Қоғам

Әлеуметтік нысандарды аралады

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев  Шығысқа жасаған жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы денсаулық сақтау және білім беру нысандарында болып, өскемендік дәрігерлермен, ұстаздармен және жастармен кездесті.

Бердібек Сапарбаев сенбі күнгі жұмыс сапарын Өскемендегі бірінші облыстық ауруханадан бастады. Ол ғимараттың 50-ші жылдарда салынғанына қарамастан заманауи жөндеуден өткенін, талапқа сай жарақталғанын атап көрсетті. Бұдан соң вице-премьер роботты хирургия, ангиохирургия және трансплантология орталығына барып, еңбеккерлерімен кездесті.

Роботты хирургия орталығы былтыр ашылған. Содан бері мұнда 2022 ота жасалыпты, оның 222-сі роботтың көмегімен.

Бердібек Сапарбаев орталықтың жабдықталуын жоғары бағалап, дәрігерлерге сәттілік тіледі. Медициналық қызметкерлермен кездесуде ол ауруханалардың әрбір елді мекенде болуы керек екенін атап көрсетті. Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары жедел жәрдем көліктерінің санын көбейту қажеттігін де баса айтты, себебі алғашқы көмек дер кезінде көрсетілуі тиіс.

Мұнан соң вице-премьер Жібек маталар комбинаты шағын ауданындағы құрылысы аяқталған 200 төсек-орындық балаларға арналған қалалық ауруханада болды. Мекемеде ең жоғары – төртінші деңгейдегі медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл жерде нейро және кардиохирургия, офтальмология және оңалту бөлімшелері жұмыс істемек. Аурухана осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.

Келесі кезекте Премьер-Министрдің орынбасары осы мөлтек аудандағы №46 орта мектепте болды. Атап өтерлігі, бұл – облыс орталығындағы үздік білім ошақтарының бірі.

Мектеп басшылығы мәртебелі мейманға жаңа тұрпаттағы физика және биология кабинеттерін, интербелсенді тақтаны, сонымен қатар роботты техника сыныбын көрсетті. Мұнда оқушылар өздерінің техникалық әзірлемелерін таныстырды.

Вице-премьер оқу орнының жетістіктеріне ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымы мен шәкірттеріне табыс тіледі.

Осы жерде Бердібек Сапарбаев білім беру саласының еңбеккерлерімен жүздесті. Жиын барысында ол сынып жетекшілері өздерінің әр оқушысы туралы бәрін  білуі тиіс екенін баса айтты. Ол, сондай-ақ, оқушылардың да, мұғалімдердің де тәртібіне жіті назар аударылу қажет деген ойымен бөлісті.

– Балаларды жастайынан еңбекке баулыған жөн. Егер біз мектеп қабырғасынан балаларға еңбек етуді үйретіп, оның қадірін түсіндірсек, қазіргідей масылдық психология деген болмаушы еді, – деді вице-премьер.

Үкімет басшысының орынбасары ұстаздарды тәрбие жұмысын мықтап қолға алуға үндеді, ал мемлекет өз тарапынан мұғалімдер жалақысын арттырып, олардың беделін өсіруге күш салмақ.

Мұнан соң Бердібек Сапарбаев Пушкин атындағы кітапханаға ат басын бұрып, ақпарат және қоғамдық келісім вице-министрі Данияр Есинмен бірге өңірдегі шығармашыл және белсенді жастармен кездесті. Басқосуда ол жастарды өз туған ауылдарынан жыраққа кетпеуге шақырды.

– Адам білім мен тәрбие алған алтын ұясын ұмытпауы керек. Өкінішке қарай, ауылдарда қалатын жастардың қатары аз. Сондықтан біз арнайы бағдарлама әзірледік, соның аясында ауылдарда жайлы өмір сүруге қажет жағдайлар жасалмақ, яғни инфрақұрылымы жақсартылады, жолдары жөнделіп, демалыс орындары және басқа да әлеуметтік нысандар салынады. Жастардың спортпен, өнермен айналысуға мүмкіндігі пайда болады, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ол алдағы уақытта  жас кәсіпкерлерге берілетін арзан несиенің көлемі ұлғаятынын жеткізді.

Кездесуден кейін вице-премьер кітапхананы аралап, «Дала өркениеті», «Абай әлемі» кітап көрмелерімен танысты және осындағы Білім орталығында, Maker Space техникалық шығармашылық алаңында, балаларға, мүгедектерге арналған залдарды және жаңа қазақ әліпбиін оқыту залында, «Аз қамтылған отбасылардың балаларына арналған ағылшын тілі» әлеуметтік жобасын іске асырып жатқан жастар ресурстық орталығында болды.

Жиын соңында өскемендік әйгілі әнші Евгений Выблов құрметті қонаққа өзінің тұңғыш ән альбомын тарту етті.

Ауылдың дәрігерлері Англияда оқып жүр

Шығыстағы жұмыс сапары аясында вице-премьер Бердібек Сапарбаев облыс әкімі Даниал Ахметовпен бірге Алтай ауданында болды.

Ең алдымен Үкімет басшысының орынбасары Тұрғысын ауылының тұрғындарымен кездесіп, көпбалалы аналар мен зейнеткерлердің қал-жағдайларын сұрап білді. Жиында қазіргі өзекті мәселелер – атаулы әлеуметтік көмек, несие, еңбекақының өсуі жайлы айтылды.

– Сіздер білесіздер, осы ауылда бұрын да кездесу өткіздік. Біздің жұмыс – сіздерге Президент Жолдауында айтылған міндеттерді барынша түсіндіру. Халықтың әл-ауқаты мемлекеттің басты мақсаттарының бірі. Осы орайда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Бердібек Сапарбаев.

Алтай қаласындағы Инсульттік орталықтың жұмысымен танысқан вице-премьер мұндағы дәрігерлердің жалақысына баса назар аударды. Орталықта жұмыс істейтін жас маман Қайдар Құтжановтың Семейден жолдама арқылы келгеніне екі жыл болыпты.

– Жалақым 170-180 мың теңгенің аралығында. Үй берілді, жағдайымыз жаман емес, – дейді дәрігер.

Аудан орталығында заманауи медициналық құрылғылармен қамтылған Инсульттік орталықты ашу оңай емес екенін айтқан Бердібек Сапарбаев аурухана ұжымына алғыс білдіріп, облыс әкімі Даниал Ахметовтің әлеуметтік салалар бойынша жүргізіп жатқан жемісті жұмыстарына жоғары баға берді.

– Қай кезде, аудан орталығының дәрігерлері Англияға барып тәжірибелерін шыңдап еді, қай кезде аудан орталығында копьютерлік томография болып еді? Денсаулық және басқа да салалар бойынша Шығыс Қазақстанда істеліп жатқан жұмысты қазір ешқандай облыс жасай алып отырған жоқ, – деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары мен облыс әкімі Алтай қаласындағы «Горняк» мәдени орталығының ғимаратында халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Ержан Кеңесұлы,

Дарын Нұрсапар

Осы айдарда

Back to top button