Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

Облыстық мәслихаттың кезекті ХХV сессиясында 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы мәселе қаралып, сессияның жұмысына қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов жергілікті бюджет шығындарының барлығы да Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандарды жүзеге асыруға бағытталғанын, оның ішінде әлеуметтік салаға басымдық берілгендігін атап көрсетті.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Ұлақованың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, облыстық бюджетке түсімдердің жалпы көлемі 2019 жылы 293,2 млрд, 2020 жылы 247, ал 2021 жылы 219,9 млрд. теңгені құрамақ.
Келер жылға бюджеттік түсімдер биылғы деңгеймен салыстырғанда 32,3 млрд теңгеге артық болмақ. Оның ішінде облыстық бюджеттің меншік кірістері 4,7 млрд, бюджеттік несиелерді өтеу 6,7 млрд, республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер 20,1 млрд, жәрдемқаржы 800 млн. теңгеге артпақ.
– Меншік кірістер бойынша облыстық бюджет болжамы 2019 жылға биылмен салыстырғанда 113,6 % өсіммен 39,1 млрд теңгеге анықталып отыр. Сәйкесінше, 2020 жылға – 39,3, 2021 жылға 40,3 млрд теңгеге болжануда, – деді Сәуле Ұлақова.
«2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға сәйкес облыста республикалық бюджеттен 79,0 млрд теңге шамасында нысаналы трансферттер және кредиттер қарастырылған. Сонымен қатар ағымдағы мақсатты трансферттер 36,8 млрд теңге болса, оның 10,4 млрд теңгесі білім саласына, 7,7 млрд. теңгесі ауыл шаруашылығына, 8,2 млрд. теңгесі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамтамасыз етуге, 2,4 млрд теңгесі денсаулық сақтауға, 100,7 млн. теңгесі ТҮКШ-ке бағытталған.
Сәуле Ұлақова баяндамасында келер жылдың бюджетіндегі өзге де салаларға қарастырылған және аймақта мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында бөлінген қаржыларға жеке-жеке тоқталды. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаттары ұсынылып отырған облыстық бюджеттің жобасын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Облыс басшысы Даниал Ахметов басты қаржылық құжатта басымдық қай салаларға берілгендігін атап көрсетіп, бірінші рет облыстың даму бюджеті 110 млрд. теңгеге жеткенін мәлім етті. Бұл көрсеткіш өңірдің дамуында бұған дейін болмаған жағдай екендігіне нақты мысалдармен тоқталды.
– Осыдан төрт жыл бұрын Сіздермен осы залда кездескенімде бұл мәселені көтерген едік. Сол кезде облыстың даму бюджеті небәрі 15 млрд. теңге болатын. Атқарылған шаруалардың нәтижесінде осындай көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл енді басқаша деңгей. Өздеріңіз көріп отырғандай, соңғы жылдар көлемінде облыстың білім, денсаулық сақтау, құрылыс, мәдениет, ТҮКШ салаларында ауқымды шаруалар тындырылды. Ірі жобалар іске асырылуда. Білім мен денсаулық саласына үлкен қолдау жасалды. Заманауи медициналық жабдықтар облысқа келді. Мектептерде 277 IT-сынып ашылды. Ұстаздарымыз бен дәрігерлеріміз шетелде білімін жетілдіріп, саланы мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Бұрын шетелге барсақ, енді күрделі оталар өзімізде жасалады. Келер жылы да әлеуметтік салаға басымдық беріледі. 2019 жылдан бастап аймақтың 100 ауылдық округі өз бюджеттерімен жұмысты бастайды. Яғни, алдағы жылдарда ол ауылдар адам танымастай өзгереді, дамиды деген сөз. Осының барлығы Елбасының қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты берген тапсырмасын орындау аясында іске асырылуда, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ сессияда депутаттар «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағына ұсынылғандарды да бірауыздан қолдады. Олардың қатарында «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС бас директоры Болатбек Нұрасыл, «Берел» республикалық мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев, ІІМ есірткі бизнесімен күрес басқармасы бастығының орынбасары Бәделхан Камалханұлы, еңбек ардагері Дүйсембай Селиханов, «Красный Яр ШҚ» серіктестігінің басшысы Сергей Быков, «Багратион ВВГ» шаруа қожалығының басшысы Василий Воропай бар.
Дәурен Аллабергенұлы