COVID-19 

Әлеуметтік қашықтықты сақтаған жөн

Облыста коронавирус індетінің күн сайын өршіп бара жатқанын тұрғындардың қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамауынан деп айтса да болады.  Сол себепті бетперде кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау туралы бұл жолы  облыстық денсаулық сақтау басқармасының “Шығыс Қазақстан облыстық фтизиопульмонологиялық орталығы” ШЖҚ КМК бас дәрігері Динара Сәдуақасова айтып берді.

Орталық басшысы шығысқазақстандықтарға коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупін азайту үшін қоғамдық орындарда және көлікте өзін қалай ұстау керектігін түсіндірді.

Оның айтуынша, ең алдымен әлеуметтік қашықтық пен этикетті сақтау қажет. Вирустар ауру адамнан сау адамға ауа тамшыларымен берілетіндіктен, мысалы, түшкіру және жөтелу кезінде адамдар бір-бірінен кемінде бір метр қашықтықта болуы керек. Мүмкін болса, көзге, мұрынға немесе ауызға қол тигізбеуге тырысқан жөн. Жөтелу және түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды бір рет қолданылатын майлықтармен жабу керек, оларды қолданғаннан кейін бірден лақтырып тастаған дұрыс.

– Қолыңызды сабынмен жиі жуыңыз. Қол гигиенасы-тұмау мен коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алудың маңызды шарасы. Сабынмен жуу вирустарды жояды. Егер сабынды қолдану мүмкін болмаса, алкоголь бар дезинфекциялық майлықтарды немесе басқа антисептиктерді қолданыңыз. Сондай-ақ гаджеттер, үстел-орындықтар беттерін, есік тұтқаларын және басқа да тұрмыстық заттарды үнемі залалсыздандырып отыру керек, – деп ескертеді Динара Сәдуақасова.

Індеттің алдын алу шараларының ішінде медициналық маска кию ерекше маңызды. Бас дәрігердің пікірінше, бетперде тыныс алу органдарын сыртқы ортадағы вирустардан қорғайды. Сонымен, маскалар адамдар көп жиналатын жерлерге, қоғамдық көліктерге барған кезде, ЖРВИ ауруының өсуі кезінде, жедел респираторлы вирустық инфекциялармен ауыратын науқастарға күтім жасау кезінде, ЖРВИ белгілері бар адамдармен қарым-қатынас кезінде, сондай-ақ ауа тамшыларымен берілетін басқа инфекциялармен жұқтыру қаупі кезінде қолданылады.

-Қоғамдық көлікке міндетті түрде бетпердемен кіру керек. Сонымен қатар айналаңыздағы жолаушылардан, кондуктордан осы сақтық шарасын орындауды талап етіңіз, – деп қосты Динара Жамбылқызы.

Коронавирустық инфекциядан және басқа вирустардан қорғау үшін масканы дұрыс кию керек. Динара Сәдуақасова  бетперде ауыз бен мұрынды тығыз жауып, екі жанынан бос орын қалдырмауға тиіс екенін айтты.

– Оны шешкен кезде бетіне қолдарыңыздың тиіп кетпеуіне мұқият болу қажет. Егер байқаусызда тиіп кетсе, қолды сабынмен жуу керек, не болмаса спиртті қоспамен залалсыздандыру міндетті. Бірреттік масканы бірнеше рет қолдануға болмайды, дымданып кеткен масканы ауыстырып, тазасын кию керек. Ал пайдаланылған масканы жою керек, – деп толықтырды бас дәрігер.

Тұрғындар қарапайым санитарлық талаптарды сақтай отырып, қоғамдық көпшілік орындарға барудан аулақ болуға тырысса, өзін де, жақындарын да коронавирустық инфекциядан және басқа вирустардан сақтар еді. Динара Сәдуақасова салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына да тоқталды.

– Салауатты өмір салты ағзаның инфекцияға төзімділігін арттырады. Дұрыс күн  режимін, оның ішінде ұйқының қануын сақтау керек. Ақуызға, дәрумендерге және минералдарға бай тағамдарды тұтынып, физикалық белсенділікті сақтаған жөн, – деп ескертті бас дәрігер.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button