Руханият

Ілеспе аударма ілгерілеп келеді

Ілеспе аударма ілгерілеп келеді


Аударманың түрі көп. Бірақ, мамандардың айтуынша, соның ішіндегі ең күрделісі – ілеспе аударма жасау. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Ілеспе аударма үдерісі және аудармаға қойылатын талаптар» атты тренинг өтті. Оған облыстағы мемлекеттік мекемелердің аудармашылары қатысты.

Жалпы, тренинг деген керемет дүние. Білімің мен білігіңді шыңдап, танымыңды кеңейтуге көп ықпалы бар. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқы болуымен өткізілген шараның маңызын залға жиналғандардың барлығы жақсы түсінді деп ойлаймын. Шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін қазақшадан орысшаға және орысшадан қазақшаға ілеспе аударма жасайтын мамандарға аударма теориясы мен практикасы, қазақ тілінің ресми тілі, аударманың лексика-грамматикалық және редакциялау мәселелері аясында оқу-әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ қазақ және орыс тілдерінің лексика-грамматикалық заңдылықтары негізінде сапалы және толыққанды аударма жасауға үйрету.

Аударма, оның ішінде ілеспе аударма мәселесі әсіресе біздің өңір үшін өте өзекті. Өйткені біздің облыс – өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аймақ. Мұны өз сөзінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Қалиғазина да ерекше атап айтты. Ілеспе аударма жасау мәселесі халықаралық деңгейдегі үлкен шаралар өткізетін кезде туындап жатады екен. Аударма жасаушылар көп болғанымен, біздің облыста ілеспе аударма жасаушылардың қатары саусақпен санарлық. Бұл ілеспе аударма жасаудың өзіндік қиындықтарының болуына да байланысты болса керек.

Бұл жолғы тренингтің тізгінін халықаралық деңгейдегі ілеспе аударма маманы, саяси ғылымдар докторы Сәтжан Мейірманов алды. Айтуынша, оның ілеспе аудармамен айналысып жүргеніне он бес жылдың жүзі болыпты. Халықаралық деңгейдегі небір шараларда, форумдарда қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне ілеспе аударма жасайтын бірден-бір маман көрінеді. Сондықтан да Сәтжан Тұрғаналиұлы ілеспе аударма жасау мәселесін теориялық жағынан ғана емес, тәжірибе жүзінде де өте жақсы білетініне сенімді.

С.Мейірманов алдымен аудармашы және оның қағидаларына, аударма түрлеріне, жазбаша және ауызша аударманың айырмашылықтарына, аудармадағы этномәдени ерекшеліктерге тоқталып өтті. Жазбаша аударма барысында аудармашының жазылған мәтінді тексеріп, түзетуге, сөздікпен жұмыс істей білуге мүмкіндігі болса, ілеспе аудармада ондай мүмкіндік мүлдем жоқ. Жалпы, ілеспе аударма орыс тілінде «синхронный перевод» деп айтылады.
Этимологиясына үңілетін болсақ, «syn» (бірге) және «chronos» (уақыт) дегенді білдіреді екен. Аты айтып тұрғандай, ілеспе аударма уақытқа тікелей байланысты. Сондықтан да ол аудармашыдан ой ұшқырлығын, сауатты сөйлем құрай алу шеберлігі мен шешендікті, әдеби дарынды талап етеді.

Ілеспе аудармашы екі тілді де жетік білуі тиіс. Екі тілдегі мақал-мәтелдерді жатқа білсе, тіпті жақсы. Мысалы, қазақ тіліндегі «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген мақалды қалай аударуға болады? Тәжірибелі аудармашы бұл мақалды ешқашан тура аударып, әуреге түспейді. Орыс тіліндегі «Ласковое слово слаще меда» атты мақалды қолданса жеткілікті.

Сондай-ақ ілеспе аудармашы кәсіби, салалық ғылыми терминдерді де жақсы білуі тиіс. Терминдердің этимологиясын білмегендіктен, кейде аударма кезінде қиындық туындап жатады.

Тренинг барысында С.Мейірманов аударманың ізбе-із (последовательный перевод) және сыбырлау (шушутаж) секілді түрлеріне де тоқталды. Ізбе-із аударма кезінде аудармашы сөз сөйлеушінің сөзін әр сөйлемінен кейін немесе оның бір бөлігін, яғни тұтас бір ойды айтып тоқтағаннан кейін аудара бастайды. Ол үшін аудармашы сөз сөйлеушімен алдын ала өзара келісіп алуы қажет. Егер өзара келіспесе, аудармашының сөз сөйлеушіні тоқтатуына, сөзін бөлуіне болмайды. Сөзі аударылуға тиіс деген уақытта сөз сөйлеуші өзі тоқтайды.

Ал сыбырлау (шушутаж) – бұл «құлаққа сыбырлап» аудару. Мұнда аудармашы арнайы кабинкада емес, аударма қажет адамның қасында отырып, оның құлағына сыбырлап айтып, аударма жасайды.

– Қазақстанда ілеспе аударма тәуелсіздік алған жылдардан бастап қарқынды дамып келе жатыр. Еліміздің ірі қалаларында ғана емес, сонымен қатар аймақтарда да ілеспе аудармашыларды даярлау өте маңызды. Ол үшін өңірлерде осындай тренингтер мен шеберлік сыныптарын жиі өткізген өте дұрыс деп санаймын. Ілеспе аударма мемлекеттік тіліміздің дамуына игі ықпал етіп, қазақ тілінің сөздік қорының баюына әсер етеді, – дейді С.Мейірманов. Дегенмен де кез келген нәрсенің тәжірибемен келетіні түсінікті. Сондықтан теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру ауадай қажет. Ол үшін аудармашыларға арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған кабинкаларда отырып, ілеспе аударма жасауға мүмкіндік берген жөн екенін айтады маман.

– Бүгінгі тренинг менің әріптестерім үшін өте пайдалы болды. Иә, рас, күн өткен сайын ілеспе аударманың маңызы артып келе жатыр. Бірақ ілеспе аударма аудармашыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол жауапкершілікті ақтау үшін аудармашы өте ізденімпаз болуы керек. Бүгін мен осы тренингтен көптеген пайдалы ақпарат алдым, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының аудармашысы Нұргүл Аймұхамбетова.

Тренинг соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар табыс етілді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button