте алдағы уақытта «Ардагерлер ұйымы» туралы арнайы заң қабылдау, дәрі-дәрмекпен жеткілікті қамтамасыз ету, полигон аймағында тұрғандықтан, зейнетақыға үстеме қосу, облыстық ардагерлер үйіне жеке ғимарат беру, көлікпен қамтамасыз ету, ардагерлердің мәртебесін анықтау мәселелері көтерілді.
Өмірзақ Озғанбаев Шығыста аға буын өкілдерімен ауқымды шаралардың жүзеге асып жатқанын, олардың бастамалары көп ретте елімізге үлгі екенін, мәселен, «Өскемен титан-магний комбинатының» ардагерлер ұйымының жұмысы жақсы жолға қойылғандығын атады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button