Қоғам

Әлеуметтік сала қызметкерлері құрметке лайық

Әлеуметтік сала қызметкерлері құрметке лайық

Кеше Өскемендегі Металлургтердің мәдениет сарайында өңірдің әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. «Біз біргеміз – берік іргеміз» деген атпен өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

Күн сайын мүмкіндігі шектеулі жандардың жанынан табылып, демеу болатын, жалғызілікті қарттардың қабағын бағып, қарайлап жүретін осынау мамандық иелері қандай құрметке болсын лайық екені сөзсіз. Тегінде қазан айының соңғы жексенбісінде тойланатын бұл мерекені үлкен істі атқарып жүрген үлкен жүректі адамдардың мерекесі деуге де болатын шығар. Өйткені, қайырымдылық жасау, мейірімділік көрсету – олардың негізгі жұмысы. Мұны өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов та ерекше атап айтты.
– Бұл мамандық иелерінің ең басты ерекшелігі – тек жұмысты жақсы ұйымдастыра білуі ғана емес, адами қасиеттері. Өйткені, біреудің қиыншылығын бөлісіп, қайғысын түсіну үлкен адамгершілікті, адалдықты талап етеді. Біз бұл мамандық иелеріне әрқашан басымызды иіп, алғысымызды айтамыз, – деген облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бүгінгі күні мемлекетіміздің әлеуметтік салаға үлкен көңіл бөліп отырғанына да тоқталып өтті. Тек үстіміздегі жылы ғана әлеуметтік салаға 7,6 млрд. теңге бөлініпті, яғни, өткен жылмен салыстырғанда бюджеттен бөлінген қаржы 20 пайызға артқан. Сондай-ақ, түрлі әлеуметтік төлемдерді төлеуге 13 млрд. теңге қаржы жұмсалған.
– Мұны, әрине, аз деп те, көп деп те айтуға болмас. Десек те, еліміздің экономикасы қарқынды дамыған сайын әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы да арта беретін болады, – деген облыс басшысының орынбасары әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңіріміздегі үздік әлеуметтік сала қызметкерлерін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапаттады.
Марапатталғандардың арасында риддерлік Маржан Әлсейітова, тарбағайтайлық Бақытгүл Ыдылбаева, катонқарағайлық Рахат Нұрсапарова, үржарлық Лариса Гончарова, зыряндық Любовь Кормина және тағы басқалар бар.
Жалпы, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының дерегіне сүйенсек, үстіміздегі жылы өңірімізде 86 мыңнан астам адамға жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгенің әртүрлі әлеуметтік көмегі көрсетілген көрінеді. Облыста 400-ге жуық тұрмысы төмен азаматтарды тамақтандыру пункттері жұмыс істейді. Мекемелер мен ұйымдар 35 мыңнан астам адамға 117 миллион теңгенің қайырымдылық көмегін көрсеткен. Сонымен қатар, өңірдің жоғары білім беретін оқу орындарында 655 аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар білім алуда. Сондай-ақ, 2002 жылы облыста ардагерлер мен мүгедектерге арналған «Уба» шипажайы да ашылғаны белгілі. Бүгінгі күнге дейін осы шипажайда 24 мың адам ем алып, денсаулықтарын түзеген.
Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Геннадий Бердюгин де құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Сіздер – аға ұрпақ өкілдерінің нағыз жанашырысыздар. Біздің арқа сүйейтін тірегіміз де – әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері. Жасы ұлғайған сайын, адамның мінез-құлығы да күрделене түседі. Сондай жандармен тіл табысу оңай емес. Десе де, қамқорлықтарыңыз үшін шексіз рақмет, – деді ол.
Әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатқа осы салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер де қатысты. Солардың бірі – ғұмырының 35 жылын әлеуметтік салаға арнаған Людмила Гуляева.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Сахнада шырқалған ән мен би әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button