Қоғам

Әлеуметтік ипотеканың игілігін көріп жатқандар көп

Жаңа үйге көшіп келгенге алдымен балалар мәз. Кең пәтерде асыр салып ойнап жүр. Дархан мен Ақмарал Мәлібаевтардың отбасы бұған дейін үш баласымен саяжайда тұрып келген еді. «Бақытты отбасы» бағдарламасының іске қосылғанынан хабардар болысымен олар бірден тиісті орындарға құжаттарын тапсырған. Көп ұзамай жанұядағы үш баланың екеуі тыныс жолдары ауруымен ауыратындықтан мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы ретінде баспана алу мүмкіндігіне ие болды.

– Үйдің бағасы 10  миллионнан аспауы керек деді. Он пайыздық алғашқы жарнасын өзіміз салдық, ата-анамыз көмектесті.  Пәтерді жаңа үйден алмаймыз деп шештік. Сол сомаға қаланың ортасынан үш бөлмелі пәтер тауып, бір жарым миллионын  есепшотқа салдық. Несиенің шарттары өте тиімді болды. Екі   пайызбен ғана берілді.  Мұндай бұрын болмаған шығар. 19 жылға алып жатырмыз. 8 жылда 80 мың теңгеден төлейміз. Қалған 11 жылда 56 жарым мың теңгеден төлейміз,-дейді Ақмарал.

Естеріңізге сала кетейік,  маусым айында елімізде Елбасының тапсырмасымен  көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылған болатын. Әлеуметтік ипотека шарты бойынша, несие жылына екі  пайыздық мөлшерлемемен 19 жылға беріледі.  Алғашқы жарна көлемі  10 пайыз екендігін жазған болатынбыз. Сондай-ақ бұл ипотека халықтың үш санатына ғана берілетіндігін де естеріңізге сала кетейік. Оған – көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы барлар мен жалғыз басты аналар, әкелер кіреді. Жалғызбасты жандарға қойылатын бір талап – ажырасу мерзімі үш жылдан кем болмауы керек.

«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»  Шығыс Қазақстан  облыстық филиалының бізге берген ақпаратына сүйенсек,  «Бақытты отбасы» бағдарламасының  шарты  бойынша,  бір адамға шаққандағы табысы 42 500 теңгеден аспайтын отбасылар қатыса алады.

Мәселен, егер отбасы алты адамнан тұрса, онда оның жалпы табысы 255 мың теңгеден аспауы керек. Сондай-ақ олардың ешқайсысының атында үй болмауы тиіс. Банк өтінімді мақұлдағаннан кейін баспана таңдауға үш ай уақыт береді. Пәтерді жаңасын да немесе қазіргі нарықтағы тұрғын үйлерден де алуға болады.

  • «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша баспананы тек қаладан емес, аудандағы жер үйлерді де сатып алуға болады. Қазіргі күні банкке облыс тұрғындарынан  157 өтініш келіп түсті. Оның жалпы соммасы  1 млрд. 363 млн. теңгені құрайды. Өтініштердің  97-сі қанағаттандырылып,  836 миллион теңгенің несиесі берілді. Тағы 59 өтініш қарастырылуда,-дейді банктің қоғаммен байланыс менеджері Дәулет Болатбаев.

Жарнасы жоқтарға көмек беріледі

Осы бағдарлама бойынша баспаналы болғысы келетін жандар өзінің санатқа кіретіндігін растайтын құжатты жергілікті жердегі тұрғын үй қатынастар бөліміне апарып тапсырып, сол жерден банкке жолдама алады. Өскемен қалалық тұрғын үй қатынастар бөлімінің басшысы Фархат Жилибаевтың айтуынша, бүгінгі күні тек Өскемен қаласы бойынша 350 өтініш қабылданып, оның 166-сына банкке жолдама берілген. Олардың 107-сі өзінің төлем қабілетін дәлеледеп, 97-сі қоныс тойларын да тойлап тастады.  Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болуы міндетті. Олай болмаса, банктен дербес шот ашуға құқығы бар. Сондай-ақ бастапқы жарнаға қаржысы жетпегендер әкімдіктен бір миллион теңгенің тұрғын үй сертификатын алуға хақылы.

–  «Тұрғын үй серти­фикат­тарын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес оның екі түрі белгіненген. Бірі өте арзан кредит түрінде беріледі, ал екіншісін алғандардан миллионды қайтару талап етілмейді,-дейді Фархат Патрисұлы.

Тұрғын үй сертификаты табысы 42,500 теңгеден аспайтын жандар үшін қайтарымсыз берілсе, табысы осы сомадан асатын тұрғындар үшін  пайызы 0,01% аспайтын төмен мөлшерлемемен беріледі. Сондай-ақ бұл сертификат баспананы жаңа үйлерден пәтер аламын деп шешкендерге ғана бұйыратындығын  атап өткен жөн. Қазіргі күні Өскемен қаласы бойынша мұндай көмек 30 шақты отбасыға берілмек.

               Тұрғын үй сертификаты  несиенің бір түрі ме?

Тұрғын үй сертификаттары  Қазақстан ойлап тапқан жаңалық емес. Ол әлемде бұрыннан қолда­нылады. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Ресей Үкіметі біраз жылдан бері осы серти­фикаттарды беру кестесін бекітіп келеді. Рас, оларда да тұрғын үй сер­тификаты кім көрін­генге берілмейді. РФ Федералдық заңы бойынша серти­фикаттарға жұмыстан босатылатын баспанасыз әскерилер, ІІМ қызметкерлері, Чернобыль секілді радиациялық апаттар мен авариялар құрбаны болған немесе олардың зар­даптарын жоюға тартылған ресейліктер, табиғи апат кесірінен мәжбүрлі көшу­шілер, Қиыр Солтүстік (Крайний Север) аудандарынан және соларға теңесті­рілген жерлерден қоныс аударушылар иелене алады.

Сонда бұл екеуінің айырма­шылығы қандай? Оның біріншісі, яғни «әлеуметтік көмек» деп аталатыны – аза­маттарға тегін, еш ақысыз жә­не қайтарусыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаты. Екіншісі, яғни «әлеуметтік қолдау» деп аталатыны – азаматтарға бюджеттік кредит түрінде, яғни ақылы әрі қайтарымды негізде, оның үстіне шектеулі белгілі бір мерзімге ғана берілетін тұрғын үй сертификаты. Жалпы, оның тек кредит деген аты ғана, әйтпесе, пайызы өте аз – 0,01%.

«Бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, әкімші (әкімдік) өтініш берушімен және сенім білдірілген өкілмен жылдық 0,01% сыйақы ставкасы бойынша 15 жылға дейінгі мерзіммен кредиттік шарт жасасады. Бюджеттік кредиттер беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді» деп түсіндіріледі құжатта.

Қазақстанда бұл игілікке нақты қандай санаттағы азаматтар қол жеткізетінін жергілікті әкімдіктер өздері анықтайды. Әкімші бекітілген тізбені жә­не тұрғын үй сертификаттарын алу мүмкіндігі туралы ха­бар­ланды­руды интернет-ресурстарда жа­­риялануын қамтамасыз етуі шарт. Аталған санатқа жататын азаматтар баспананы ипотекаға алуға өтініш берген кезде екінші деңгейлі банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті барлығы туралы жазбаша хабарламаны қоса ұсынады. Тұрғын үй сертификатын алу үшін мынадай құжаттар қажет: тиісті формадағы өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, жұмыс орнынан анықтама, тұрғылықты жерінен тиісті елді мекенде тұратынын растайтын мекенжай анық­тамасы, несие сомасы, бас­тапқы жарнаның мөлшері және эскроу-шот реквизиттері жайындағы мәліметтерден тұратын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қарыз берудің мақұлданғаны туралы банктің хаты ұсыны­луы керек.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button