Әлеуметтік қызметкерлер күні тойланды

Әлсізге күш беретін, мүмкіндігі шектеулі жанға жағдай жасауды абыройлы іс көретін, ешкімнің қайғысына көзжұмбайлықпен қарамайтын, осынау мейірімге толы жүрек иелері өздерінің мерекелерін атап өтті.
Металлургтер мәдениет сарайында Өскемен халқына әлеуметтік қызмет көрсетіп келе жатқан «Үлбі» орталығы, жұмыспен қамту орталығы, «Өмірлік қиын жағдайларға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығы» сынды бірнеше мекеме өзара өнер жарыстырды. Үш кезеңнен тұратын бұл байқауға төрт топ қатысты.
Одан бұрын осы саладағы еткен еңбегімен көзге түскен қызметкерлерді марапаттап, қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының бірінші орынбасары Майраш Шайзадақызы құттықтау сөздер сөйледі.
– Бұл – өте жас мейрам. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ қоятын, жай ғана тыңдамай, әмәнда қол ұшын созатын періште пейілді жандарға арналған тамаша мейрам. Олар жасай берсін, алға баса берсін деп тілейміз біз, – дейді О.Булавкина.
Байқаудың алғашқы кезеңі – хор, кейінгісі – әнді жеке дауыста шырқау, ақырғысы топтық би жарысы болып белгіленді. Бірінші белесте жұмыспен қамту орталығы қазіргі жастар арасында хитке айналған Ерке Есмаханның орындауындағы «Қайда?» әніне басты. Хордың табиғатына біраз нұқсан келсе де, «Өскеменде бар, Семейде де бар, бар!» деп сөзін өзгертіп айтып, өздеріне әдемі жарнама жасаған олар көрерменді еліктіріп, қызық-тамашаға бөлеп, жарысты жақсылап бастап берді. Сол көтеріңікі көңіл кештің соңына ұласып, бір мысқал төмендемей жетті.
Нәтижесі төмендегідей болды. «Үздік хор ұжымы» аталымын – «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ, «Үздік вокал» аталымын – «Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ, «Үздік би» аталымын – «Үлбі» халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ иеленді. Ал «Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталық» КММ «Шабыт» аталымын иеленді.
«Өскемен қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ-нің басшысы Мәулихат Жақсылыққызының сөзімен кеш түйінделді.
– Бүгін тек қана бәсеке болған жоқ, осы салада жүрген баршамызға той болды. Еткен еңбектеріңіз үшін ризашылық білдіре отырып, осы қызметтің суығына тоңып, ыстығына төзіп, аянбай еңбек қылған сіздерге жеміс тілейміз! – деді М.Жақсылыққызы.
Тасқын Болатұлы