Әлеуметтік серіктестіктің көкжиегі кеңейе түсті
Қалбатау ауылында өткен жылды қорытындылап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындаған аудандық кәсіпкерлер форумы өтті. Форум аясында Жарма өңіріндегі ірі кәсіпорындардың басшыларымен әлеуметтік серіктестікті дамыту жөнінде меморандум жасалды.
Дәстүрлі форум жұмысының алдында өңірде өндірілетін өнімдердің жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде нан өнімдерінен бастап, құрылыс материалдары және өзге де бұйымдарға дейін шығарылды.
Көрмені тамашалаған аудан әкімі Нұрлан Сыдықов, кәсіпорын басшыларымен, жеке кәсіпкерлермен жақын тілдесіп, алдағы жұмыс жобаларымен танысты.
Форумда аудан әкімінің орынбасары Сергей Брынзов, Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған міндеттер Жарма өңірінде нық қадаммен жүзеге асып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ, жиында күн электр станциясы жобасын қолға алған «Жангиз Солар» ЖШС-нің директоры Данияр Ситенов, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Дастан Мұхаев және басқалары баяндама жасап, қорытынды сөзді аудан әкімі Нұрлан Сыдықов сөйледі.
– Сіздер өз кәсіптеріңізді игере жүріп, жалпы халықты жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыздар. Тек «Қазақ цемент» цемент зауыты 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етсе, «Бақыршық» кен орны жаңа фабриканы іске қосқанда, шамамен 700-дей адамды жұмысқа тартпақ. Жалпы атқарылып жатқан және қолға алынған жұмыстарды саралай отырып, ауданның негізгі экономикалық өзегі болып табылатын ауыл шаруашылығы саласынан түсетін өнім көлемінен тау-кен саласының үлесі артарына сенім мол, – деді аудан басшысы.
Жиын соңында өткен жылдың үздіктері жарияланып, лайықты марапат иелеріне салтанатты түрде дипломдар мен 100 мың теңге сыйақының сертификаттары табысталды. Марапатқа ие болғандар қатарында Гүлнар Атабаева Қанат Бейбітов, Шынар Жұмашева, Ляйля Жекенова, Арайлым Әбдірахманова, Халел Садуев, Үкіжан Даутова, Марал Тұрсынғазина сынды жеке кәсіпкерлер бар.
Ал ірі кәсіпорындар арасында «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны», «Қазақ цемент», «Жангиз Солар», «Георгиевка сорғы жабдықтары зауыты», «Жарма Құрылыс Газ» секілді жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің еңбегі жоғары бағаланды.
Форумның соңында аудан әкімі Нұрлан Сыдқов іргелі кәсіпорын басшыларымен әлеуметтік серіктестік негізіндегі екіжақты меморандум жасасты. Айталық, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Юрий Овчинников 20 млн. теңге меморандумға қол қойды. Екіжақты ымыра негізінде кәсіпорын Әуезов кентінің әлеуметтік әлеуетін көтерумен қатар, мектеп түлектеріне жоғары оқу орындарында оқуы үшін грант бөліп отыр. Кәсіпорын қаржысына білім алған мамандар алдағы уақытта осы орында тұрақты жұмыс істейтін болады. Яғни, бұл – екі жаққа да ұтымды жоба.
Сондай-ақ, әлеуметтік серіктестік негізінде «Интер Гол Капитал» ЖШС 10 млн. теңге, «Шалабай» ЖШС 8 млн. 450 мың теңге, «АС Горняк» ЖШС 6 млн. 100 мың теңге көлемінде және басқа да серіктестіктер қомақты қаржылай көмек көрсету жөнінде меморандумдарға қол қойды. Жалпы алғанда, ауданның 11 ірі кәсіпорнымен жалпы құны 63 млн. 227 мың теңгені құрайтын ынтымақтастық құжат қабылданды.
Мейірхан Оспанбаев
Жарма ауданы.