Қоғам

Әлемнің үздік археологтары төр Алтайда бас қосты

Әлемнің үздік археологтары төр Алтайда бас қосты


Әлем ғалымдарының назары тағы да Алтайға ауды. Төр Алтайдың төсіндегі Өскемен шаһарындағы Металлургтердің мәдениет сарайында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, облыс аумағында жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының алғашқы нәтижелері жария етілді. Отандық және шетелдік үздік ғалымдар қатысқан ғылыми шараға облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ өзі төрағалық етті.

Конференция жұмысының басталуына дейін ғылыми шараға алыс-жақыннан арнайы келген қонақтар мен қатысушылар Металлургтер мәдениет сарайының алдында орын тепкен облыс аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған артефактар қойылған көрмелерді аралап, тамашалады. Арнайы қойылған үш киіз үйдің бірі Берел қорғанындағы қазба жұмыстарына арналса, екіншісі Шілікті жазығындағы зерттеу жұмыстарына, ал үшінші киіз үй Ұлан ауданындағы Аблайкит қамал-монастрі мен Абай ауданындағы Қырықүңгір қорымы және Тарбағатайдағы Елеке сазында жүргізілген қазба жұмыстарынан сыр шертеді.

Сондай-ақ, Металлургтер мәдениет сарайының үлкен залына қойылған «Алтын адамның» көшірмесі мен Берелден табылған жылқы бейнесі осынау шараға ерекше маңыз бере түскендей. Конференция жұмысына Франция, Корея, Ресей және Моңғолия мемлекеттері елшіліктерінің дипломаттары мен Қазақстан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Қытай елінің үздік археолог ғалымдары мен түркітанушылары да қатысқанын ерекше айтқан орынды.

Аспан асты мұражайы Шіліктіде де ашылады

– Қазақстанның жаңа мәдени саясатының басты стратегиясы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ «Мәңгілік Ел» идеясы. Президент өз сөзінде «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық» деп атап көрсетті, – деп өз сөзін Елбасының сөзімен бастаған облыс әкімі биыл өңірде археология саласында 2016-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламаның бекітіліп, сүбелі жұмыстар жүргізілгенін атап айтты. Сондай-ақ, облыс басшысы жүргізілген зерттеулер еліміздің тарихына үлкен үлес қосып, қоғамның мәдени дамуына ықпал ететінін, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған заттардың облыстық тарихи-өлкетану мұражайына берілетінін, Катонқарағай ауданының Берел жазығында елімізде баламасы жоқ аспан асты мұражайы ашылғанын, алдағы жылы мұндай мұражай Шіліктіде де ашылатынын жеткізді.

Бұдан кейін сөз кезегін отандық және шетелдік ғалымдар алды. Ең алдымен «Берел» жобасының жетекшісі, профессор Зейнолла Самашев Берелдегі зерттеу нәтижелері туралы әңгімеледі Жалпы, биылғы Берелдегі қазба жұмыстары нәтижесіз емес. Мұндағы ерте темір дәуіріне жататын №2 және №19 обаларды қазу жұмыстары барысында археологтар аса құнды олжаларға тап болған. Мысалы, ғалымдар зерттеу жүргізген №2-ші қорғаннан адамның мүрдесі мен алтынмен апталып, күміспен күптелеген 7 жылқы табылған. Десе де ғалым аталған қорымның тоналғанын да жоққа шығармады.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауымен өңірімізде археология саласын жандандыруды көздейтін 2016-2018 жылдарға арналған кешенді бағдарламасының арқасында Зайсан ауданындағы Шілікті жазығындағы қорғандарға да қазба жұмыстары жүргізілді. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда «Шілікті жазығы мен Тарбағатай (Зайсан ауданы) тауларының танымал ескерткіштері» жобасының жетекшісі, профессор Әбдеш Төлеубаев та сөз алып, жүргізілген жұмыстың барысы туралы арнайы баяндама жасады. Археолог ғалымның айтуынша, Шілікті даласы – Шығыс Қазақстандағы сақ-скиф дәуірінің ең көне элитарлық ескерткіштері көптеп орналасқан жер. Кезінде кеңестік ғалымдардың өзі Шілікті жазығындағы қорғандарға үлкен қызығушылық білдірген көрінеді. 1949-1970 жылдар аралығында бұл ескерткіштерді ленинградтық археолог С.Черников зерттеген. Ал Шілікті даласын Әбдеш Төлеубаев бастаған отандық ғалымдар 2003-2004 жылдардан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында зерттей бастады. Бірақ 2012 жылы мемлекеттік тапсырыспен қолға алынған арнайы жоба тоқтап қалады. Шілікті жазығындағы ерте сақ жәдігерлерін зерттеу жұмысы тек биыл облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауының арқасында қайта қолға алынады.

Жалпы, бүгінгі таңда Шілікті жазығының орталығында екі жүзден астам ерте темір дәуірінің ескерткіші бар. Олардың елуге жуығы элитарлық немесе патша обалары. Еуразия даласында дәл осы Шіліктідей сақ мәдениетінің аймағы өте сирек, – дейді ғалым. Археолог ғалымдар биыл Шіліктіде биіктігі 8,6 метр, диаметрі 88 сантиметр болатын №16-шы обаны таңдап алып, қазба жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде археологтардың қоржыны ғылым үшін аса құнды жәдігерлермен толығыпты.

Мұндай ғибадатхана Тибеттің өзінде де сирек кездеседі

Ғылыми шараға қатысушылар үшін Ұлан ауданындағы «Орта ғасырлық Аблайкит қамал-монастрі» жобасының жетекшісі, профессор Карл Байпақовтың жасаған баяндамасы да өте қызықты болды.

Қазақстан аумағында тибеттік буддизмді тарату тарихының негізгі материалдық дәлелі болып табылатын Аблайкит ғибадатханасы 1654 жылы салыныпты. Өз заманында ең ірі діни орталықтардың бірі болған осы ғибадатхана үйінділерінен Өскемен бекінісін салған генерал-майор Иван Лихарев бастаған орыстың әскери отряды 1720 жылы буддалық иконографияның шығармалары – тибет қолжазбаларының көп санын тапқан көрінеді. Сонымен қатар, ғибадатхананың қазына қоймасында Грекияда, Бактрияда, Рим империясында, орта ғасырлық Византияда жасалған қола мүсіншелер де сақталыпты. Табылған суреттер мен заттар Санкт-Петербургке жеткізілген. Кейін олардың бір бөлігін Петр І Париждегі Ғылым академиясына жіберген көрінеді.
К.Байпақов өз баяндамасында облыс әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып отырған осынау ауқымды археологиялық жұмыстар ғылымға ғана орасан пайда әкеліп қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсартуға да мол мүмкіндік беретінін ерекше атап айтты. Атап айтқанда, Аблайкит ғибадатханасы болашақта туристер көптеп баратын нысанға айналуы әбден мүмкін. Өйткені, мұндай тарихи археологиялық нысандар, ғалымның айтуынша, тіпті Тибеттің өзінде де сирек кездесетін көрінеді.

Осынау археологияның өзекті мәселелеріне арналған алқалы жиында шетелдік ғалымдар да сөз сөйлеп, биік мінбеден өздерінің ұсыныс-тілектерін білдірді. Атап айтқанда, ресейлік ғалым Николай Боковенко «Еуразия жазығындағы көшпелі халықтар мәдениеті» тақырыбында баяндама жасаса, венгриялық Вероника Хорватх «Көне темір ғасырындағы Оңтүстік-Шығыс Еуропаның Қазақстан аумағымен мәдени байланыстары», ал түркиялық ғалым Метин Екичи «Түркі әлемінің жалпы мәдени мұрасын зерттеу тәсілдері мен мақсаты» атты тақырыпта баяндама жасады.

– Алтай деген – әлемнің алтыны. Ендеше осы Алтайдың мұрагері кім? Сіздер осы сұрақты жақсы көтеріп отырсыздар. Қазақ «жер қонағы – ақ жауын» дейді. Ол сіңімді болады. Облыс әкімдігі жыл сайын сол сіркіреп жауған ақ жауындай Алтайға қатысты үлкен шаралар өткізіп келеді. Сол үшін мен аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВКЕ ағалық алғысымды білдіремін, – деп археолог ғалымдардың соңын ала сөз сөйлеген философ ғалым Ғарифолла Есім биік мінберден Алтай әлемінің ойшылы Анахарсис Скифскийге Өскеменде ескерткіш орнатылса, Өскеменнің атауы Алтай деп өзгертілсе деген ұсынысын да жеткізді.

Осылайша Алтай төрінде танымдық, тағылымдық мәні зор тағы бір шара өз мәресіне жетті.

– Алтай – қазақ тарихында, түркі әлемінде, тіпті әлем тарихында ерекше орны бар аймақ қой. Бүкіл өркениеттің, мәдениеттің көптеген алғашқы нұсқалары осы жерден бастау алған. Содан кейін ғана бүкіл әлемге жайылған. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігінің өткізіп отырған бұл шарасы өте құптарлық. Бірақ келешекте қазақ халқының этнографиясын, этномәдениетін дамытуға да үлкен көңіл бөлсе деймін, – дейді тарихшы ғалым, профессор Ахмет Тоқтабай бізбен әңгімесінде.

Әлемнің үздік археологтары төр Алтайда бас қосты

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button