Әлеуметтің әл-ауқаты артады

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс активінің жиналысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауы талқыланып, аталмыш бағдарламалық құжат аясындағы мақсат-міндеттер айқындалды.
Жиында баяндама жасаған облыс әкімі өңірде Жолдаудағы алты негізгі бағыт бойынша нақты іс-шаралар жоспары әзірленгенін мәлім етті.
– Биылғы Жолдауында Елбасы алдымызға бірнеше нақты міндет қойды. Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға, еңбекақыларын өсіріп, өмір сапасын жақсартуға ерекше маңыз берілді. Бұл құжатта әлеуметтік сала проблемалары тұтастай қамтылған. Жолдаудағы алты бағыт халықтың көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарға толық жауап беруі тиіс. Мұның барлығы, құжаттың шын мәнінде халыққа арналғанын, халық үшін жасалғанын тағы бір мәрте дәлелдесе керек, – деген аймақ басшысы бұдан кейін Жолдауда көрсетілген алты бағыт бойынша облыста қолға алынуы тиіс жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.
Мәселен, бірінші бағыт бойынша алдағы уақытта Шығыс Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге дейін өсетінін мәлім етті облыс әкімі. Бұл ең алдымен дәрігерлер, мұғалімдер мен халықты әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлері сияқты бюджеттік сала мамандары болмақ. Сонымен қатар өңірде жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында қолға алынған ауқымды шаралар да жалғаса бермек. Аймақ басшысы хабарлағандай, 2018 жылдың тоғыз айында ғана Шығыс Қазақстанда мемлекеттің тікелей қолдауымен 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған-ды.
Елбасының Жолдауында білім саласына да ерекше ден қойылған. Бұл бағытта да облысымызда тың бастамалар мен игі істер жетерлік.
– Соңғы үш жылда облысымыздың білім саласы ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Біз республика көлемінде бірінші болып үш тілде білім берудің қанатқақты жобасын жүзеге асырдық. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен екі миллиардтан астам теңге көлемінде қаражат құйылды. Біз облысымыздағы барлық мектепті Назарбаев зияткерлік мектептерінің стандарттарына сай заманауи құрал-жабдықтармен қамтыдық. Дегенмен, алда атқарар шаруамыз одан да көп, – деген облыс әкімі енді аймақтағы колледждердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытына баса көңіл бөлу керектігін қадап айтты. Жергілікті колледждерді қайта жабдықтауға шамамен жеті миллиард теңге бөлінетінін жеткізді.
Алдағы бірнеше жылда облыстың денсаулық сақтау саласын да елеулі өзгерістер мен жағымды жаңалықтар күтіп тұр. Өңірде 2020 жылға дейін үш заманауи медициналық мекеме есігін ашып, дәрігер мамандарымызды шетелге оқуға жіберу жұмыстары жалғасын таппақ. Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатына шамамен 47 миллиард теңге қаражат бөлінуі тиіс. Осы ретте, облыс әкімі өзінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шорановқа Ұлыбританияға біліктілігін арттыруға жіберілетін медицина саласы мамандарының санын екі есеге дейін ұлғайту қажеттігін айтып, бұл курстардың мерзімі алты айдан кем болмауы керектігін ескертті.
Аймақ басшысы облыста халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында цифрландыруға қатысты бірнеше ауқымды жоба қолға алынғанын да еске салды. «Digital East» деген атауға ие бірегей концепцияға қазір сегіз қанатқақты жоба еніп отыр. Мәселен, облыс орталығында жүзеге асырылвтын «Қауіпсіз қала» жобасы негізінде алдағы уақытта шаһар көшелері мен аулаларына төрт мыңға жуық камера орнатылып, қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзетпек. Сонымен қатар Елбасы Жолдауында көрсетілген мақсат-міндеттерге сәйкес, болашақта денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет көрсету салаларын да толықтай цифрландыру көзделуде. Мұны аймақ басшысы ерекше атап өтті.
– Біздің мақсат – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған стратегиялық міндеттерді лайықты деңгейде орындап, көпұлтты халқымыздың бүгіні мен ертеңін баянды ету. Сондықтан экономикамызды дамыта отырып, жерлестеріміздің әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарту жолында бірлесе жұмыс жүргізе беруіміз қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жиында жарыссөзге шыққандар Елбасының Жолдауына қатысты өз ойларын ортаға салды. Соның бірі «Шалабай» серіктестігінің бас директоры Қуаныш Сүлейменов болды.
– Мен 12 жыл бұрын құлдырап кеткен ауылды қайта түлету үшін инвестор тауып, қазақтың ақбас сиырын өсіруді қолға алдым. Жұмыс оңай болған жоқ. Дегенмен, ерінбей еңбек етудің арқасында ақыр соңында дегеніме жеттім. Біз Үкіметтің қолдауымен мал басын 150-ден 3 500-ге дейін арттырдық. Сол сияқты қазақтың жабы жылқысы мен байыс қойын да өсіріп келеміз. Мұның барлығы мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің, табанды еңбек пен болашаққа деген нық сенімнің арқасы. Иә, қазір өзімізді қойып, өзгеге жәрдемдесе алатын жағдайға жеттік. Бүгінде берісі ауыл, әрісі облыс, республика көлеміндегі түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, отандастырымызға көмек көрсетіп келеміз. Келешекте де Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілгендей, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға күш салатын боламыз, – деді кәсіпкер.
Бұдан кейін сөз алған Өскемен қаласындағы №38 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ирина Лабукова педагог ретінде Жолдауда айтылған білім беру саласына қатысты бастамаларды толықтай қолдайтынын мәлім етті.
– Өз басым еліміздегі барлық мектеп Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі стандартқа жетуі керек деп санаймын. Өйткені, бұл оқу ордаларының тәжірибесі әлемдік деңгейде мойындалып қойған. Жалпы, бүгінгінің жастары көптілді, көзі ашық, көкірегі ояу болуы керек. Балаларымыз қазақ және орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілін жетік меңгерсе, келешегіміз бұдан да жарқын болмақ. Себебі, ағылшын тілін білу еліміздің жаһандық экономикаға сәтті интеграцияланудың бірден-бір кепілі. Сондай-ақ биылғы Жолдаудың көңілге қонған тағы бір тұсы Елбасының балаларға мектептен бастап кәсіби бағыт-бағдар беру керек деген сөзі болды. Мен бұл бастаманы толықтай қолдаймын, – деді И.Лабукова.
Ал «Силумин-Восток» инжинирингтік компаниясының даму мәселелері жөніндегі директоры Зоя Новолодская өз сөзінде Мемлекет басшысының «Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасына қатысты жүктеген міндеттерін құптайтынын жеткізді.
– Елбасы өз Жолдауында шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау тетіктерін күшейту қажеттігін айтты. Осы ретте, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуы өте дұрыс шешім болды. Сонымен қатар мемлекеттің экспортқа ден қоюуы да уақтылы қадам деп есептеймін. Өйткені, қазіргі заманда тауарларын шетелге шығаратын бизнес субъектілеріне қолдау көрсету өте маңызды. Біз де осы бағытта жұмыс жүргізіп келетін компания болғандықтан, Президентіміздің бұл сөздеріне айрықша қуандық. Бұдан былай тауарларымызды шетелдіктерге ұсыну әрі сату жағы жеңілдей түседі деп үміттенеміз.
Нұржан Кенжеұлы