Ленинді Мәңгілік Ел ауыстырады

Семейде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай бірқатар іс-шаралар легі ұйымдастырылды. Семей қаласына арнайы іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бастаған қала жұртшылығы, шығармашылық және ғылыми интеллигенция өкілдері Әлихан Бөкейхан ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойып, тағзым етті.
Ескерткіш алдында «Халықтық ой-сана» жазба ақындар орталығының жетекшісі Серік Молдабеков өзінің шәкірттерімен саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнаған жыр жолдарын оқыды.
− Біз өткен тарихтан сабақ алуға тиістіміз, − деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова,-жас ұрпақ тәуелсіздікке қалай қол жеткізгенін білу қажет. Еліміздің болашағы жолында Семейде қаншама адам құрбан болды. Мұны жас ұрпақ ешқашан ұмытпауы тиіс. Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлерімен қатар, «тар жол тайғақ кешкен» қасіретті кезеңдердің де аз болмағаны ақиқат. Тар заманда қазақ жеріне табысқандардың ұрпағы бүгінде тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бұл – тарихтан тағылым алып, Мәңгілік Елге бет алған ұлы халықтың ұлағатты ісі.
Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тарих − өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек» деген ұлағатты сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты.
Митингте ғалым Арап Еспенбетов, облыстық Возрождение» неміс бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук сөз алып, зұлмат жылдар жайлы ой толғады.
Осы іс-шара барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жиналған жұртты жағымды жаңалықтан хабардар етті.
− Бұл күн − біз үшін аса ауыр да қайғылы күн, миллиондаған құрбанның көз жасы мен олардың тәуелсіздік жолындағы күресі ешқашан ұмытылмақ емес,-деді облыс әкімінің орынбасары,-1921-1954 жылдары бұрынғы КСРО көлемінде сотталғандардың саны 3 млн. 777 мыңға жеткен екен. Оның ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алаш қайраткерлері ең қатал жазаға кесілді. Мұндай қатаң ату жазасы үкіміне іліккендердің саны 640 мың адам болды. Азап лагерьлерінде қазақ интеллигенциясы кінәсіз болса да, зардап шекті. Түрлі ұлттар жазықсыз болса да, қазақ еліне күштеп жер аударылды. Қазақ халқы сол заманда басындағы қайғысына қарамастан сырттан келген жұртты бауырына тартты. Соғыста да, бейбіт өмірде де түрлі ұлттардың бауырмалдығы қалған емес. Бүгін Семей қаласындағы Ленин көшесі «Мәңгілік ел» болып ауысқанын сіздерге хабарлағым келеді.
Осыдан біраз жыл бұрын осы Ленин көшесін ауыстыру мәселесі көпшіліктің талқысына түскен еді. Ленин көшесінің бойында Әлихан Бөкейханов бастаған алаш қайраткерлері бас қосатын Бостандық үйі орналасқан. Бостандық үйінде қазір Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылған.

Сондай-ақ Семейдегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жазықсыз жапа шеккендер» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
− Елбасының 1997 жылдың 5 сәуір күні жарияланған Жарлығына сәйкес жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып келеді, − деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ләззат Әлжан, − бұл тоталитарлық режимнің солақай саясатының нәтижесінде жазықсыз жапа шеккендерді еске алу күні. Қазақстан аумағында 1931-1933 жылдар аралығында болған ашаршылық бұл ресми бай-құлақтарды жою саясатының, күштеп ұжымдастырудың, қазақтардың малының тәркіленуінің салдары болып табылады.
Дөңгелек үстелге қатысушыларға салалық мәдениет, спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков, ғалымдар Мұхтарбек Кәрімов пен Амантай Исин және тағы басқалар тың деректер ұсынды.
Абай кітапханасындағы «Алаш» көрмесі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды. Абай кітапханасының библиографы Орынқамал Қайсинаның айтуынша, қорда Алаш қаласының тарихы, Алаш автономиясы туралы өте көп жинақталған мұра тұр.
− Көрмеден Тұрсын Жұртбай, Дихан Қамзабеков, Манаш Қозыбаев сияқты көптеген алаштанушылардың еңбектерін көруге болады, олар бізге алашорда тарихы туралы көптеген кітаптар табыстады,-деді Орынқамал Қайсина,-алаштанушылар «Алаш» партиясының мүшелері Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасовтар туралы кеңінен жазған. Смағұл Сәдуақасов − саяси қуғын-сүргін көрген алғашқы алашордашылардың бірі. Оны крематорий пешіне тірідей 1931 жылы жағып жіберген.
Сондай-ақ көрмеде алашордашылар Әлімхан Ермеков, алғашқы елші Нәзір Төреқұлов туралы да деректер бар.
Раушан Нұғманбекова
Семей.