Қоғам

Әлеуметтік орталықтың қызметін жетілдіру қажет

Аймақ басшысы  Даниал Ахметов еліміздегі балаларға арналған арнайы әлеуметтік орталықтардың қызметіне заңнамалық өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтерді.

Аймақ басшысының төрағалығымен өткен көпбалалы отбасылардың мәселесін шешу  жөніндегі комиссия отырысында Аягөздегі балалар орталығының жағдайы да қаралды. Жуықта  ата-аналар мен педагогтар, Өскемен қаласындағы арнайы қызмет көрсету орталығының мамандарынан құралған комиссия орталық жұмысымен танысқан болатын.

Аталмыш орталықта психоневрологиялық ауытқулары бар 105 бала тәрбиеленуде. Олардың жартысынан көбі, яғни 82-сі ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар.

Орталық жұмысымен танысқан комиссия мүшелері балаларға қызмет көрсетілетін бөлмелер мен асхананың, сондай-ақ жатын орындарының қанағаттанарлық деңгейде екендігіне көз жеткізді. Алайда комиссия мүшелері орталық жұмысын әлі де жетілдіру қажет деген пікірде.

Қазіргі күні мұнда 170 қызметкер еңбек етеді. Орталықта негізінен психоневрологиялық ауытқушылығы бар балалар тәрбиеленіп жатқандығын, оның 24-інің өздігінен жүріп-тұра алмайтындығын ескерсек, оларға жүктелер жауапкершіліктің де зор екенін аңғару қиын емес. Комиссия төрағасы Айтқазы Шерубаевтың айтуынша, орталық қызметкерлері қиындықтарға қарамастан өз міндеттерін лайықты атқаруға тырысып жүр.

– Өздігінен жүріп-тұра алмайтын 24 бала ем алып жатқан паллиативті бөлім орталықтың екінші қабатында орналасқан. Ем алу, бір уақыт таза ауаға шығару үшін балаларды төменгі қабатқа түсіру қажет. Арбаларды қызметкерлер өздері көтеріп-түсіріп жүр. Сондықтан ғимарат сатыларын арбаға лайықтауымыз керек немесе арбаны арнайы көтеріп-түсіретін құрылғымен қамтамасыз етуіміз керек, – дейді комиссия төрағасы.

Ата-аналар балалардың оқу мен жазуды меңгеруінде оң өзгерістер бар екенін байқады. Ақыл-ойында ауытқушылығы бар балалардың сауатын ашу, сөйлеуге, әріпті дұрыс дыбыстауға үйрету – өте күрделі шаруа. Орталық психологы Ольга Пактың айтуынша, бұл үдерістердің барлығы ойын түрінде, дамытатын арнайы ойыншықтарды қолдану арқылы жүзеге асады. Олар болса оның тапшылығын сезініп отыр. Мұны комиссия мүшелері де растады. Жалпы, орталықта маман кадрларының жеткіліксіздігі де балаларды оңалту процесіне кері әсерін тигізуде. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, осы сынды оңалту орталықтарында психолог пен логопедтердің мөлшерлемесі 1,5 ставкадан аспауы тиіс. Ал орталықтағы балалардың ауыр диагноздары 1,5 мөлшерлемедегі мамандардың көмегін аздық етеді. Осы орайда комиссия төрағасы Айтқазы Шерубаев орталыққа қосымша педиатр мен психиатр дәрігерлері қажет екендігін алға тартты.

Орталықта шешімін күткен тағы бір үлкен мәселе – ата-аналардың балалары жөнінде толық ақпарат ала алмауы.

– Мұнда ерекше балалар тәрбиеленеді. Ата-анасы барлар өте аз. Орталық солардың өзін балаларымен тағыз қарым-қатынаста болуын қамтамасыз ете алмай отыр. Көптеген ата-ана балаларының емі мен оңалту процесі жөнінде толыққанды ақпарат берілмейтіні жөнінде шағым айтты. Оларға балаларының алып жатқан емі, денсаулығындағы оң немесе теріс өзгерістер жайлы толық ақпарат беру мәселесін басты назарға алуды ұсынамыз. Қазір технологиялардың дамыған ғасыры. Ата-ана баласы туралы апта сайын бейнежазба алып тұруын ұйымдастыру да артық етпейді. Сондай-ақ ата-ана баласының жанында бірнеше күнге қалатындай жағдай жасауымыз керек, сол үшін арнайы бөлмелер жасақталуы тиіс. Осы орайда әр тоқсан сайын ашық есік күнін өткізуді қолға алу қажет, – дейді Айтқазы Шерубаев.

Комиссия құрамына кірген ата-аналар жуынатын бөлме мен дәретханаларға бейнебақылау орнатылса дейді. Жалпы, орталық бейнебақылау камераларымен жабдықталғанымен, оны орнату кезінде дәл осы бөлмелер ескерілмеген. Сондай-ақ ата-аналардың тағы бір тілегі – орталыққа бейнекамерадағы көріністерді бақылап отыратын штат енгізу.

Комиссия ұсынысымен танысқан облыс басшысы аталмыш мәселелерді шешу мақсатында «Парыз» қоры арқылы қаржы бөлуді тапсырды. Сондай-ақ өңірдегі осы сынды мекемелердің жағдайын да назарға алу қажеттігін атап өтті.

– Комиссия мүшелері атап көрсеткен мәселелер осы сынды арнайы орталықтардың бәріне ортақ. Осындай мәселелерді қоғам назарын аударып, заңнамалық деңгейде шешуіміз қажет деп ойлаймын. Сондықтан жуық арада облысқа елімізде осыған қатысы бар мамандар мен сарапшыларды шақырып, балаларға арналған оңалту орталықтарының жалпыға ортақ мәселелерін ортақ алаңда талқылауымыз қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button