Мәдениет

Әлемге аты әйгілі археологтар Шығысқа келеді

Әлемге аты әйгілі археологтар Шығысқа келеді

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ археолог ғалымдармен кездесті. Кездесу барысында археологияны дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына жапондық зерттеушілер де атсалысуға ниетті екені мәлім болды.
Отандық белді археологтармен бірге Италия, Бельгия елдерінің геоархеологтары, Ұлыбритания, Түркия, Қытай, Венгрия, АҚШ және Австралияның ғалымдары, Жапонияның палеогенетиктері, Ресей ғылым академиясының өкілдері жұмылдырылған кешенді бағдарламаға облыс бюджетінен 100 млн. теңге бөлінген. Аймақ басшысы өз сөзінде бағдарлама аясында еліміздің археологиялық мұраларына әлем назарын аудартуға күш салынатынын атады.
-Бұл жобаны Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында қолға алып отырмыз. Жоба аясында өзіміздің ғылыми орта шеңберінде шектеліп қалмай, әлемге аты әйгілі археологтарды тартып отырмыз. Барлық елдер осылай жасайды. Египеттегі әйгілі Хеопс пирамидасын қазған кезде де осылай әлемнің барлық археологтары қатысқан. Біздің Берел мен Шіліктідегі қорғандар, Аблайкиттегі бекініс-монастырь де әлем ғалымдарының назар аударуына лайық деп білемін. Осы жоба арқылы біз тарихтың тұншығып жатқан шындықтарын аршуға үлес қосамыз, – деді облыс әкімі.
Аталған бағдарламада Берел қорғандарын зерттеуге үлкен көңіл бөлінген. Оның жетекшісі Зейнолла Самашев №2 қорғанды аршу жұмыстары басталып кеткенін айтады.
-Бұл қорғандарды қазудағы басты мақсатымыз жәдігерлерді көптеп табумен шектелмейді. Осында табылған тарихи мұралар арқылы жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты нығайтып, ішкі туризмді дамытқымыз келеді Бүгінгі таңда 1999 жылы аршылған №11 қорғанды музейге бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни, қорғанның орнында аспан астындағы музей пайда болады, – деді археолог.
Берел қорғандарына әсіресе, жапон ғалымдары үлкен қызығушылық танытып отыр. Олар Берелден табылған мүрделерге палеогенетикалық зерттеу жүргізу арқылы өздерінің Алтай халықтарымен гендік байланысын анықтамақшы. Ал Ресейдің Новосібір қаласынан келетін ғалымдар шетелдік қондырғылардың көмегімен қорғандардың салынған мерзімін дәл анықтайтын болады.
Ал Аблайкит мазары тибеттік буддизмге қатысы болуымен қызықты. Мұндағы зерттеу тобының жетекшісі Карл Байпақов Аблайкит мазарының құпиясын толық ашатын кез жекенін айтады.
-Бізге Алтайда қанат жайған христиан және ислам діні жайында ежелден мәлім болса, тибеттік буддизмнің анықталмаған сырлары жеткілікті. Бұл діннің ғарышпен, медицинамен тығыз байланысы бар. Тек мазарды зерттеп қана қоймай, ел арасынан ол туралы аңыз-әпсаналарды жинастырмақпыз. Ел аузында мазардың негізгі байлығы Сібенің түбінде жасырылғаны туралы әңгіме бар. Соның анық-қанығын зерттеу керек, – дейді ғалым.
Бағдарлама аясында Шілікті қорғандарындағы зерттеу жұмыстары да қайта жанданбақ. Ол туралы «Алтын адамды» ұрпағымен қауыштырған Әбдеш Төлеубаев баяндады.
Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Раушан Нұрмұханова жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесі жыл сайын қорытындыланып отыратынын айтады. Қазба жұмыстарына облыстың студенттері де көптеп тартылмақ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Суретті түсірген Сергей Суров

Осы айдарда

Back to top button