Қоғам

Әлеуметтің назары «али турға» ауып тұр

Әлеуметтің назары «али турға» ауып тұр

Бүгінгі таңда әсіресе бизнес саласындағы бәсекелестік бәсеңдер емес. Солай болғаны дұрыс та шығар. Бәсекелестік болмаса, белгілі бір өнімнің немесе заттың барына қанағат тұтасың. Өзге баламасы болмағасын, амал жоқ, көзге көрінгенін алуға мәжбүр болсың.
Айталық, қазір кез келген азық-түлік дүкеніне бас сұқсаңыз, бір ғана еттен жасалатын өнімдердің көптігінен көзің қарауытады. Шұжық түрлерінің көптігі соншалық, атауларынан шатасасың. Өз өнімдеріміз аз болса, арысы, еуропа, берісі, бұрынғы кеңес одағының құрамында болған елдердің де өнімдері сауда сөрелерінде сіресіп тұр. Бағалары да бірінен-бірі асып түседі. Тек, қалтаңда қаражатың болсын.
Алайда, сатылымдағы бағаны айтпағанда, осы шұжықтардың дәмі мен сапасы тұтынушы көңілінен шыға ма? Бүгінгі қысқа күнде қырық құбылатын аласапыран заманда қып-қызыл ақшаңа сатып алған тағамды сүйсініп жеудің өзі бір бақыт секілді. Олай дейтініміз, ертеректе жарты келі шұжық алып тоңазытқышқа сап қойсаң, қанша тұрса да бүлінбейтін. Қалаған уақытыңда шетінен кертіп аласың да, жей бересің. Қазір ғой, сырты мейілінше әшекейлі, бағасы удай шұжықтар үш күннен кейін қарадай ылбырап, өңі бозарып, біраздасын иістеніп, ақыры қоқысқа тастайсың.
Бұл жағынан зыряндықтардың жолы болғанға ұқсайды. Қазір ондағы жұртшылықтың басым көпшілігі ашылғанына көп бола қоймаған «Али Тур» ЖШС-нің еттен жасалатын өнімдерін тұтынуға көшіпті. Неге?
– Өйткені, ол жерде жасалатын шұжық түрлерінің кез келгенінің дәмі өзге дүкендердікімен салыстырғанда тіл үйіреді. Сапасы мен бағасы да көп көңілінен шығып жүр. Менің көршілерім де, ұлым мен қызымның отбасы да осы серіктестіктің өнімдерін алуды әдетке айналдырғанбыз, – дейді зыряндық зейнеткер Татьяна Некрасова.
«Али Турдың» шұжық шығаратын цехы қаланың шеттеу ауданында орналасқан екен. Аумағы әжептәуір жерді алып жатқан ғимараттың кіреберісінен шағын дүкен ашып, сол жерде өздері шығаратын өнім түрлерін сауда сөресіне қойыпты. Беті әйнек тоңазытқышқа жылқы, сиыр және қой етінен жасалған шұжықтардың 7-8 түрі қойылған екен. Барлығы да түтінге ысталып, қақталған, ұзақ уақыттық сақтауға болатын тағамдар. Одан бөлек дайын пакеттерге салынған жартылай дайын тұшпара, манты, кәуәп, қуырдаққа арналып әзірленген ет, піскен еттен жасалған түрлі орамалар көздің жауын алады. Бағалары да қайсыбір дүкендердегідей атқақтап тұрған жоқ. Назарымыз арнайы пластмасса ыдысқа салынып штрих коды, сауда маркасы, әзірлеу тәсілі, шыққан уақыты, құрамы көрсетілген дайын сірнеге бірден ауған.
Меймандарды жарқын қабақпен қарсы алған серіктестік директоры Әлия Уәлиева (суретте) да мұны байқап қап, әңгімені өз өнімдерінің осы түрімен таныстырудан бастады.
– Сірне – шығыс асханасының беделін көтеріп, кез келген дастарқанның сәні мен салтанатын кіргізетін өте дәмді тағамдардың бірі екенін өздеріңіз білесіздер. Көбінесе қой етінен жасалады. Жартылай дайын сірненің құрамына қойдың бұқтырылған еті, ұсақтап шабылған қабырғасы мен жіліктері, омыртқа, жауырын секілді мүшелері енеді. Оған міндетті түрде бір кесек құйрық май қосылып, сірне соған қуырылады. Сосын қандай төмен температурада сақталса да, өз сапасы мен дәмін жоймайтын көкөніс түрлерінен сәбіз бен болгар бұрышы туралып, мөлшермен тұзы, ащы бұрышы салынады. Ал картошка мен капуста төмен температурада үсіп кететіндіктен, тұтынушы көкөністің ондай түрлерін қосымша өзі алып қосады. Арнайы ыдысқа салынған өнімнің салмағы екі түрлі. Біреуі – бір келі, екі жүз грамм болса, екіншісі – одан сәл көбірек, бір жарым килограмм. Сақтау мерзімі 8 айға дейін. Күнделікті тұрмыста пайдалануға өте қолайлы және тұтынушыларымыздың қазіргі үлкен сұранысына ие болып тұрған өнімдеріміздің бірегейі осы сірне, – деген Әлия Әлібекқызы ет сақтайтын қоймадан бастап, тұшпара, манты жасайтын, шұжықты түтінге сап ыстап, оны айналдыратын цехтарының бәрін аралатты. Санитарлық талаптарға сай цех бөлмелерінің барлығында да арнайы жұмыс киімдерін киген қыз-жігіттер өз шаруаларымен айналысуда.

БАЗАРДАҒЫ САУДАСЫН БИЗНЕСПЕН ҰШТАҒАН

Әңгімесін кабинетінде жалғастырған Әлия алғашқы кезде қала базарларында ет сатушы болып жұмыс істегенін де айта кетті.
– Базарда біреудің өлшеп әкеп, белгілі бір бағаға сатасың деген етін сатып, үстінен болар-болмас пайда көресің. Өз бетіңмен баға белгілеуге болмайды. Сауда бірде алай, бірде бұлай дегендей, үнемі түсім бола бермейді. Осыдан үш жыл бұрын мемлекет шағын бизнеспен айналысам дегендерге қолдау білдіріп, әр адамға 3 млн. теңгеден жеңілдетілген несие бере бастады. Менің ойыма тұтынушыларға дайын өнім түрлерін әзірлеп сату идеясы да сол кезде келді. Ең бастысы – күнделікті тіршілікке қажет жартылай дайын өнімдер әзірлеу идеясы бар. Ол үшін не керек? Ең алдымен еттен жасалатын жартылай дайын тағамды өндіретін цех, жұмысшы қолы, тұтас мал еттерін ілетін арнайы құрылғылар, ет тартатын станок, басқа да құрал-сайман қажет. Егер алған несиеге мал сатып ап, оны өсіріп-өндіргенше қанша уақыт өтеді. Сосын жолдасым Тұрекеңмен ақылдаса келе, етті әзірге шаруа қожалықтарынан, жекеменшіктен ала тұрып, бірінші кезекте цех ашып, соны іске қосуды қолға алдық. Не нәрсенің басталуы қиын демей ме. Ондай бастапқы қиыншылықтар бізді де айналып өткен жоқ. Жолдасым екеуіміз бір істі қолға алған соң, шыдадық. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, кез келген мәселені ақылдаса отырып шештік. Осы ғимаратты алуымызға, оның құжаттарын заңдастыруға қол ұшын берген аудан басшыларына да ризашылығымызды білдіреміз, – дейді ағынан жарылған іскер келіншек.
Әлия майын тамызып тұрып айтып берген сірнеден басқа серіктестік шығаратын жартылай дайын өнім түрлеріне тұшпара, манты, кәуәп, тағы басқа да өнімдер жатады екен. Оларға да сұраныс жоғары көрінеді.
– Әсіресе, біздің кәуәпқа жаз маусымдарында сұраныс көп. Сенбі, жексенбі күндері елдің көбі қала сыртына, су жағасына демалуға бара жатып кәуәптың он-он бес талын ала кетеді. Артынан «Кәуәптарыңыз сондай дәмді екен, тағы алайық деп келдік» деп мерейімізді өсіріп тастайды. Ал мантының етін қайсыбір дайындаушылар ет тартатын машинкадан өткізсе, біздің қыздар ет пен құйрық майды ұсақтап турап, сарымсақ, бұрыш тағы да басқа дәмдеуіштерін қосып тұрып, кәдімгі өз отбасыларына арнап істегендей қолмен әзірлейді. Содан да болар, тұтынушыларымыз үнемі ризашылықтарын білдіріп қана қоймай, уақыт өткен сайын олардың қарасы да көбейіп келеді. Сондықтан біздің ұжым «Аз өндірсек те, сапалы өндіреміз» деген ұран таңдаған. Жоғарыда аттары аталған жартылай дайын өнімдер күнделікті үй тұрмысында пайдаланғанға өте ыңғайлы. Әсіресе жұмыс күндері кешкі ас әзірлеуде қыз-келіншектердің уақытына да үнем әрі қолдарын да ұзартады, – деп ой бөліскен директор болашақта серіктестіктің жұмыс ауқымын кеңейтіп, малды біреулерден сатып алмай, мал шаруашылығымен де айналыспақ ойлары барын айтты.
Қалың орыстың ортасында отырса да, қолға алған шаруасын шыр көбелек айналдыра білген «Али Тур» серіктестігінің табандылығына, талғампаздығына риза болмасқа лажың жоқ.
Қол астындағы жұмысшыларынан бастап, күллі Зырянның орыс-қазағына сыйлы, сыйымды бола білген еңбекқор қазақ қызы Әлияға:
«Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!» – демекпіз.

Серік Құсанбаев
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button