Қоғам

«Әлеуметтік қамқорлық» әл-ауқатымызды арттырады

«Әлеуметтік қамқорлық» әл-ауқатымызды арттырады


Облыс бойынша 46 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Үкіметтік жұмыс тобының облыс активімен кездесуінде айтты.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік делегация аймақ басшысы Даниал Ахметовпен бірге облыс активімен кездесті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өткен кездесу барысында жұмыс тобының құрамындағы бірнеше министр әлеуметтік бағдарламалардың мән-маңызы мен негізгі бағыттарын түсіндірді.

Гүлшара Әбдіқалықова «Әлеуметтік қамқорлық» атты кешенді бағдарламаның арқасында бірнеше әлеуметтік бастама қолға алынып, жемісті жүзеге асып жатқанын атап, Шығыс Қазақстанда медицина мен білімнің сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жоғары бағалады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бірінші маусымнан бастап білім, мәдениет, медицина, спорт, әлеуметтік сала қызметкерлерінің, облыстық және аудандық әкімдік қызметкерлерінің еңбекақысы 15-30 пайыз көлемінде өсетінін мәлім етті. Министрдің айтуынша, бұл өзгерісті қуаттайтын нормативтік актілер мен бұйрықтардың барлығына қол қойылған.

Ал көпбалалы отбасыларға берілетін төлемге еліміз бойынша 830 мыңға жуық адам қол жеткізбек. Оның ішінде 46 мың шығысқазақстандық бар.

-Бірінші сәуірге дейін бір адамға берілетін атаулы көмек 4834 теңге болса, енді бұл сома 20789 теңге болмақ. Табысты есептеу кезінде әлеуметтік төлемақылар мен шәкіртақы есептелмейді. Енді халықтан зейнетақы мен қолдағы азын-аулақ малдан түсетін табысты есептеуге өзгеріс енгізсеңіздер деген ұсыныс түсіп жатыр. Бағдарлама 10 жылға арналған. Ол жағын да ойластырып жатырмыз. Ұсыныстың бәрі кезең-кезеңмен, заңға сәйкес қаралады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Министрдің айтуынша, мүгедектік бойынша төленетін жәрдемақы көлемі 10 мың теңгеге өспек. Мұндай көмекке еліміз бойынша 100 мыңнан астам адам мұқтаж. Шығыс Қазақстан бойынша 6000-нан астам адамға аталмыш жәрдемақы тағайындалмақ.

Ал білім саласында 500 мың адамның еңбекақысы өспек. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты. Министрдің айтуынша, білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру үш санат бойынша жүзеге аспақ. Бірінші санатқа колледж, мектеп оқушылары мен писхологтар, әдістемелік қызметкерлер кірсе, екінші санатқа техникалық персонал еніп отыр. Ал колледж меңгерушілері мен мектеп директорлары, олардың орынбасарлары үшінші санатқа жатқызылған.

-Бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру үшін бөлінген қаржының 75 пайызы білім саласына бағытталып отыр. Бұл шамамен 500 мың адам, – деді Күләш Шәмшидинова.

Министр тәуелсіздік жылдарында елімізде 1672 мектеп жаңадан салынғанын да атады. Бұл көрсеткіште Шығыс Қазақстанның үлесі 142 мектеп екені де айтылды. Ол сондай-ақ пән мұғалімдерімен қатар мектеп психологтары мен сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыруға дендеп көңіл бөлінетінін атады.
Мектептердің білім сапасын арттыру үшін 700 «тірек мектеп» іріктеп алынбақ. Дәл осындай принциппен 180 таңдаулы колледж, 20 университет іріктелмек.
-Колледждер мен университеттердің тиімділігі түлектерінің еңбек нарығына өтімділігі бойынша анықталады. Қазір айналдырған 2-3 жылдың ішінде жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Сондықтан алдағы уақытта елімізге керек 100 мамандықтың тізімін жасаймыз, – деді министр.

«Әлеуметтік қамқорлық» әл-ауқатымызды арттырады

Қайсар әкеге қолдау көрсетті

Бұдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова бес баласын жалғыз асырап отырған әкенің үйіне бас сұқты.

Нұрлан Жетпісовтің бес баласы бар. Жұбайы өмірден ерте озып, бес балаға ана орнына ана, әке орнына әке болып отыр. Өзінің айтуынша, бұған дейін пәтер жалдап, көрінгеннің есігін сығалап жүрген екен. Осындай отбасының бар екенін білген «ВК Техногрупп» ЖШС Жібек жолы көшесінен өздері салған көпқабатты үйден екі бөлмелі пәтер сыйлапты.

-Қыздарымның үлкені 10 сыныпта, ал кенжеміз бірінші сыныпқа барады. Басымызға пана табылып, ерекше қуанып жатырмыз. Ең бастысы, осы баспана болатын. Қалғанын өз күшімізбен көреміз, – дейді Нұрланның өзі. Гүлшара Әбдіқалықова толымсыз отбасының жаңа пәтеріне көрімдік ретінде ақшалай сертификат табыстады.

Ал 12 бала өсіріп отырған Черкашиндер отбасы Өскеменге былтыр ғана көшіп келген екен. Бұған дейін Алтай ауданында тұрыпты.

-Жолдасым «Казцинк» кәсіпорнында жұмыс істеді. Сондықтан жоқшылық көрген кезіміз жоқ. Ал мұнда келгелі жеке кәсіппен айналысып жүр. Үйіміз таудың етегінде. 0,2 гектар бақшамыз бар. Аздап ешкі ұстаймыз. Қыздар соны сауып, сүтін сатады. Ұлдар қорадан шықпайды. Баланың көп болғаны қолыңды жұмыстан босатады. Бұған дейін ешкімге қол жайған жоқпыз. Бұдан әрі де жайғызбай-ақ қойсын құдай, – деді көпбалалы ана.

Отағасы үйді 12 балаға лайықтап, кеңейтіп жатқанын айтты. Жергілікті кәсіпкерлердің бірі сол үшін құрылыс материалдарын сатып әперген екен. 12 баланың бірі әкімдік ұсынған жеңілдікке сәйкес, Өскемендегі педагогикалық колледжде тегін білім алуда. Гүлшара Әбдіқалықова аталмыш игілікті іске көмек ретінде еңбекқор отбасыға 150 мың теңгенің қаржылай сертификатын табыстады.

Гүлшара Әбдіқалықова көпбалалы отбасыларды тіркеу жұмыстарымен де танысты. Ол үшін үкіметтік жұмыс тобы Өскемендегі жұмыспен қамту орталығына барған болатын.

Әуелі Гүлшара Әбдіқалықова құжат өткізіп жатқан аналармен кездесіп, жағдайларын сұрады. Өзін Ақбота Жекебаева деп таныстырған бес баланың анасы құжаттары толық өткенін, атаулы көмек тағайындалғанын айтып, қуанышымен бөлісті.

Орталық қызметкерлері толассыз келген адамдардың барлығын жылдам тіркеуге техникалық кедергілер кесірін тигізіп жатқанын айтты. Ортақ база қайта-қайта тежеліп, соның салдарынан жұмыс бәсеңсіп жатқан көрінеді. Мамандардың айтуынша, қала шетінде мал ұстайтын отбасылардың мал-мүлкі туралы ақпарат алу да қиындықтар туғызуда. Ал саяжай кооперативтері мен саяжай серіктестерінде үйлердің мекенжайы бірізді жазылмаған. Бұл өз кезегінде атаулы көмек тағайындауға үлкен кедергі келтіруде. Орталық қызметкерлері құжаттарды онлайн қабылдау жүйесі 30 сәуірде тоқтатылмаса екен деген тілектерін білдірді. Өйткені Өскемендегі 2157 көпбалалы отбасының тек 248-іне ғана жаңа форма бойынша атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып үлгерген.

-Бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қажет болса, уақытын созу қажет. Өйткені құжат жинауда түрлі кедергілер бар екенін білеміз, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button