Қоғам

Әлеуметтік көмір беріле бастады

Әлеуметтік көмір беріле  бастады


Өскемен қаласында әлеуметтік әлсіз топқа арналған көмір беріле бастады. Өскемен қаласы әкімдігі, «Қаражыра» АҚ мен Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы жылдағыдай үш жақты меморандумға қол қойып, жеңілдетілген бағамен сатылатын көмір алғашқы тұтынушысына жол тартты.

Биыл Өскемен қаласына 40 мың тонна әлеуметтік көмір бөлініп отыр. Оның осы маусымдағы бағасы – 8450 теңге. Бұл нарықтағы бағадан 500 теңгеге ғана арзан болғанымен, жеткізіп беру құны 3000-6000 теңгеден аспайды. Сондықтан оған деген сұраныс та жыл санап артып келеді. Оған былтыр бөлінген 35 мың тоннаның қараша басталмай таусылып қалғандығы дәлел.

– Сондай-ақ жеткізу жұмыстарын да күзге қалдырмай, осы күннен бастағанды жөн көрдік. Ол үшін арнайы техника мен жалғызілікті жандардың көмірін қораларына тасып беретін волонтерлер де ұйымдастырылған,-деп атап өтті Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

«Қаражыра» АҚ директоры Марғұлан Макишев те биыл әлеуметтік көмір жеткізуде кедергілер болмайтындығын, күніне әр қоймаға 10 вагоннан жөнелтілетіндігін айтады.

– Тұрғындар да қазірден қамданып, кезектері келсе, күзге дейін көмірді сатып алса деген тілегіміз бар. Күзде коммерциялық көмірге деген сұраныс артады. Ал біздің теміржолдар көмірдің ауқымды көлемін жөнелтуге қауқарсыз. Ұзын сонар кезек пен қарбалас осыдан туындайды,-дейді кәсіпорын басшысы.

Сондай-ақ «Қаражыра» АҚ басшысы биыл кәсіпорын көмірді жылдағыдан көбірек өндіретіндігін (9 млн.тонна), алайда көлемнің сапаға кері әсер етпейтіндігін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, әлеуметтік көмір тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқандарға беріледі. Әлеуметтік көмірдің тізіміне тұру үшін жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне жүгіну қажет.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button