Қоғам

Әлемді бір қайшы, бір тарақпен бағындырды

Әлемді бір қайшы, бір тарақпен бағындырды


Талап, еңбек және табандылық… Осы үш қасиеттің мақсатка жеткізетіндігін жақсы білеміз. Алайда, шынайы өмірде талаптан гөрі, танысқа арқа сүйеп, еңбекқорлықты енжарлыққа жеңдіріп жатамыз. Өйткені, таныссыз, ақшасыз кәсіп ашып, жақсы қызметке орналасуға болатындығына сенбейміз. Басында ол да сенбейтін. Алайда, жастайынан жетім қалған оған бір тарақ, бір қайшымен Мәскеу мен Парижді бағындыруда тек осы үш серігі көмектесті.
Қазақ қыздарының шашы – әлем стилистерінің арманы

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының тізіміне енгізілген Владимир Дубинин «еңбек бәрін де жеңбек» деген қағиданы берік ұстанады. Биыл Парижде өткен жоғары сән саласындағы әлемдік сайыста танымал 23 шаштараз шеберлерін басып озуы, «Әлемнің үздік шаштаразшысы» атануы да бір жыл бойғы ізденісі мен еңбегінің жемісі.

Шаштараз ретіндегі еңбек жолын Мәскеуде бастап, сол жақтың сән индустриясында танымалдыққа ие болса да, халықаралық, әлемдік сайыстарға Владимир Дубинин Қзақстанның атынан қатысуды жөн көреді.

– Мен Қазақстанның азаматымын. Осы елде туып-өстім, стилист ретінде өзге елде танымал болсам да, оны тек қызмет көрсету деп санаймын. Ал сайыстарда туған елімнің беделін қорғауды құп көремін. Уақытымның жартысы туған қалам Өскеменде өтеді. Екі апта Мәскеуде, екі апта Өскеменде тұрып жатқан жайым бар, -дейді кейіпкеріміз.

Владимирдің әлемнің үздік шеберлерін мойындатқан «Ғалам патшайымы» бейнесіне – азиялық ару арқау болған. Жердегі емес, көктегі, жат планеталық арудың бейнесін жасау үшін Владимир ұзақ ойланғандығын айтады.

– Маған көбі образ жасау үшін неліктен славян типтес қызды таңдамадың деген сұрақ қояды. Азиялық қыздардың, соның ішінде қазақ қыздарының шашына жетер шаш жоқ. Қалың, табиғи жылтыр, қолаң шаш көптеген әйелдердің ғана емес, әлем стилистерінің арманы. Сондықтан қазақстандық шаштаразшылардың әлемдік деңгейде өтетін сайыстарға қатысуға мүмкіндіктері мол. Тек ниет болса болды,-дейді Владимир.

Владимир жастайынан жетім қалып, нәпақа табу үшін зауытта жүк те тасыды, электрик те болды. Сөйтіп, әупірімдеп жүріп, жоғары оқу орнын бітіріп, қолына экономистің дипломын да алды. Бірақ сол мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істеп көрмепті.

– Ауыр жұмыстың не бір түрін істеп жүрген кезде, қолымнан келері осы ғана ма деген ой жиі мазалайтын. Жалпы, жаның қалаған жұмыс істесең, шаршамайсың ғой. Сондықтан мамандығыңды сүйсең ғана, сол істің нағыз майталманы боласың деп ойлаймын. Ал мен экономистің дипломын алғаныммен, есеп-қисапқа жоқ едім. Әйтеуір, диплом алу керек болған соң оқыдым. Бұл көпшілігіміздің үлкен қателігіміз,-дейді ол.

Владимир қолымнан не келеді деген сауалдың жауабын табу үшін психолог мамандарға да жүгінген көрінеді. Дәл осы маман оның темпераментіне сәулетші немесе шаштараз болу келеді деп кеңес берген екен. Сәулетші болу үшін тағы біраз жыл оқу керек, оны оқитын қаржысы да болмаған Владимир шаштараздың курсын тәмамдауға тәуекел етеді.

Өскеменді айтсам, ұзақ көсілем

Біреулер шаштаразды мамандық деп те қабылдамауы мүмкін. Алайда, Владимир оны өнер деп біледі екен.

– Суретші өнерін қылқаламы, композитор әуезді әуені арқылы танытса, шаштараз туындысын қайшысы мен тарағы арқылы тудырады. Алғашында шаш қиюдың бәріне ортақ техникасын меңгердім. Бірақ сол техникаға креативті, өзгеше бірдеме қосқым келіп тұратын, – деп Владимир сырымен бөлісті.

Өскемен қаласындағы «Фасон» шаштаразшылар мектебін 26 жасында тәмамдаған ол әлі жұмысқа орналасып үлгермесе де, өмірден өз орнын тапқандығына кәміл сенді. Қалтасындағы аз ақшасымен Ресейдің астанасына аттанған жігіттің ол жақта туысы да, танысы да жоқ еді.

– Әрине, мен Яна Рубцовскаяның салонына бірден қабылданған жоқпын. Басымнан көп қиындықтар өтті. Алайда, алдыма қойған мақсатым артқа шегіндірмеді. Әр адам талантты. Әркімнің бойында кейде өзі де білмейтін бір қабілет бар. Осы өмірде әрбір адам жаны қалаған іспен айналысса екен, соған қол жеткізсе екен деп тілеймін, – дейді ол.

Әлемді бір қайшы, бір тарақпен бағындырды

Көптеген атақты адамдармен жұмыс істеп, шоу-бизнес жұлдыздарының шаш стилін қалыптастырғандықтан ба, оны шетелде білім алып келді деп ойлайтындар көп. Алайда, ол үнемі Өскемен деген қаладан келгендігін мақтанышпен айтады.

– Қаланың аты таныс болмағанымен, Шығыс Қазақстан, Кенді Алтай десең, барлығы бастарын изей кетеді. Ал мен біздің тамаша табиғатымызды айтып, кейде ұзақ көсіліп кеткендігімді байқамай қаламын,-дейді кейіпкеріміз.

Владимир көптеген халықаралық, әлемдік сайыстарға қатысып, бақ сынаудан жалыққан емес. Өзіне «Жеңу маңызды емес, қатысу маңызды» деген сөзді үнемі айтады. Өйткені мұндай байқаулардан көп нәрсе үйренесің, оған дайындық кезінде ізденесің. Тоқырап қалмайсың. Жаңа идеялар туады.

– Сайысқа қатысып орын алып жатсаң, көптеген елге барып біліміңді жетілдіруге арналған курстарда оқуға мүмкіндік беріледі. Мәскеуде мықты танысым, тіпті, ақшам жоқ мен егер жетістік деп атауға келсе, осы күнге мүмкіндіктерді қалт жібермеудің арқасында жеттім. Осындай сайыстарға қатысудың нәтижесінде Греция, Нидерланды, Германия, Италия, Франция елдерінде шеберлігімді шыңдап, білім алуға жолдамалар алған сайын төбем көкке жеткендей қуанатынмын. Өйткені, оқудың шығындарын ұйымдастырушы фирмалар көтереді, -дейді ол.

Бүгінде Владимир Дубинин Мәскеу қаласының сән индустрия саласында ойып тұрып орын алған стилистердің бірі. Оның ендігі мақсаты Өскемен қаласында Францияның атақты Loreal фирмасының оқу орталығын ашу. Алайда, бұған қаржылық мәселе емес, жергілікті жерде қолдаудың болмауы қолбайлау болып отыр. Дегеніне жетпей қоймайтын Владимир бұған да қол жеткізетініне сенімді.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button