Қоғам

Левитке «алтын медальді» жанкүйерлер тарту етпек

Левитке «алтын медальді» жанкүйерлер тарту етпек


Біз үшін сәтті басталған Бразилиядағы жазғы Олимпиада ойындарының бел ортасынан асқанда берекесі кетті. Сол баяғы дүбірлі жарыстарға тән қазылардың қаралығы, аяқтан шалу, ұпайын кеміту, жеңісті бұра тарту секілді көпе-көрінеу қиянат спортшыларымыздың бағын байлауда. Әйтсе де әділетсіздікке мойымаған отандастарымыз намысты шабақтап, одан сайын өршелене өнер көрсетуде. Бұйырған жүлделерді алып жатыр.
Баяғыда біреу «Әкесін сабағанды көріп едім, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды бірінші көріп тұрмын» депті ғой. Сол айтпақшы, спорт бәсекелерінде ішінара кездесіп тұратын әділетсіз шешімдерді көзіміз көріп жүрсе де, Риодағыдай масқара бұған дейін Олимпиада ойындарының тарихында болмаған шығар. Несін айтайық, миллиондаған жанкүйер куә.

Қиямпұрыс қиянатқа ұшыраған саңлақтарымыздың дені- боксшылар мен ауыр атлеттер. Былғары қолғап шеберлері Қайрат Ералиев пен Олжас Сәттібаевтан басталған қазылардың қырсығы финалдық кездесуде жасындай жарқылдаған Василий Левиттің де маңдайына ауыр соққы болып тиді.
Естеріңізде болса, Олимпиада ойындарының оныншы күнінде 91 келіге дейінгі салмақта финалға шыққан боксшымыз шешуші жекпе-жегінде ресейлік Евгений Тищенкомен күш сынасты. Осы кездесуде біздің жігіт қарсыласынан анағұрлым басым түсті. Тіпті ресейлікті бір мәрте есеңгіретіп (нокдаун) те тастаған. Жекпе-жек соңынан жарияланған статистикалық деректер, яғни, қос былғары қолғап шеберінің соққыларының көрсеткіші бойынша да озып тұрған едік. Бірақ төрешілердің бүйрегі Тищенкоға бұрып кетті. Сөйтіп, чемпионға лайық өнер көрсеткен Левиттің алтын медалін қазылар дүйім жұрттың көзін бақырайтып қойып ұрлап алды. Осыдан кейін-ақ әділетсіздікке төзбеген шетелдік БАҚ-тар, белгілі спорт сарапшылары мен боксшылар, танымал тұлғалар АИБА-ға (халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы) қарсы сын пікірлерін қарша боратты. Мәселен, WBC және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы Серхио Мартинес «Twitter»-дегі парақшасында: «Менің түсінігімде 91 келілік салмақта Қазақстан боксшысы жеңіске жетті», – деп жазса, ресейлік промоутер Владимир Хрюнов «Левит тек қана алтын медальға емес, Баркер кубогына лайық еді» деп бір-ақ кесті. Спорт шолушысы Энди Кларк әлеуметтік желіде: «Осымен екінші рет Тищенкоға алтын медаль сыйға тартылды. Әлем біріншілігінде Савон сабап еді, енді Левит басым болды. Таң қаламыз», – деген. Ирландия боксшысы Томми Маккарти өз парақшасында «Левит қарсыласын рингте қуып жүріп сабады. Бұл енді жабайылық қой», – деп жанайқайын білдірген. Әйгілі промоутер Лу Ди Белла: «АІБА – мафия! Ұят екен, енді Рио рингінде де кездесті», – деген мазмұнда жазба қалдырды.

Ал әйгілі «Вашингтон пост» газетінде жарияланған мақалада: «Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах та көріп отыр, осы шешім оған да ұнамаған болар» дей келіп, «Левит жекпе-жекті сауатты өткізді. Қарсыласын сабады. Левит айқын басымдық көрсетпесе де қарсыласын жеңетіндей дәрежеде кездесу өткізді», – деп жазды.

Мұны айтамыз, Евгений Тищенконың өзі де, бас бапкері де: «Төрешілер тарапынан қателік кеткен болса кешірім өтінеміз», – деп күллі әлемнің алдында Левиттің мықтылығын мойындағандай болды. Сондай-ақ, британдық букмекерлік контор Виталий Левиттің финалдағы жеңісіне бәс тіккен өз клиенттеріне төрешілер кесірінен ұтылып қалса да ұтысты төлеп беруге дайын екендіктерін білдірген.

Ал қазақстандық жанкүйерлер болса, Рио төрінде атой салған Левитке «алтын медаль» жасап беруді шешті. Танымал блогер Ғалым Байток көтерген бұл бастаманы көпшілік қызу қолдап, қаражат жинауға кірісіп кетті. Оның айтуынша, Өскемендегі Теңге сарайы мұндай медальді алтыннан аптап беруге дайын. Оның құны 1 миллион теңгеге шығады екен.

Айтпақшы, мұндай жағдай тарихта болған. 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиадада АҚШ-тың әйгілі боксшысы Рой Джонс финалда қарсыласын жеңгенімен төрешілердің бұра тартуынан күміс медаль алып қалған. Сол кезде АҚШ билігі оған «алтын медальді» өздері жасатып, салтанатты түрде табыс еткен-ді.
Бұған қоса Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Құлыбаев күміс жүлдегер Василий Левитке алтын медаль үшін берілетін 250 мың доллар сыйақы табыс етілетінін мәлімдеді.

Қысқасы, алтын медаль мен атақты ресейлік боксшы иеленсе де бүкіл әлем жұрты нағыз чемпион қазақстандық Василий Левит екенін мойындады.
Әділетсіз қазылар ауыр атлеттеріміздің де аяғына тұсау салды. 105 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Александр Зайчиковтың серпе көтеруде бағындырған 227 келісі басында есепке алынғанмен артынан төрешілер шешімдерін өзгертіп тастады. Соның кесірінен отандасымыз күміс жүлдегер атану мүмкіндігінен айырылып, қола медальді қанағат тұтты.

Осы бәсекеде қоссайыс қорытындысы бойынша 431 келіні еңсерген өзбек спортшысы Руслан Нуридинов топ жарды. Бұған дейінгі жарыстарда қазақстандық Илья Ильиннің көлеңесінде жүретін өзбек жігітінің бағына қарай белгілі себептерге байланысты біздің супержұлдыз Рио Олимпиадасына қатыса алмай қалған. «Ит жоқ кезде шошқа үреді» деп қазекем осындайда айтқан шығар.

Ендігі үмітіміз финалға шыққан боксшыларымыз Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовте, жартылай финалға жолдама алған Иван Дычкода. Төрешілер тартып алған жүлделерімізді осы жігіттер қайтарар деген үміттеміз.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button