Қоғам

Әлеуметтік бағдарламалардың игілігін көрді

Онлайн  баспасөз мәслихатында Семей қалалық  жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері   мүмкіндігі шектеулі  адамдарға қолдау көрсету шаралары, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және атаулы әлеуметтік көмек туралы мәлімет берді.

 «Атаулы әлеуметтік көмек» бағдарламасын іске асыруға биыл  1,5 млрд. теңге бөлінді. Тұрмысы төмен отбасы балаларын кепілді әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге шамамен 265 мың теңге бөлінді.

Төтенше жағдайлар кезеңінде АӘК өтінішсіз автоматты түрде 5 % өсірілген көлемде 2160 отбасына  тағайындалды. Сонымен бірге, автоматты түрде, өтініш берушілерсіз ағымдағы жылдың 3 және 4 тоқсандарына АӘК тағайындау өтініштері туралы мәліметтер жасалды. Бүгінгі күні АӘК 2756 отбасына тағайындалды – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Самаев.

Сонымен қатар баспасөз мәслихаты  барысында биылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасындағы балаларға кепілді әлеуметтік пакет енгізілгенін атап өтті. Азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі әлеуметтік пакеттер бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға беріледі. Кепілді әлеуметтік пакеттің екінші түрі, орта білім беретін мекемелердегі 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға оқу жылы көлемінде беріледі. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік әлеуметтік пакет төрт бөліктен тұрады: мектептерде ыстық тамақ, мектеп киім үлгісі, мектепке қажетті жабдықтар және қалалық қоғамдық көліктерге 50 пайыздық жеңілдік. Алты жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың кепілді әлеуметтік пакеттері жалпы білім беру шеңберінде білім беру ұйымдары арқылы беріледі.

Бүгінгі күні азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі кепілді әлеуметтік пакетті 1980 отбасы алады. Келесі жылдан бастап 1 жастан 6 дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік пакеттерді әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы беру жоспарлануда. Қаланың бес кітапханасында және «Жанұя» отбасын қолдау орталығында жеті өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылған.

 Жыл басынан бастап «Еңбек» бағдарламасымен 3409 адам қамтылды. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қажетті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқуларға 227 адам жолданды. Оқыту тоғыз оқу орындарында тоғыз мамандық бойынша жүргізілуде, олар: слесарь-сантехник, кран машинисі, ауылшаруашылық өндірістік тракторшы-машинисі, саяхат жөніндегі менеджер, тігінші, аспазшы, кондитер, наубайшы, дәнекерші.

  • Бағдарламаның екінші бағыты – жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Микронесиелерді алуға 1,8 млн. теңге берілді. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асырудың мемлекеттік грантын 218 адам алды, грант сомасы 121 млн. теңге. Грант ірі қара мал өсіру, кондитер өнімдерін дайындау, тігінші қызметі және тағы да басқа жабаларды жүзеге асыруға берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты – халықты жұмыспен қамту және еңбек ресурстарын жұмылдыру арқылы еңбек нарқын дамыту. Аталған бағыт шеңберінде тұрақты жұмыс орындарына 833 адам орналастырылды. Жұмыссыз жастар уақытша жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға орналастырылды – деді Айдар Самаев.

«Еңбек» бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күні Семей аймағында мүгедектігі бойынша арнайы және мемлекеттік жәрдемақысын 13 865 адам алады, соның ішінде 1391 мүгедек балалар.

Мүмкіндігі шектеулі адамдарды оңалту медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерімен жасалған және мүгедектерге қажетті жабдықтармен, қызметпен қамтамасыз етуге бағытталған мүгедектерді оңалту жеке бағдарламалары негізінде жүргізіледі. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсетуге 3650 адам хабарласты.

Мүгедектерді әлеуметтендірудің деңгейін көтеру мақсатында олар техникалық қосалқы жабдықтармен – протезді-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифло-жабдықтармен, арнайы қозғалу жабдықтарымен, санаторийлік-курорттық емделумен, міндетті гигиеналық жабдықтармен, жеке көмекшілердің қызметтерімен және ымдау тілінің мамандарымен қамтамасыз етілуде. 1-2 топтағы нашар көретін мүгедектер қалалық көліктерде тасымалдаушының есебінен тегін жүреді. Есту қабілеті бұзылған адамдарға «Semei» телеарнасында күнделікті жаңалықтардың сурдоаудармасы жүзеге асырылады. Сонымен қатар жыл сайын белгілі даталарда және мереке күндерінде бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі – деді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айдар Самаев.

Сонымен қатар баспасөз мәслихатында хабарлағандай, қиын өмірлік жағдай (өрт, табиғат апаттары, әлеуметтік маңызды аурулар және т.б.) туындағандағы бірреттік әлеуметтік көмек жан санына шаққанда кірістері ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға беріледі. Бүгінгі таңда күнкөріс минимумы 36 157 теңге. Көмектің бұл түрі бойынша отбасы табысын есепке алып өтініш білдіру қажет.

Халықтың жүріп-тұрулары шектеулі топтарының қажеттігі үшін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарын бейімдеу бойынша жұмыстар жалғасуда. Көптеген мекемелердің ішінде табалдырықсыз аймақтар құрылған, тактильді жолақтар және плиталар бар. Биылға 75 нысанды бейімдеу жоспарланған, оның 26 нысанында бейімдеу жұмыстары аяқталды.

 Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button