Әлеуметтік бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылады

Кеше Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация Шығыс Қазақстан облысына келіп, елімізде қолға алынған әлеуметтік бастамалардың аймақтағы орындалуымен танысты және әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандарда болды.
Медицинада көш бастап тұрмыз
Алдымен Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасына келген үкіметтік делегацияға облыс әкімі Даниал Ахметов осында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа облыс басшысы бұл аурухана жақын арада халықаралық JCI стандарты сертификатына тапсыратындығын жеткізді. Сол арқылы бұл аурухана әлемдегі ең үздіктер қатарына өтпек. Ал мамыр айында ауруханада гибридті операция жасайтын зал ашылады.
– Біз операция жасайтын залды халықаралық стандартқа сай жабдықтап отырмыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – мына жерде арнайы орнатылған ангиограф бар. Бұндай ангиограф Қазақстанда да, Ресейде де жоқ. Гибридті операция өткізілетін залда жылына үш мың операция жасалмақ. Бұл жоба жүзеге асуы үшін 1,8 млрд. теңге бөлінді.
Жақын арада жедел медициналық жәрдем ауруханасында алғашқы операция жасалмақшы екен. Оны Нейрохирургия ұлттық орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақов өткізеді деп жоспарлануда.
– Ангиограф жұмысы ерекше, себебі науқас адам құрал-жабдыққа қаралып әуре болмайды, керісінше құрал-жабдық науқасқа көп тиімді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Марат Шоранов, – бұл ангиографты нейрохирургия, гинекология, урология, кардиохирургия, абдоминальды хирургия салаларында пайдалануға болады. Бұл операциялық залда үш операция өткізуге болады.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Гүлшара Әбдіхалықова мен Елжан Біртановқа аймақтағы денсаулық сақтау саласының 2017-2019 жылдарға арналған бағдарламасы жайлы да кеңінен айтты.
– Жоғары технологиялық құрал-жабдықтардың қатарын медицина саласының дамуына орай көбейтіп жатырмыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, – соңғы үш жылда бұл 2,5 есеге өсті. Биыл халықаралық аудит аясында жүргізілген медициналық құрал-жабдықтармен қамтудағы жоспарға сай 4,9 млрд. теңге бөлінді. Соңғы үш жылда медициналық заманауи технологиялармен қамту үшін бөлінген қаржы 23,4 млрд. теңге болып отыр. Осыған орай медициналық мамандарды да білікті етіп даярлау үшін шетелдерге оқуға жіберудеміз. Үш деңгейлі оқудан өту үшін медицина қызметкерлерінің дайындығына 3,7 млрд. теңге бөлінді. 4080 дәрігер әлемдегі ең үздік 157 емханада оқып келді.
Сондай-ақ, облыс әкімі Даниал Ахметов үкіметтік жұмыс тобына жедел жәрдемнің соңғы үлгідегі тамаша автомобильдерін көрсетті. Бұлар Семей автоқұрастыру зауытында жасалған. Даниал Ахметов осындай 150 автокөлік алуға келісім жасағандықтарын айтты. Ең бастысы, облыстың барлық ауруханалары қамтылатын болмақ.
Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Семейдегі қарттар үйінде болып, қариялардың жағдайымен танысты.
Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Даниал Ахметов, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Инвестиция және даму министрлігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов, Семейдегі зиялы қауым өкілдері Семейде арнайы өткен дөңгелек үстелде бас қосты.
Жиын барысында делегация мүшелері көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағынан қорғалуы, тұрғын үймен қамту, денсаулық, білім мәселелерін талқылады.
Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, 2019 жылдың 1 маусымынан бастап, мүгедек баласы бар ата-анаға күтім үшін жәрдемақы 31 183 теңгеден 41 578 теңгеге өскен. Көпбалалы отбасыларға жалға үй беріледі.
Ал Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың айтуынша, бүгінде үш ауысымда оқып жатқан мектептерге басты назар аудару керек. Олардың көпшілігі апатты жағдайдағы ескі ғимараттарда оқып жатыр. Тәуелсіздік алған жылдары елімізде 1672 мектеп салынған. 2020-2021 жылдары 190 мектеп салынады. Биыл Шығыс Қазақстан бойынша екі мектеп салынып, пайдалануға берілмек.
Медицина саласындағы оң өзгерістер туралы министр Елжан Біртанов былай деді:
– Президент тапсырмасына орай емханаларда алғашқы жәрдем қызметін сапалы жолға қоюымыз қажет. Бүгінде медицина мамандары жетіспей жатыр. Біздің елдің медицина университеттері жеткілікті түрде дәрігерлер даярлап жатса да, дәрігерлер жалақы аздығынан жекеменшік мекемелерге кетеді. Не болмаса, басқа мамандыққа ауысуға мәжбүр. Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша 22 мың медицина қызметкерінің жалақысына үстемеақы қосылмақ. Егер бұрындары бір дәрігердің жүктемесіне 3000 пациент келсе, енді оны 1700-ге азайтпақ.
Жұмыс сапары барысында делегация мүшелері қаладағы мектептерді, колледждерді де аралады.
Сондай-ақ Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі Даниал Ахметов Семейдегі Халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Осындағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуымен танысты. Бүгінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысында 25 кеңсесі үздіксіз жұмыс істеп отыр. Соның бірі – Семейдегі ХҚКО. Жыл басынан бері мұнда 500 мыңнан астам мемлекеттік қызмет үлгілері көрсетілген. Азаматтар электронды үкімет «Egov» арқылы барлық керекті құжаттарын ала алады. Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысқан Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек жайында жүріп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігін айтты.

Семейге келген үкіметтік жұмыс тобы тұрғын үймен қамту, халыққа қолжетімді баспана мәселесін де қызу талқыға салды. Шығыс Қазақстан көпбалалы 906 отбасы баспанаға зәру. 2025 жылға дейін мұндай отбасыларға жеңілдікпен екі пайыздық несиемен пәтер беріледі не болмаса өмір бойы жалға алып тұру үшін баспаналар берілмек. Осы екі түрлі нұсқадағы бағдарлама бекітілген екен.
Айта кету керек, Қазақстанда қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысы қарқын алып отыр. Бір ғана Семейдегі Қарағайлы ауданында 25 көппәтерлі үй салынып, жақын арада пайдалануға берілмек. Алдағы уақытта бұл жерде 100 көппәтерлі үй салынбақ.
Инвестиция және даму министрлігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және құрылыс жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, қалай десек те, жаңа пәтерге кез келгеннің қолы тез арада жете бермейтіні анық. Әсіресе жалғызбасты аналар, көпбалалы отбасылар және мүгедек баласы бар отбасылар баспанаға зәру. Ең алдымен, соларға жағдай жасау қажет.
Мархабат Жайымбетовтің айтуынша, 2019 жылы Қазақстан бойынша арендалық төлем, яғни жалға беру арқылы 20 563 пәтер берілсе, оның 1 323 пәтері Шығыстың еншісінде. Шығыс өңірі баспана қажеттілігінен еліміз бойынша бесінші орында тұр. Елімізде 2025 жылға дейін жеңілдетілген несие және жалға беру бойынша 40 мың отбасыны баспанамен қамту көзделген. Бұл үшін республикалық бюджеттен жыл сайын 50 млрд. теңге бөлінеді. Оның 20 млрд. теңгесі екі пайыздық несиемен 20 жылға дейін ипотекамен берілмек. Ал қалған 30 млрд. теңгесі көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға арналады.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға жайлы жағдай туғызған жөн
Кеше облыс әкімдігінде Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Жиынға бейнережим арқылы барлық облыстар мен Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары әкімдерінің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары қатысып отырды.
Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысты.
Елімізде 2012-2018 жылдарға мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары қабылданып, ол осы уақыт кезеңінде табысты іске асырылған. Жоспар қабылданған 2012 жылдан бері ел Үкіметі республикадағы түрлі деңгейдегі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыла отырып, аталмыш маңызды іс-шараларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келді. Атқарылған шаралардың ауқымына және тиімділігіне қарамастан, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері толық шешілді деп айтуға әлі де ерте.
Жиында вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова елімізде мүгедектердің алдында тұрған кедергілердің көп екенін алға тартты. Солардың ең негізгісі – кәдімгі физикалық барьерлер, азаматтардың аталмыш санаты қоғамдық көліктерге мініп-түсуде, түрлі ғимараттарға кіруде, жоғары қабаттарға көтерілуде бірқатар қиындықтарға тап болып жатады.
–Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев біздерге осы жылдың 1 маусымына дейін мүгедектерді әлеуметтік тұрғыда қорғау, олардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітуді міндеттеген болатын. Аталмыш құжат осы жылдан 2025 жылға дейінгі мерзімді қамтуы тиіс. Біз қазір осы бағытта қарқынды жұмыс жүргізіп келеміз, қабылданатын іс-шаралар жоспары тиімді әрі жан-жақты болуы қажет. Оларды атқаруға жұмсалатын қаржы қазынадан қарастырылған, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында сөз алған Еңбек және халықтық әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев 2012-2018 жылдарды қамтыған іс-шаралар жоспарының тиімді орындалып шыққанын атап көрсетті. Аталған жоспар толық іске асырылып, бөлінген қаржы – 17 миллиард теңге игеріліп отыр.
Осы жылдар ішінде еліміз бойынша 15 инватакси қызметі құрылған, олардың қарамағындағы 280 көлік мүмкіндігі шектеулі азаматтарды үйлерінен әлеуметтік мекемелерге дейін және кері бағытта тасымалдаумен шұғылдануда. Сондай-ақ республикалық және өңірлік телеарналарда сурдоаударма қызметі кеңінен енгізілді. Есту қабілеттері нашар адамдар үшін бұл – маңызды ақпарат алудың бірден-бір тәсілі. Мұнымен қатар, жоспар аясында әлеуметтік мекемелер ғимараттарына пандустар орнатылды, көшелер, қоғамдық орындар мүгедектер арбасының жүруіне ыңғайластырылды.
–Қазіргі кезде біз мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап кедергісіз орта құру мақсатындағы жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Министрліктің ресми интернет сайтында арнайы «Идеялар жәшігі» қызметі істеп тұр. Оған азаматтардан осы күнге дейін шамамен 400 ұсыныс-талап келіп түсті. Біз соларды саралап, жоспарды әзірлеудеміз. Ол негізгі жеті бағыттан тұрмақ. Жоспарда еліміз бойынша оңалту орталықтарының санын көбейту бар. Олардың құрылысына 64 миллиард теңге қарастырылған, – деген Бердібек Сапарбаев мүгедектердің 60 пайызы еңбекке жарамды азаматтар екенін айтты, оларды жұмыспен қамту – жоспардағы ең басты бағыттардың бірі.

Жиында Үкімет басшысының орынбасары өңірлерге осы іс-шаралар жоспарының жобасын тағы бір мәрте мұқият зерделеп шығу, тиімді ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма жүктеді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мүгедектерге медициналық көмек көрсету шаралары жайында мәлімет берді. Оның айтуынша, еліміздегі мүгедек жандардың 26 пайызы жүрек-қан тамыры аурулары, 25 пайызы қатерлі ісік аурулары салдарынан аталмыш санатқа жатқызылған, үшінші орында – түрлі дене жарақатын алудан мүгедек атанған азаматтар. Яғни, мүгедектіктің алдын алуға әбден болады, ол үшін диагнозды ерте анықтау маңызды. Сонымен қатар қазақстанда 2008 жылдан бері жүкті әйелдерге міндетті скрининг жүргізіліп келеді. Жатырда жатқан шарананың кінәраттары алдын ала анықталуда, нәтижесінде туабітті мүгедек балалардың үлесі кеміген. Мұнымен қоса, 17 жасқа дейінгі балаларды толық медициналық бақылаудан өткізу қолға алынды.
–Науқастардың ауруларын асқындыртуға жол бермеу, оларды сапалы емдеу де – мүгедектер санатындағы азаматтар санын кемтудің бірден-бір жолы, – деді осы орайда Елжан Біртанов.
Вице-премьер елімізде мүгедектердің жалпы саны 680 мың екенін алға тартып, олардың санын азайту – алда тұрған басты міндеттердің бірі екенін қадап айтты.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтендіру, оларды қоғамның толыққанды өкілі ретінде қалыптастыру – аса маңызды. Бұл ретте оларға арнайы, яғни инклюзивті білім беру саласының атқарар рөлі ерекше. Осыған орай білім министрі Күләш Шәмшидинова мәлімет берді.
Ведомство басшысының айтуынша, еліміздегі балабақшаларда инклюзивті топтар құрылуда, сонымен қатар тәрбиешілердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлінуде Орта білім бойынша 99 арнайы мектеп жұмыс істеп тұр. Көптеген орта оқу орындарында арнайы сыныптар ашылған. Бұл салада жаңа оқулықтар әзірленп жатыр, тағы да мұғалімдердің құзіреттіліктерін арттыру шаралары көзделген. Колледждердің 30 пайызында арнайы білім қажеттіліктері бар білім алушыларға арналып жағдайлар жасалған екен. Жоғары оқу орындарында 1600 мүгедек студент білім алуда. Елдегі 70 университетте мұндай балаларға білім беру жағдайы жасалған.
– Біз бұған дейін еліміздің 12 облысында болдық, Шығыс Қазақстан – біз келіп тұрған 13-ші өңір. Барлық жерде аталмыш мәселенің өткір тұрғанына куә болып жүрміз. Мүгедек азаматтар үшін кедергісіз орта құру – баршамыздың ортақ міндетіміз. сіздер шетелдерде жиі боласыздар, АҚШ-та, Еуропалық одақта мүгедектер үшін қандай жайлы жағдайлар жасалғанын өз көздеріңізбен көріп жүрсіздер. Біздің елімізде де дәл сондай сапалы жағдайлар болуы тиіс. Осы ретте атап айтқым келетіні, Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернаты өте тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жерде балалар болашақ мамандық меңгеруді бастайды. Міне, осындай білім ордалары елеміз бойынша көптеп ашылуы керек, – деген Гүлшара Әбдіхалықова осы сәуір айының 26-сына дейін мүгедектерді әлеуметтік қорғауға бағытталған іс-шаралар жоспарына ұсыныстар енгізуді міндеттеді.
Жиында Өскемендегі «Қазақ саңыраулар қоғамы» және «Қазақ зағиптар қоғамы» бөлімшелерінің жетекшілері сөз алып, өздерінің жұмыстары туралы айтып берді.
Раушан Нұғманбекова,
Ержан Әбіш