Қоғам

Жеткізілген көмірдің сапасы тексеріледі

Көкпекті ауданында көмірдің тоннасы 16 мың теңгеден бастап сатылып жатыр. Оның үстіне тасымалдаушылардың жеткізу ақысы қосылады.

– Ауылға келген жүк көліктерінен бір тонна көмірді 18-19 мыңнан түсіріп алып жатырмыз. Баға әзірге қолжетімді. Маған бір қыста бес тонна қажет. Көмірдің сапасы аса керемет емес, жаман деп те айта алмайсың. Тез жанып кетеді екен, – дейді Мұқан есімді Қараөткел ауылының тұрғыны.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жылқышев ауданға жеткізілген барлық көмірдің сапасы тексерілетінін айтады.

Оның бізге берген мәліметіне сүйенсек, жалпы аудан тұрғындары бір қыста, шамамен, 33 мың тонна көмір жағады. Аудандағы 17 ауылдық округте 7916 жеке үй, 57 көпқабатты үй бар. Көмір тасумен елуден астам жеке кәсіпкер айналысады. Тасымалдаушылардың ішінде негізгісі екеу. Көлемі бойынша бірінші орынды «Виничук» жеке кәсіпкерлігі алады. Одан кейін «Иртыштранс» су жолымен тасымалдау компаниясы тұр.

Жергілікті нарықтағы алпауыт саналатын «Виничук» көмірді Абай ауданындағы Қаражыра кен орнынан алады. Тұрғындарға бір тоннасын 17 мың теңгеден сатады. Оның үстіне жеткізген қызметінің ақшасын қосады.

– Тым алыс ауылдарға тасудан бас тартамыз. Себебі басқа тапсырыстар кешеуілдеп қалады. Алыс ауылдың тұрғындары өз көліктерімен келіп алып кетеді. Көмірді от жағатын мезгіл біткенше тасимыз. Қыс бойы тоқтамаймыз. Тұрғындар тарықпайды, – деді «Виничуктың» өкілі Ольга Виничук.

Айтуынша, қазір қоймада екі мың тонна көмір бар.

Қайрат Жылқышевтың айтуынша, көкпектіліктер биыл тамыздықтан да қысылмайды. Кейбірі отынды орманнан арнайы рұқсатпен алса, басқасы ауыл аралап сататындардан алып отыр.

– Әзірге ауданда отынға деп әлеуметтік жәрдем алған ешкім жоқ. Алайда өтініш жазғандарға беруге дайынбыз, – деді Қайрат Жылқышев.

 

Ғимараттың жылуы адами факторға да байланысты

Аудандағы мемлекеттік нысандарға келсек, басым бөлігі (100-ге тарта) көмірмен жылытылады. Денсаулық сақтау саласы ғимараттарының тек біреуі, мәдениет нысандарының жетеуі электр энергиясына қосылған. Электр энергиясына қосылғандар, жоғарыда аталған салалармен салыстырсақ, білім мекемелерінде ғана көбірек. Саны – 19. Мұның сыртында дизель отынымен жылытылатын екі мектеп бар.

– Салыстырып айтар болсақ, электр энергиясына көп қаражат кетеді. Ал көмір ақшаға үнемді, – дейді Қайрат Жылқышев.

Біз аудандық аурухананың дайындығымен де таныстық.

– Жазда үш миллион теңге қаражатқа құрал-жабдықтар ауыстырылды. Қазандыққа жаңа сорғы мен су тазарту қондырғысы алынды. Бір ауысымда 8-9 тонна көмір жанады. Дәрігерлердің кабинеттері мен науқастардың бөлмелері бірдей температурада. Күн сайын өлшенеді. Отты пеш жағушы екі адам қолмен қалап тұрады. Ғимараттың жылы болуы адами факторға да байланысты. Сол себепті оларға демалатын бөлме де дайындағанбыз. Ішінде жуынатын бөлме мен әжетхана бар. Жұмысшыларға күніне бір литр сүт те беріледі, – деді Талғат Жұмағұлов.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жылқышевтың айтуынша, аудандағы барлық мекеме қысқа дайын. Жылу температурасы талапқа сай. «Алғашқы қар жауып, ызғар түсе бастаса да, көкпектіліктерге алаңдауға негіз жоқ» дейді бөлім басшысы.

Тасқын Болатұлы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button