Экономика

Үлгі алатын да, үйренетін де дүние көп

Үлгі алатын да, үйренетін де дүние көп

Жетісулық делегация жұмыс сапарының екінші күнінде облыс орталығындағы алпауыт кәсіпорындарды аралап, өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі жиынға қатысты.

Әуелі меймандарға Үлбі металлургия зауытының жұмысы таныстырылды. Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бастаған топ зауыттың музейінде болып, оның 67 жылдық тарихына қанықты.

-Әлем бойынша жылына 350 тонна ғана берилий өндіріледі. Соның 200 тоннасы АҚШ-та, 30 тоннасы Қытайда, қалған 120 тоннасы бізде шығарылады. Ал тантал дүниежүзінде тек бес елден ғана шығады. О баста қорғаныс мақсатында құрылған кәсіпорын бүгінде ТМД бойынша атом өнеркәсібінің орталығы болып саналады, – деді «ҮМЗ» АҚ басқармасының төрағасы Юрий Шахворостов. Бұдан кейін меймандар зауыттың брінеше цехында болып, түгелдей экспортқа кететін аса бағалы бұйымдардың қалай өңделетінін көзбен көрді.

Аграрлық өңір болып саналатын Алматы облысында соңғы жылдары өнеркәсіп те қарыштап дамып келеді. Бұл туралы Амандық Баталов өңіраралық серіктестікті нығайту тетіктерін талқылаған мәжілісте айтты. Әуелі екі күн бойы қонақжайлық танытып, жаңалықтарымен бөліскені үшін шығысқазақстандықтарға екі миллион халқы бар Алматы облысының атынан алғыс айтқан әкім екіжақты байланыстың қай салаларды қамтитынына тоқталды.

-Ұлы Жібек жолының бойында жатқан Алматы облысы аграрлық өңірден аграрлы-өнеркәсіптік аймаққа айналып келеді. Қытаймен шекарамыз 900 шақырымға, Қырғыз елімен 400 шақырымға созылып жатуы шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізуде. Бізде жүгері мен қант қызылшасының алқабы қайта ұлғайып келеді. Алматы аккумулятор зауыты мен вентилятор зауытының өнімдеріне сұраныс жыл сайын артуда. «Алтынкөл» құрғақ портының да келешегінен көп үміт күтіп отырмыз, – деді Амандық .Баталов.

Өз кезегінде облыс әкімі Даинал АХМЕТОВ те Шығыс Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен хабар беріп, бұл кездесу өткен жылы басталған өңіраралық байланыстың заңды жалғасы екенін атады.

-Шығыс Қазақстан еліміздің атом өнеркәсібі мен түсті металлургия орталығы екенін білесіздер. Біз соңғы уақытта археологиялық жұмыстарға баса көңіл бөліп, үш тұғырлы білім берудің өңірлік бағдарламасын қолға алдық. Ал медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін үш кезеңді бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Халықаралық даму институттарынан 300 млрд. теңгеден астам инвестиция тарту жөнінде келісімдер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өндірісте де жаңғыру жүріп жатыр. Тантал, титан өнімдерін медицинаға пайдаланбақпыз. Бұған дейін біздің қымбат металдар шикізат ретінде арзанға сатылып, дайын қондырғы ретінде өзімізге қымбат бағамен оралатын. Осы жағымсыз тенденцияның жолын кесу міндеті тұр, – деді ол.
20 миллиард теңгенің меморандумына қол қойды

Жиында екі өңірдің белді кәсіпорындарының басшылары да сөз алып, қай салада серіктестік орнатуға ниетті екендерін атады. Көршілес жатқан екі облыстың білім беру, сауда-саттық бағыттағы қатынастары бүгінде өз жемісін беруде. Алматы облысының әкімі біздің өңірден үш тұғырлы білім беру саласында, қаланы абаттандыру бағытында үйренетін дүние көп екенін атады.

-Бұл өңірден үйренетін де, үлгі алатын да тұстарымыз көп. «Жеңіс» саябағының абаттандырылуы көңілімізден шықты. Көше шамдары орнатылған бағаналардың стилі мен сапасы ұнады. Ал орталықтағы субұрқақтан алған әсеріміз тіптен ерекше. Тағы бір байқағаным, бұрын елеусіз қалып келген бұрыштар бүгін көрікті саябақтарға айналыпты. Жалпы, Өскеменнің саябақтар жүйесі «хайтек» стилін үйлесіммен сіңіріпті. Мен осы мәселе бойынша мамандарымызды Еуропаға жіберуді жоспарлап жүргенмін. Сөйтсем, ондай үлгі Өскеменде бар екен.

Еліміздің волейбол федерациясында еңбек еткен адам ретінде Даниал Кенжетайұлының осы спорт түрін дамытуға қосып жатқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді. Жапония, Қытай, Тайланд сияқты Азияның алпауыттары біздің волейболшылармен санасатын деңгейге жеткенін көрдік, – деді Амандық Баталов.
Даниал АХМЕТОВ те Алматы облысына жасаған сапарында Талдықорған қаласындағы Оқушылар мен Жастар сарайына, Орталық спорт кешенге ерекше қызыққанын айтты. Сол кешен негізінде Семей қаласында «Абай Арена» кешені салынып жатқаны да айтылды. Ал туризм бағытында Алакөлдің әлеуетін бірлесіп пайдалануға күш салынбақ.

-Туризм саласында алматылықтардан үйренеріміз көп. Әйгілі Алакөлді қатар жағалап отырғанымыз бен жасалған жұмыстар екі түрлі. Әсіресе, демалыс орындарын ұйымдастыру тұрғысында Алматы облысынан үйренуіміз керек. Талдықорған-Өскемен бағытындағы жолдан бөлек, Үшарал-Достық-Қабанбай бекеттерінің байланысын нығайту арқылы Алакөлге ағылатын туристер санын арттыруға болады, – деді Даниал АХМЕТОВ.

Бұл жиын екі жақтың кәсіпорындары арасында қызмет көрсету және өнім ұсыну бойынша бірнеше меморандумға қол қоюмен түйінделді. Шығыс Қазақстан тарапынан «Казцинк», «Азия Авто», «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны», «КазРосПромАрматура», «Бұқтырма цемент компаниясы» сынды кәсіпорындар енген меморандумның жалпы құны 20 млрд. теңгеден астам.

Жетісулық делегация облыс орталығындағы Комендантка өзенін абаттандыру жұмыстарымен де танысты. Мұнда меймандарға аталмыш өзеннің бір кездері қараусыз жатқан бейнесі мен бүгінгі көрінісі паш етілді. Саябаққа бергісіз етіп абаттандырылған аумақтың әрбір бөлшегі ерекше стильде жасалғанын тілге тиек еткен алматылықтар көргенінің бәрін суретке түсіріп алды.

Үлгі алатын да, үйренетін де дүние көп

-Бізде де осыған ұқсас нысан бар. Тәуелсіздік көшесін бойлай орналасқан. Бірақ мұндағы жұмыстардың ауқымы да, мазмұны да кеңірек екен. Бұл жерден көп дүние түйіп барамыз, – деді Амандық Баталов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button