Қоғам

Әлеуметтік студенттік ваучер тағайындалады

Ағымдағы жылы волонтерлікпен айналысатын студенттердің шәкіртақысы 30 пайызға артады. Бұдан бөлек, биыл жоғары оқу орындарында қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу болып жүрген жастарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырыла ма? Волонтер болу болашақ жас маманның оқуына кедергі келтірмей ме? Біз осы және өзге де сауалдардың жауабын іздеп көрген едік.

Физика, математиканы тегін үйретеді

Осы жылдан бастап С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың волонтер жастарына атқарған жұмыс сағаттарына сәйкес әлеумет­тік студенттік кредит түрлері ұсынылады. Бұл туралы аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Мұхтар Төлеген мәлім етті.

– Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл – «Волонтер жылы» деп жарияланды. Бүгінде аталмыш жыл аясында жүзеге асырылатын ауқымды жобалар талқыланып, іске асырылуда. Жалпы, волонтерлік қызмет – университетімізде бұғанға дейін де оң жолға қойылып, кеңінен дәріптеліп келеді. Құрамында екі жүзден астам мүшелері бар «Мейірім» волонтерлар клубы нәтижелі жұмыс атқаруда. Клуб мүшелерінің қызығушылықтарына орай, жұмыстың бағыты мен ауқымы да жылдан-жылға кеңейе түсуде, – деді Мұхтар Төлеген.

Айта кетейік, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың жастары мүмкіндігі шектеулі студенттер мен ардагерлерге үнемі қол ұшын беріп тұрады. Бұдан бөлек олар қарттар және балалар үйімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Осы орайда, өткен жылы университеттің белсенді жастары облыс әкімінің қолынан «Жылдың үздік акциясы» аталымын жеңіп алғанын айта кеткен орынды.

Университеттегі «Мейірім» волонтерлар клубының жастары Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға көмек көрсетеді. Осы мақсатта олар біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

– Ұлы ақын, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген еріктілер жылы – өскелең ұрпақты адамгершілік пен мейірімділікке тәрбиелеуде ерекше маңызға ие, нәтижелі жыл боларына сенімдіміз. «Асық болар бес асыл істің бірі – рақым» деп ұлы ақынның жастарға айтып кеткен философиялық өнегесі – биылғы еріктілер жылының негізгі мақсатымен де терең астасып жатқан жоқ па? – деп түйіндеді Мұхтар Төлеген.

Ал Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың волонтер жастары шәкіртақыларын 30 пайызға арттыру үшін құзырлы мекемелерге тиісті құжаттарын өткізіп, өтініштерін жолдап үлгеріпті. Бұл туралы бізге аталмыш жоғары оқу орнындағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы  Екатерина Дюканова айтып берді.

– Ерікті түрде өзге адамға қуаныш сыйлай білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні айдан анық. Сондықтан да бос уақыттарында мұқтаж жандарға қолғабыс етіп, қолдау көрсетіп жүрген студенттердің ісі көпке үлгі екенін атап өткен орынды, –деді Екатерина Дюканова.

Бүгінде аталмыш университеттің жастары «Үлбі» орталығына, «Үміт» балалар үйіне, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернатына, сондай-ақ мамандандырылған балалар үйіне барып, түрлі бағыттағы қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұрады. Одан түскен қаражатқа тәтті-дәмділер мен қажетті киім-кешектерді сатып алады. Бұдан бөлек, студенттер мектеп оқушыларына да көмек көрсетеді. Қалай дейсіз бе?

– Физика, математика пәндерінен есеп шығаруға қиналатын балаларға тегін репетиторлық дәріс өткіземіз. Бұл, бір жағынан, біз үшін де пайдалы. Білімімізді жетілдіре түсеміз әрі балаларға да қуаныш сыйлаймыз, – деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенті Әйгерім Дүйсенбекова.

Шәкіртақыға кімдер ұсынылады?

Биылдан бастап елімізде ерікті қоғамдық пайдалы қызметке тартылған студенттердің үлесін арттыру мақсатында «Әлеуметтік студенттік несие» жобасы іске қосылды.

Жаңа оқу жылынан волонтерлік қызметпен айналысатын студенттердің шәкіртақысы артады. Бұл туралы Үкімет сағатында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мәлім еткен болатын.

«Бүгіннің өзінде министрлік «Студенттік бастама» волонтерлік қозғалысын құру және жас волонтерлер базасын қалыптастыруды көздеп отыр. Студенттерді құрылыс отрядтарына тарту мәселесі пысықталды. Студенттер жазғы демалыс кезінде құрылыс жасақтарында жұмыс істей бастады», – деді министр.

Құзырлы мекеме өкілдерінің айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап балалар үйлерінде, арнайы мектептерде, қарттар үйлерінде және басқа да мекемелерде волонтерлік қызметпен айналысатын жоғары оқу орындары студенттерінің шәкіртақысы 30 пайызға көбейеді деп жоспарлануда.

Министрліктің мәліметінше, әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі:

1) инклюзивті білім беру;

2) қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылықтан қосымша сабақ беру;

3) девианттық мінез-құлқы бар кәмелетке толмаған балалармен жұмыс істеу;

4) аулалық және спорттық клубтарды ұйымдастыру;

5) егде жастағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.

Шәкіртақыларының 30 пайызға артатынын естіген студенттердің қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – Гульфайруз Тукинова. Ол – Семейдегі «QazMedVolunteers» волонтерлер қозғалысының жетекшісі.

  • Шынымды айтсам, волонтерлік пен сабақты қатар алып жүру маған еш қиындық туғызған емес. Керісінше, одан мол тәжірибе жинақтап жүрміз. Кейде емдеу-профилактикалық мекемелерінде өтетін іс-шараларға қатысып, әріптестерімізбен бірге жұмыс істеп, білмегенімізді үйреніп қайтамыз. Осы жылдан бастап еліміздегі волонтер жастардың шәкіртақысы көбейеді. Бұл – біз үшін үлкен стимул, – деді Гульфайруз Тукинова.

«Асар» – еріктіліктің үлгісі іспеттес

«Волонтерлік» ұғымы бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болған. Бұл шет тілінен аударғанда «ерікті» деген мағынаны білдіреді. Ал біздің халықта мұны «Асар» деп те айтады.

Тарихи дерек көздеріне сүйенсек, 1920 жылы Австрия, Англия, Германия жəне Швеция мемлекеттерінде алғаш рет волонтерлер қозғалысы құрылған. Оның құрамында сарбаздар болған. Олар соғыстан кейін қирап қалған ғимараттарды жөндеп, сонау қиын шақтарда бір үзім нан тауып жеуге қиналып отырған отбасыларға көмек көрсеткен. Кейін осы азаматтар бірігіп, халықаралық волонтер лагерін құрғанын атап өткен орынды. Әлем тарихшыларының зерттеуінше, 1929 жылдан бастап АҚШ пен Болгария мемлекеттерінде волонтерлікке айрықша көңіл бөліне бастапты. Мұндағы басты мақсат – жұмыссыз жастарды еңбекке баулып, бір үзім нанның қадірін түсіндіру.

– Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастар ұйымдары көшбасшыларының 2020 жылды Волонтер жылы деп жариялап, тарихи-мәдени орындарға бірлескен археологиялық және іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл біз сияқты волонтер жастардың ерік-жігерін нығайтты. Айтпақшы, ағымдағы жылы белсенді жастарға «Жыл волонтері» атты халықаралық сыйлық берілмек. Біздің де бұл сыйлықтан дәмеміз бар, – дейді Гульфайруз Тукинова.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button