Қоғам

Әлеуетін әуелеткен әулет

Әлеуетін әуелеткен әулет


Зайсан ауданының тұрғындары Әбішевтер әулетін ерекше құрметтейді. Әулеттің бәйтерегі, отбасының ұйытқысы Ахметсәлім Қасенұлы бұдан 74 жыл бұрын дүние есігін ашқан, жастайынан еңбекке араласып, механизаторлар даярлайтын училищені тәмамдап, темір тұлпарды тізгіндеді, жүргізуші болып еңбек етті. Техникумды аяқтаған соң механик мамандығын алып, мекемеде инженер, бас механик болды. Ұзақ жылғы еңбегі лайықты бағаланып, марапаттарға ие болды. Бүгінгі мақалаға өзек болып отырған Шаһар апайдың (Шиармен) өмір жолы, қызметі көпшілікке үлгі болғандай.

Бір мекемені 43 жыл бойы басқарып келеді

Әбішевтер әулетінің тірегі, ақылшысы, абзал ана Шаһар Шөкейқызы 1939 жылы Сарытерек ауылында дүниеге келді. Әкесі Шөкей жайлы ауылдастары әлі күнге жыр қылып айтып отырады, еңбексүйгіш, қайырымды, елге сыйлы қария ағынды, бой бермейтін Кендірлік өзенінің арнасын бері бұрып, Балықбайға дейін жеткізген соң, ауылдастары ол жерді «Шөкей тоғаны» деп атап кеткен. Ол ол ма, тыным таппайтын ақсақал Сауыр-Сайхан тауларына төте жол салып, кейін ол «Шөкей жолы» деген атауға ие болған. Қазір Сарытерек ауылының бір көшесіне қарияның есімі берілген. Ал анасы — Әлпия Сәкібаева ұзақ жылдар балабақшада қызмет еткен, 100 жасында дүниеден өтті. Міне, текті әулетте тәрбиеленіп, ата-анасының ақыл-кеңесін құлағына құйып өскен Шаһар Шөкейқызы мектепте жақсы білім алды, қайырымды, өзінен гөрі басқалардың қамын ойлайтын бойжеткен болып өсті.
— Әлі есімде, — деп әңгімесін бастады жақында бізбен кездескен Шаһар апай? — Сарытеректегі мектепте 9-шы сыныпты бітірген кезде ол жабылып қалды. Сосын Қаратал ауылындағы орта мектепте оқуымды жалғастырдым. Сол жылы күзде Өскемендегі медбикелер әзірлейтін бір жылдық курсты аяқтаған соң Ақжардағы ауруханаға қызметке жіберді. Азды-көпті тәжірибе жинаған соң, білімімді жалғастыру мақсатында 1960 жылы Өскемен қаласындағы медицина училищесінің кешкі бөліміне оқуға түстім. Күндіз Үлбі металлургия зауытының емханасында медбике болып қызмет еттім, кешке оқуға барамыз. Ол кезде қазіргідей қаптаған жоғары оқу орындары жоқ, өзімізді академияда оқып жүргендей сезінетінбіз. Сөйтіп, 1965 жылы диплом алған соң, облыстық денсаулық сақтау басқармасы мені Зайсандағы аудандық аурухананың жедел жәрдем бөліміне қызметке жіберді. Тоғыз айдан кейін маған үш бөлмелі пәтердің кілтін берді, ол кезде пәтер алуға екінің бірінің қолы жете бермейтін, жас маман болған соң құрметке ие болдық. Бұл шаңырақта екі баламыз дүниеге келді, тұңғышымыз Аэлита, одан кейінгі бір қызымыз төрт айында көз тиіп, шетінеп кетті. Арада біраз уақыттан кейін аудандық жолды пайдалануға беру басқармасында бас механик болып қызмет ететін Ахметсәлімге осы үйді берді, міне, 42 жылдан бері қасиетті шаңырақта тұрып жатырмыз.

Арада екі жыл өтті. Өз ісіне мығым, білімді де білікті балалар дәрігері Шаһар Шөкейқызын бір күні сол кездегі аудандық аурухананың бас дәрігері Қазима Бақтыбаева шақырып алып, аудандық профилактикалық дезстансаның бас дәрігері қызметіне баруға кеңес берді. Түрлі кемірушілер, айналасына сүзек, бруцеллез, басқа да сырқаттарды тарататын тышқан, қоңыз, тіпті масаны дер кезінде улап, құртып отырмаса, соңы жақсылыққа апармайтыны сөзсіз. «Егер алдын – ала дезинфекция жүргізілмесе, түрлі микробтардың тамырына балта шаппаса, ол адам денсаулығына қатер төндіретіні сөзсіз», — дейді Шаһар Шөкейқызы. — Сондықтан да біз барлық мекемелермен дезинфекция жасауға келісімшартқа отырамыз. Бұрын Зырян ауданы бізбен келісім жасаса, соңғы бірер жылдан бері Күршім ауданының мекемелері де қызығушылық таныта бастады.

Сол жылдары Шаһар Шөкейқызы басқаратын ұжымда 72 адам жұмыс істеп, ауданның барлық елді мекендеріне қызмет көрсетті. Аудандық, облыстық жиын-кеңестердің барлығы үнемі Зайсанда өтіп тұратын, озық тәжірибе республика көлемінде таратыла бастады. Ш.Әбішева жетекшілік ететін мекеме республикалық, облыстық байқауларда сан мәрте жеңімпаз деп танылды. 1985 жылы Шаһар Әбішеваның денсаулық саласындағы қызметі лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. «Еңбек ардагері», мерекелік медальдар, түрлі байқаулардың жеңімпазы белгілері кеудесінде жарқырайды. Зайсан ауданының құрметті азаматы, Денсаулық сақтау министрлігінің облыс әкімінің Құрмет грамоталары, кәсіподақ саласының мақтау қағаздары қарапайым еңбек адамының келбетін аша түскендей. Соңғы төрт жылдан бері Астанадағы кәсіпкерлердің жұмысына баға беретін жоғары бизнес рейтинг орталығы Ш.Әбішева басқаратын мекемеге төрт рет «Сала көшбасшысы» атағының алтын және күміс медальдары берді. Оған ие болғандардың қатарында мекеме басшысы Ш.Әбішева, К.Өкімбаева, Б.Батырханова бар.

Бұл күндері аудандық дезинфекция мекемесінде 21 адам қызмет етеді. Соңғы бірнеше жылдан бері ол жеке меншікке өткен. Қат-қабат жұмыстардан босай қалған кезде Шаһар апай өзі басқаратын мекемеге келіп, орынбасары Күлбарам Өкімбаевамен бірге алда тұрған міндеттерді талқылайды, көрші аудандардағы мекемелерден түсіп жатқан келісімшарттарға шолу жасайды. Күлбарам Өкімбаева осы мекемеде 42 жыл қызмет етеді. Сонымен бірге, осы ұжымның ыстық-суығына бірдей төзіп келе жатқан бас есепші Ольга Бычкова, Бибігүл Батырханова, Семейгүл Әбетаева, тағы басқалар жайлы жылы лебіз білдірген орынды.

Жұлдызының кәсібін жалғастырып отыр

Ахметсәлім мен Шаһардың отау құрғанына жарты ғасыр толды. 1966 жылы шаңырақ көтерген отбасының бір жылдан кейін тұңғыш қызы Аэлита дүниеге келді. Одан кейін Жұлдыз, Серік деген ұл-қыздары туды. Бір қызының төрт айлығында шетінеп кеткені жайлы айтқанбыз.

Аэлита (жерлестері еркелетіп Айка деп атап кеткен) Ахметсәлімқызы мектепте жақсы оқыды, спортпен бала кезінен шұғылданды. 1989 жылы Өскемендегі педагогикалық институтта оқып жүрген кезде дзюдо күресімен мықтап шұғылданды. Республикалық, облыстық жарыстарда сан мәрте топ жарды. Жоғары оқу орнын бітірген соң «Қайрат» ерікті спорт қоғамында еңбек жолын бастады, соңынан «Атамекен» мемлекеттік мекемесінің туризм бөлімінде қызметін жалғастырды. Бала кезінен текті жанұяда өсіп, тәрбие алған Айкада еркектердің өзінде сирек кездесетін ізденгіштік, бастамашылық қасиеттері жетіп артылатын. Нарық келгенде «қолы қимылдағанның, аузы қимылдайды» деген қағидаға сүйеніп «Жанэл» атты туристік фирманы ашады. Өмірлік қосағы Мейрамбек Байжұманов екеуі шаруа қожалығын құрып, ірі қара, жылқы, қой өсіруді қолға алады. Ол ол ма, спорт десе ішкен асын жерге қоятын талапты қыз аңшылықпен, таза қанды ағылшын тұқымды жылқы өсірумен айналысады. Кәсіпкерлікпен шұғылданған жылдары демеушілікке жете көңіл бөледі. Кіндік қаны тамған Зайсанда осыдан 15 жыл бұрын 7 миллион теңгеге мешіт салып берді. 2010 жылы көктемде Тасбастау ауылында тасқын су ондаған үйді қиратып кеткен кезде алғашқылардың бірі болып көмекке келіп, миллиондаған теңгенің азық-түлігін жеткізіп берді. «Үміт» балалар үйінің сәбилері Айканы ерекше құрметтейді. Қазір Аэлита Зайсанның табиғаты тамылжыған кіші Жеменей өзені бойында аңшылық мекемесін ашып алған, Қызыл кітапқа енген аң-құстарды қорғап, тау қойнауында тауыс, қырғауыл, басқа да аң-құстарды өсіріп, бағуда. Аумағы 376 мың гектар табиғаттағы аң-құс флорасын қорғау, мемлекеттің рұқсатымен аң аулауға қомақты қаржы төлеп, лицензия алған аңшыларға жағдай жасау, олардың қасына қорықшыларды қосып беру де Айканың мойнында. Ол ол ма, биыл көктемде іскер қыз 1 мың түп алма ағашын отырғызыпты. «Айка» шаруа қожалығының төрайымы, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалінің иегері, бүгіндері 300 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Аэлитаның алар асулары әлі алда.

Мейрамбек, Аэлита Әбішевтердің үш баласы бар. Үлкен қыздары Жанэл — фармацевт, Алматыда тұрады, Әйгерімі Лондонда білім алған, қазір Астана қаласында тұрмыста, ал кенжелері Тамирлан 11-сыныпта оқиды.

— Жұлдызым аман болса, ақпанда 45 жасқа толар еді. Амал бар ма, бұдан 11 жыл бұрын жол апатынан қайтыс болды. Соңында жанындай жақсы көретін қызы Айтоты қалды, қазір ол өсіп қалды. Міне, бүгін қызыма арнап құран-қатым түсіріп отырмын. Мектепті күміс медальға бітірді. Алматы мемлекеттік медицина институтын үздік бітірген соң, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқармасында қызмет етті. Сосын дезстансада қызмет етіп, кейін оны жекешелендіріп алды. Аудандағы дәріханалардың барлығы жекеленіп кеткен соң, бізді де кәсіпкер деп атай бастады. Жұлдызым саудаға бейім болатын, сондықтан болар, «Караван» атты шаруа қожалығын құрды, мал өсірді, аудан орталығында базарды пайдалануға берді. Жұлдызым спортты ерекше ұнататын, ауданда волейбол командасын құрды, облыстық жарыстарға командасын өзі қаржыландырып апаратын, сан мәрте оның қыздары топ жарып жүрді. Серігіміз де кәсіпкер, өзінің екі «Камазымен» көпшілікке қызмет көрсетуде. Ұлымыз екеуіміз 2009 жылы қажылық парызымызды өтіп қайттық, — деп сол күндерді еске алды Шаһар апай.

Жанындай жақсы көретін Жұлдызы қаза тапқан соң, Шаһар апай оның кәсібін жалғастыруды борышы санайды. Қазір орталық базарда жүзге тарта адам сауда жасап тұр. «Караван» шаруа қожалығында 102 сиыр, 60 бұзау, 20 жылқысы бар. Кәсіпкер апамыздың мына бір игі ісі аудан тұрғындарының ризашылығын туғызды.

Зайсан ауданында жыл сайын мал басы өсіп келеді. Аудан тұрғындарының негізгі тіршілігі мал, оны сатып, игілігін көру екені белгілі. Шаһар Әбішеваның бастамасымен өткен жылдан бері малды тірідей, сойып сататын базар ашылды. Мұнда ет, балық сататындарға чек беріліп, сол арқылы салық төленеді, сауда жасаушылыр небәрі 500 теңге төлейді. Жәрмеңке күні базарда бірнеше жұмысшы еңбек етеді, олар таңғы төрттен қызметке кіріседі. Қысқасы, Шаһар Шөкейқызының жәрмеңке – базары ашылғалы малын сонау Өскеменге, Семейге апаратындар саны күрт қысқарды.

Аудандағы білдей бір денсаулық сақтау мекемесіне 55 жыл бойы жетекшілік еткен, қызы Жұлдызының кәсібін жалғастырып отырған, енді бірер айдан соң 77 жасқа толатын Шаһар Шөкейқызының ғибратты ғұмыры кімге болса да үлгі-өнеге болғандай. Абыройыңыз арта берсін, Зайсанның ардақты анасы!

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button