Тәртіп

Lexus көлігі жалған нөмірмен жүрген

Lexus көлігі жалған нөмірмен Өскемен көшелерінде жүрген. Сонымен қатар жүргізуші жол жүру ережесін бұзғаны үшін үш миллион теңгеге жуық айыппұлын төлемеген.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Буран – 23” экипажы “Қорғау-Сергек” базасын тексеру кезінде “Қауіпті жүргізуші” қосымшасы арқылы жол жүру ережесін бірнеше рет бұза отырып, Сәтпаев даңғылында жоғары жылдамдықпен келе жатқан Lexus маркалы автомашинаны байқаған. Сонымен қатар полицейлер аталған көлікке жалпы сомасы 2 млн 287 мың теңгеге 46 айыппұл салынғанын анықтады.

Сол күні тәртіп сақшылары ЖБО бейнебақылау камераларының көмегімен КШТ ауданындағы үйлердің бірінің ауласында мемлекеттік нөмірі алынған  автокөлікті тапты.

Тексеру барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қаланың 29 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Тексеру кезінде азаматтың жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі бар көлік құралын басқарғаны анықталды.

Жүргізуші ҚР ӘҚБтК –нің 590-бабының 2, 3 және 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта материал сотқа жолданды.

Көлік құралы арнайы айып тұрағына қойылды.

 Кәмал Естай

Back to top button