Әлемдік өркениеттің ошағы

–Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның жалғасы.

Біз патша үкіметінің заманында, одан бергі кеңес кезінде де рухы тапталмаса да, сүрініп кеткен халықпыз. Сондықтан Елбасы жыл сайынғы Жолдауларынан бөлек, философиялық, тарихи мәні терең, ұлттың рухын көтеретін мақалаларын жариялап келеді.
Осы жолғы мақалада Ұлы дала өркениетінің жеті қырын талдап берген. Оның ішінде көпшілік бүгінге дейін мойындағысы келмей жүрген, атты көшпенділер қолға үйреткені туралы жақсы айтылыпты. Шынында жылқыны бізбен қатар күш-көлік ретінде пайдаланғандар бар. Бірақ мініске үйреткен біз екеніміз ақиқат. Біз оны біраз уақыт тоқым салып, жайдақ міндік. Ауыздықты біздің заманымыздан 3500 жыл бұрын бабаларымыз тапқан. Содан кейінгі ежелгі сақтар қассыз ерге міне бастады. Оған Берел мен пазырық мәдениеттері дәлел. Сақтардың соңғы дәуірі мен түркілер заманында қасы бар ер дүниеге келді. Іле қазақ даласында үзеңгі пайда болды. Елбасы аталмыш мақалада осы өркениеттерді тілге тиек ете отырып, кейінгі ұрпақ көшпенділердің осы жетістігімен мақтануы керектігін айтады. Бүгінгі космос заманы үшін бір қарасаң мақтануға тұрмайтын дүние болуы мүмкін ғой, бірақ біз осы арқылы әлемдік өркениетке үлес қостық дейді. Шындық қой.
Ендігі бір айта кететін дүние Есіктен табылған алтын адам. Ол – Еуразия көлімінде алғаш және бүлінбей табылған құнды мұра. Қазір ол еліміздің символына айналды. Бұл сақ дәуірінде металлургияның жақсы дамығанын көрсетеді. Жалпы қазақ даласы Еуразия аумағында металл өңдеудің орталығы болған. Сол дәуірде қазылған алтын, қола, жездердің көне кеніштері еліміздің орталық, шығыс аймақтарында көптеп кезігеді. Қара теңіз жағалауларынан, батыс елдерінен де алтынның жұрнақтары табылып жатыр. Бірақ біздегідей алтынмен апталып киінбеген. Себебі айқын, сақ заманында алтынды мәңгіліктің бейнесі деп түсінген. Алтын аспандағы күннің түсі деп білген. Сондықтан да өздерінің ең қадірлі адамдарын алтын киімдерге орап жерлеген.
Менің жеке көзқарасым бойынша, олар өмірден өткен адамдарға ғана ондай қошамет көрсетпесе керек, сақ көсемдері ел алдына шыққанда да алтын киіммен жүрген. Міне, сол үшін де Есіктегі алтын адам бір дәуірдің өркениетінің куәсі болып отыр. Оның үстіне ол жердегі қазба мұраларда сақ заманының жазу үлгілері де кездеседі. Менің осы күнге дейінгі көз жеткізген тағы бір тұжырымым, сақтар мен қазақтардың дүние танымы, идеологиясы бір-біріне өте жақын болған.
Соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен үлкен үш археологиялық экспедиция ұйымдастырылды. Мен соның Шілікті бағытына жетекшілік етіп жүрмін. Біз сол жердегі №16 қорғаннан өткен жылы 2000-нан астам алтын жәдігер таптық. Бұл – 2003 жылы сол жерден табылған алтын адамнан кейінгі үлкен жетістіктеріміздің бірі. Археологияның мақсаты алтын іздеу емес. Ол Африкада да, космоста да алтын. Бірақ біз тауып жатқан алтындағы аң стиліндегі суреттер ерекше өнер туындылары. Елбасы осы аң стиліндегі суреттерді дүниежүзілік өркениеттің озық үлгісі деп қарастырады. Бұл өте дұрыс айтылған және мойындалған шындық.
Міне, Елбасы осы мақаласында осыншама өркениеттің ізбасары екенімізді мұражайлар, туризм саласы арқылы дәріптеуіміз керек деді. Елбасы мақаласының негізгі философиясы осында жатыр.
Әбдеш Төлеубаев,
археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор.