Әлеуеті көп, жағдайы жоқ сала
Қазақстанға жылына 500 млн. доллардың ағаш өнімі импортталып отыр. Соның ішінде Шығыс Қазақстанда орналасқан кеден бекеттері арқылы шет елдерден жыл сайын ішке қарай 400 мың АҚШ долларының ағаш өнімдері әкелініп жатыр.
Қалың ағашқа жеткізетін жол керек
Аймақта мемлекеттік орман қорының есебіндегі орман алқабы 3 705 621 га құрайды. Қалың орман ішіндегі ағаш қоры – 205 млн. текше метр. Қазақстандағы барлық орман қорының тең жартысынан астамын құрайтын Шығыстың орманындағы ағаштардың негізін бағалы қылқан жапырақты қарағай, самырсын, шырша, жапырақты ағаштар, сібір қарағайы құрайтын көрінеді.
Қолданыстағы заңдылықтарға сай өнеркәсіптік ағаш аймақтағы 13 орман шаруашылығында дайындалып келеді. Облыстың орман қорындағы басқа участоктарына орман пайдаланудың әр түрлі тәртібінде (қорықтық, тапсырыстық, шаруашылық жүргізуге шектеу қойылған тәртіптегі) шектеу қойылған.
Облыста ағаш негізінен 13 орман шаруашылығының жетеуінде: Зырян, Риддер, Верх-Уба, Малая Уба, Пихтовое, Черемшанка, Өскемен орман шаруашылықтарында дайындалып келеді. Жыл сайын осы шаруашылықтардан 1 млн. 186 мың текше метр ағаш кесуге рұқсат етілген. Алайда, соңғы бес жыл бойы аймақта дайындалып отырған ағаш көлемі 225 мың текше метрден аспай отыр. Оның 70 пайызға жуығы отындық ағаш екен.
-Облыста ағаш дайындау көлемінің аздығына ең бірінші шикізат ресурсының тауарлық-тұқымдық құрамы әсер етіп келеді. Орман ағаштарының көпшілігі сұранысы төмен жапырақты ағаштар болып келеді. Біздің орманда отындық ағаштардың көптігі де орман ағаштарын дайындайтын кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштеріне кері әсер етіп отыр. Қазір отындық ағаштарға деген сұраныс аса көп емес, бұл ағаштар тек жергілікті тұрғындар қажетіне ғана дайындалуда, – дейді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының басшысы Арман Өтеповтің қатысуымен Өскеменде өткен «Өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылдың 15 маусымында шыққан Заңды түсіндіру, Шығыстағы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесінің болашағы мен өзекті мәселелері талқыланған кеңесте облыста орман өнеркәсібін дамытуға қолдау көрсету керектігі мәселесі көтерілді. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы кеңесте ағаш дайындау, орман өнеркәсібін дамыту үшін бәрінен бұрын ағаш өңдеумен айналысып жатқан кәсіпорындардың ағаш дайындау, өңдеу шығындарын төмендетіп, оларға орман ішіне баратын жолдар, көпірлер салуға, басқа да қадау-қадау көп мәселелерін шешуге қол ұшын беріп, көмектесу қажеттігін атап айтты. Ресейден келіп жатқан ағаш өнімдері түрлерінің аса көптігі де облыстағы орман өнеркәсібі кәсіпорындарының өркендеуіне кедергі болуда. Әлеуеті аса жоғары бола тұра, жұмысы әупірімдеп әрең жүріп жатқан орман өнеркәсібін дамыту үшін қалың ағаштың ішіне жеткізетін жол керек екенін облыс орманшылары кеңес өткен сайын көтеріп келеді. Сонымен бірге, батпақты, тау-тасты, жартасты жердегі орманға кедергісіз барып, басқаларын бүлдірмей, бөлінген ағашты ұқыптап қиып, кесіп алатын қолайлы, заманауи бесаспап техника қажет. Дайындалған ағашты қайта өңдеп, шеттен келіп жатқан материалдардың сапасындай етіп өтімді өнім шығаратын құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар керек. Мұндай мүмкіндіктер біздің орманшыларымыздың, кәсіпорындарымыздың кейбіреуінде ғана бар.
Мамандардың айтуынша, аймақта ағаш дайындауды, өңдеуді дамытуға мүмкіндік беретін басты бағыттардың бірі жапырақты ағаштарды өңдейтін өндірістер ашу болып отыр. Кесіп-қиюға босатылып отырған шығыстың мемлекеттік орман қорындағы ағаштың басым бөлігін – 621 мың гектарын осындай жапырақты ағаштар, 355 мың гектарын қылқан жапырақты ағаш түрлері құрайды. Зырян қаласындағы фанер шығаратын «Фаворит», Глубокое ауданының Черемшанка ауылындағы ағаш сыналар өндіретін «Бандуров» ЖК кәсіпорындары өз тауарларын шығаруға осы жапырақты ағаштарды пайдаланып отыр. Екі жыл бұрын іске қосылған «Мелисса» ЖШС де ОSВ плиталарын жапырақты ағаштардан шығарып жатыр. Бір ғана бұл шағын кәсіпорынның қуаты жылына 90 мың жапырақты ағашты қайта өңдеуге жетеді. Жуықта өртеніп кетіп, өндірісі тоқтап қалған «Мелисса» күзден бастап өз жұмысын қайта бастамақ.
Жуықта күшіне енген «Өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заңда көрсетілгендей, 2019 жылдан бастап ауылдық жердегі орман қорғау қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға өспек. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасының басшысы Арман Өтепов Шығыс Қазақстандағы орман шаруашылықтарының проблемалары мен аймақта орман өнеркәсібін дамытудың өзекті мәселелерін шешудің жолдары қарастырылатынын, кеңесте айтылған, жолданған ұсыныстардың ескерілетінін жеткізді.
Су құзғыны мен аюдың әлегі
Шілдеден бастап қолданысқа енген «Өсімдіктер және жануарлар дүниесі мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң бойынша енді тыйым салынған балық аулау құралдарын, ауларды сатумен айналысатындар әкімшілік жауапқа тартылмақ. Сондай-ақ, биылдан бастап жаңа заң бойынша Ұлттық табиғи парктер мен арнайы қорғалатын аумақтарда аң аулауға тыйым салынады. Өңірлерде аңдар мен құстар, жануарлар дүниесін қорғауды күшейту үшін жергілікті атқарушы органдар өз алдына аңдарды қорғау ұйымдарын құра алады. Табиғи су көздерінде балық қорын молайту үшін елімізде тауарлы балық шаруашылығын (аквакультура) дамытудың құқықтық базасы жасалды.
Осы орайда, облыстағы балық инспекторлары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылығы балық қорын молайтып, сақтап қалу үшін қаптап бара жатқан су құзғынына қарсы шара қолданып, бұл жыртқыш құсты саны реттеліп отыратын жануарлар қатарына қосу керек деп есептейді. Шығыстың өзен-көлдеріне қаптап кеткен су құзғындары күніне 1-3 келі балық жеп, балықтарға шын мәнінде қырғидай тиюде. Басқарма басшысы Мұрат Құсайынов «Балық аулауға жыл сайын облысқа 7 мың тонна лимит бөлініп отыр, ал су құзғындары жылына 2700 тонна балықты құртып келеді, сонда лимиттің 30 пайызы су құзғындарына кетіп жатқанмен бірдей болуда», – деп су құзғынын саны реттеліп отыратын жануарлар қатарына қосуды ұсынды.
Қаптаған су құзғынын азайта отырып, көлге шабақ жіберуді арттырудың тиімді тетіктерін табу керек. Мамандар енгізілген жаңа заң бойынша алдағы уақытта заң актілеріне, әкімшілік кодекске балық шаруашылықтарының балық өсіруге деген қызығушылығын арттыру үшін көлге белгіленген көлемнен көп мөлшерде немесе өз еркімен балық шабақтарын жіберген шаруашылықтарға балық аулауға квота бөлу көлемін арттыруды ұсынып отыр. Қазіргі күні мұндай ынталандырудың жоқтығынан балықшылар шабақтарды міндеттелген көлемде ғана жіберіп отыр.
Жергілікті жерлердегі орман шаруашылықтары, ұлттық парк өкілдері комитет қарауына су құзғынымен бірге Шығыстағы аю мен қасқырды да саны реттеліп отыратын жануарлар қатарына енгізуді сұрап, ұсынып отыр. 2009 жылы Шығыста аюдың саны 1567 болса, өткен жылы 2108 ден асқан. Соңғы жылдары еркінсіп, орман-тоғай маңындағы елді мекендерге дейін келіп жатқан аюлар малдарға, адамдарға дейін шабуылдаған. 2016 жылы аюлардың малға шапқан алты оқиғасы тіркелген. Ал 2015 жылы Шемонайха ауданында ойда-жоқта кезіккен аюдан ауыл тұрғыны мерт болған. Бұрын орман қожалары реттелетін жануарлар тізімінде болып келген. Малшылар мен жеке қорықшылар аумақтық инспекцияның рұқсатымен малды шығындаған кәрі, ауру (ауыл малына шабуылдап жататын, ауылға жақын келетін аюлардың көбісі ауырған немесе кәртейген аюлар көрінеді) аюларды атып отырған.
Осы беттің оспағы:
Орманда адасып кеткен орманшы алдынан шыққан адамға қуана айғайлап:
– Ау-у–у. Сізді кездестіргенім мұндай жақсы болар ма, мен кешеден бері орманда адасып жүрмін!
-Маған тіпті жақсы болды! Менің адасып жүргеніме бір апта болды, дорбаңда нан бар ма?!
Жанаргүл Мұқатай