Журналистік зерттеу

Әлеуметтік желіні төрт түрлі мақсатта қолданады

Әлеуметтік желіні төрт түрлі мақсатта қолданады


Қазір екінің бірі ұялы телефонға телміріп, әлеуметтік желілерге тәуелділік дертіне ұшыраған. Жер бетіндегі адамзат атаулының телефонсыз таңы атып, күні батпайды десек қателеспейтін шығармыз. Біз бүгінгі журналистік зерттеуімізде «Бұл ғасыр дертінен қалай айығуға болады? Халық арасында «Соткасыз адам соскасыз баламен тең» деген ұғымның пайда болуына не себеп?» деген сауалдардың жауабын іздеп көрдік.

Онлайнда танысқан жастардың жауапкершілігі төмен

Бүгінде еліміздегі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың 80 пайызы түрлі әлеуметтік желілерде тіркелген. Өкінішке қарай, сол жасөспірімдердің ғаламторда кімнің жетегінде жүргенінен ата-аналары мүлдем бейхабар. Әрине, «балам ештеңеден тарықпасыншы» дейтін ата-ананың жұмыстан қолы босамайды. Десе де, балаңыздың кіммен араласып, бос уақытында немен айналысып жүргенін қадағалау – ата-ананың басты парыздарының бірі екенін естен шығармағанз абзал.

Жасын да, жасамысын да «тәуелділік» дертіне ұшыратқан әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны туралы жан-жақты зерттеген әлем ғалымдары көп жағдайда виртуалды өмірдің соңы қайғы мен өкінішке әкеліп соғатынын дәлелдеді. Мәселен, дүниежүзі бойынша жыл сайын 100 жасөспірім ғаламтордағы жазбасы үшін өз-өзіне қол жұмсайтыны анықталған. Осылайша, әлеуметтік желіге байланған жастардың өмірі қыршыннан қиылуда. Қазір әлемдегі жеті миллиардтан астам халықтың 42 пайызы бос уақытын телефонға телмірумен өткізеді екен. Ал әрбір секунд сайын кем дегенде сегіз адам «Фейсбук», «Вконтакте», «Твиттер», «Мой мир» сияқты тағы басқа желілерге тіркеледі. Бұл дерек көздері халықтың әлеуметтік желінің жетегінде кеткенінің бір көрінісі.
Әлеуметтік желілерде тіркелген адамдар жеке аккаунтын төрт түрлі мақсатта ашады екен. Біріншіден, танысып, уақыт өткізу үшін болса, екіншіден, онлайн ойындарды ойнауға бола қолданатын көрінеді. Ал үшінші топтағы адамдар күнделікті қызметке қажетті құжаттарын электронды поштаның көмегімен жіберіп, уақыт үнемдеу үшін пайдаланады. Төртінші санатқа интернеттің көмегімен сауда-саттық жасап, жеке бизнеспен айналысатын адамдарды жатқызды мамандар.

– Әлеуметтік желінің кесірінен әрбір үшінші отбасылық жұп ажырасып тынады. Себебі, уақытының көбін ғаламторға сарп еткен адамдардың отбасына көңіл бөлетін уақыты жоқ. Соның салдарынан, жанұяда ұрыс-керіс басталып, жастар екі жаққа кетіп тынады. Сондықтан отбасындағы береке-бірлікті сақтап, балаға дұрыс тәрбие бергіңіз келсе, телефонға тәуелділіктен бас тартқан абзал. Осы орайда, әлеуметтік желіде танысқан қыз бен жігіттің онлайндағы кездесуі жөнінде де бір ауыз сөз айта кеткім келеді. Неліктен онлайнда әдемі болып көрінген арумен кездескен жігіт кейін хабарсыз кетеді? Өйткені, фотошоптың көмегімен бет әлпетін әдемі етіп көрсеткен бойжеткеннің шынайы өмірдегі келбеті мүлдем басқаша болып шығады. Бұдан бөлек, онлайнда танысқан жастардың жауапкершілік сезімі төмен болады, – дейді психолог маман Меруерт Башикова.

Ғаламторды күніне 1,5 сағаттан артық пайдаланатын адамдар басқа жандармен салыстырғанда депрессияға жиі түседі екен. Тіпті, олар ешқандай хабарлама келмесе де, 15 минут сайын жеке аккаунтына бірнеше мәрте кіреді. Ал күндіз-түні телефонды жанынан тастамайтын адамдардың 90 пайызына вибрацияның дауысы естіліп тұрады екен. Негізі, дәрігер мамандардың ұсынып отырған тұжырымына сүйенсек, телефонға телміріп отырудың соңы бас пен арқаның ауруына, ұйқының бұзылуына, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдары ауруларының туындауына әкеліп соғады.

– Осыдан екі жыл бұрын «интернетке тәуелділік» дертіне шалдықтым. Ол кезде күніне екі-үш рет ғаламторға суреттерімді жүктемесем, бірдеңе жетіспейтіндей көрініп тұратын. Тіпті, таңның атысынан кештің батысына дейін телефонға телміріп отырғандықтан үйдің де шаруасы істелмей қалатын. Содан уақыт өте келе жақындарыммен де қарым-қатынасым бұзылды. Менің осындай халге душар болғанымды көрген анам психолог маманның қабылдауына апарды. Сөйтіп, білікті маманның көмегімен бұл дерттен айықтым. Қазір ұялы телефонды тек жұмыс бабымен ғана қолданамын, – дейді Салтанат есімді бойжеткен.

Қазір еліміз бойынша «лайкқа тәуелділік» дертіне ұшыраған қыз-келіншектердің 78 пайызы «Инстаграм» желісіне тіркелген. Ал соңғы жылдары түрлі оқиғаларды талқыға салып, салмақты пікір алмасатын ортаға айналған «Фейсбукті» 125 800 қазақстандық пайдаланады. Сондай-ақ, «Мой мир» желісінде 150 мыңнан астам адамның жеке аккаунты бар болса, «Твиттерді» 16 600 адам белсенді түрде қолданады. Өкінішке қарай, бүгінде әлеуметтік желілерді пайдалатын зейнеткерлердің қатары жыл санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Мақыпжамал Базарханова.

– «Одноклассники» желісінде тіркелгенмін. Онда құрбыларыммен хат-хабар алмасып тұрамын. Сонымен қатар, ватсап арқылы да бір-бірімізге фото, видео жібереміз. Меніңше, орнымен қолдана білген адамға интернеттің пайдасы көп. Мысалы, немерем қазір осы ғаламтор арқылы сауда-саттық жасаумен айналысады, – дейді зейнеткер.

Интернет арқылы табыс табуға болады

Әрине, қолынан іс келетін адамға ғаламтордың берер пайдасы көп. Қазір «Инстаграм» мен «Фейсбук» әлеуметтік желілері арқылы жарнама жасап, айына 200 мыңға дейін табыс тауып жүрген жастар бар. Солардың бірі – Сандуғаш Қыдырбаева. Кәсібінің несібін үйден шықпай-ақ көріп отырған ол мерекелік торттарды пісіріп, сатумен айналысады. Күніне 20-30 мың теңгеге дейін қаражат табатын Сандуғаштың айтуынша, оған тапсырыс берушілердің дені «Инстаграм» желісінің қолданушылары.

– Әлеуметтік желіні тек жарнама жасау үшін ғана пайдаланамын. Негізгі мамандығым – аспаз. Сондықтан маған түрлі мәзірдегі тағамдарды дайындау еш қиындық туғызбайды. Болашақта тәтті-дәмділерді сататын шағын кондитерлік цех ашуды жоспарлап отырмын, – деген Сандуғаш қазір үш жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты үйде отырғанына қарамастан жолдасына қаржылық жағынан масыл болғысы келмейтінін айтты.

Ал фрилансер ретінде жұмыс істеп жүрген Ерасыл Мейіржановтың айтуынша, ол бір айда кем дегенде 60 мың теңгеге дейін қосымша табыс табады.
– Тұрақты жұмысым бар. Бірақ бос уақытымда ақпараттық-жарнамалық мазмұндағы мәтіндерді жазумен айналысамын. Тапсырыс берушімен ғаламтор арқылы байланыс орнатуға «Weblancer.net», «Acula.org» сынды сайттардың әкімшілері қолдау көрсетеді. Меніңше, интернетті пайдаланудың тиімді тұстары көп. Мәселен, ғаламтордың көмегімен үйден шықпай-ақ, коммуналдық төлемдерді төлеуге болады. Егер банкте кезек күтіп шаршағыңыз келмесе, олардың онлайн қызмет түрлерін де пайдалана аласыз. Ол үшін алдымен ұялы телефоныңызға немесе компьютеріңізге қажетті бағдарламаларды орнатып алу қажет, – дейді Ерасыл Мейіржанов.

Қазір оқушылар мен студенттер «Вконтакте» және «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желілерде қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды талқылайтын группаларды ашып, үлкен аудитория жинап алған соң, интернет дүкендермен серіктестік орнатып, олардың тауарларын жарналамалау арқылы табыс тауып жүр. Мәселен, «Инстаграмдағы» «Ztb» және «Xaxa show» сияқты парақшалар да жарнамаға тапсырыс беру үшін кем дегенде 100 мың теңге төлейді екенсіз. Әрине, ретін тапқан адамға табыс көзін әкелетін интернеттің жақсысын үйреніп, жаманынан жиренгеніңіз абзал. Десе де, бүгінгідей нарық заманында ғаламтордың игілігін пайдаланып жүрген азаматтардың бұл ісі құптауға лайық.

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, қазір елімізде төрт миллионға жуық қазақстандық «интернетке тәуелділік» дертіне шалдыққан. Ал олардың бұл дерттен айығуы үшін не істеу керек? Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, бізге балалардың бос уақытын қызықты өткізуге көмектесетін арнайы орталықтар қажет.

– Ұлым мен қызым қатарластарынан қалмасыншы деп соңғы үлгідегі телефон мен компьютерді алып берген ата-ана баласының интернетте кіммен араласып, бос уақытында не істеп жүргенін де білмейді. Себебі, олардың жұмыстан қолы босамайды. Ал балаға көңіл бөлінбеген жағдайда, ол өз-өзінен тұйықталып, ашуланшақ болып кетеді. Кейде жасөспірімдер үлкендермен ішкі сырын ақтарып, әңгімелесейін десе, ата-анасының қолы тимей қалады. Соның салдарынан, баланың санасында: «Ата-анам мені жақсы көрмейді» деген түсінік қалыптасып, отбасында өзін жалғыз сезінген жасөспірім әлеуметтік желінің шырмауына түсіп қалады. Сөйтіп, мұның соңы жақсылыққа апармайды, – дейді Меруерт Башикова.

Түйін: Виртуалды әлем мен шынайы өмірдің арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Сондықтан әлеуметтік желінің әлегімен жүремін деп, отбасы мен туған-туыстарыңызға көңіл бөлуді ұмытпаңыз.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button