Қоғам

Әлем кубогында ойнаған жалғыз қазақ

Әлем кубогында ойнаған жалғыз қазақ

Алаңда регби ойнап жүрген жастарды сырттай тамашалап тұрған қария адам: «мынауың кәдімгі жаяу көкпар ғой» депті сақалын сипап. Ақсақал айтқандай, ағылшын жерінде дүниеге келген бұл спорт түрінің ұлттық ойынымыз – жаяу көкпардан ешқандай айырмашылығы жоқ, шынымен де.
Үлкендердің айтуынша, жаяу көкпар жаздыгүні жазықта ойналған. Ойын өтетін алаңның ұзындығы 50-60, көлденеңі 25-30 метрден кем болмаған. Алаңның бір шетіне шеңбер сызылып, ішіне құм түйілген шүберек қойылады. Екінші шетінде көмбе белгіленеді. Дәл ортада көлденең сызық сызылады. Көкпаршылар екі топқа бөлініп, сызық бойында сап түзеп тұрады. Ойынға төрелік ететін бір басқарушы тағайындалады. Шеңбер мен көмбеде екі ойыншы бақылаушы болады. Басқарушының белгісімен ойын басталады. Әр топтың өкілі құм түйілген шүберекке бұрын жетіп, оны көмбеге тастауға тырысады. Топтың қалған ойыншылары оған көмектеседі. Ал қарсы топ олардан шүберекті алып, өздері апаруға тырысады. Қызу тартыс басталады. Қатысушылар түрлі айла-амал қолданып, алаңның ішінде бұлтарып қаша жүріп ойнайды. Бірақ алаңның шетіне шығуға болмайды. Көмбеге белгіленген мерзімде жеткізген ойыншы ұпайды көбірек алады. Жаяу көкпар жастардың күшін, жүгіру қабілетін жетілдіріп, шынығуы үшін ойналады.

Әлем кубогында ойнаған жалғыз қазақ

Регбидің де жалпы мазмұны, талап-шарттары осыған ұқсас келеді. Сол себепті де бұл ойын бізге жат емес, керісінше күрес, бокс, жекпе-жек сияқты табиғатымызға жақын. Қазақтан шыққан атақты регбиші жерлесіміз Мұрат Уанбаевтың елімізде аталған спорт түрін дамытуға жанын салып жүргені сондықтан. Оның ойынша, алдағы Олимпиада ойындарында мұқым әлем жұртының алдында көк байрағымызды бір желбіретсе, осы регбишілеріміз желбіретуі тиіс. Ол үшін, әрине, Қазақстанда регбидің өркендеуіне қолайлы жағдай жасалуы қажет.
– Бұл спорт түрі осыдан екі ғасыр бұрын Англияда пайда болған. Ал қазақ жеріндегі тарихы өткен ғасырдың 60 жылдардан басталады. «Регби-7» деген түрі 2012 жылдан бері Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді. Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиадаға қатысу үшін біздің регбишілер шеберліктерін арттыру мақсатында халықаралық жарыстарға қатысуда. Әзірше Азия аймағындағы барлық додаларға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрміз. Регбиді елімізде одан ары дамыту мақсатында оны мектеп бағдарламасына енгізсек пе деген ниетіміз бар. Ол үшін Үкіметтен қолдау қажет, – дейді Қазақстан регби қауымдастығының вице-президенті Мұрат Уанбаев.

Әлем кубогында ойнаған жалғыз қазақ

Орта мектептi бiтiрген соң, Алматыдағы темiржол институтында қызмет істеп жүріп, ол Алматының «Волна» клубында волейбол ойнаған. Сол жерде регби бойынша бапкерлер көзіне түскен. Мұраттың ойынға қызығушылығы жоғары болғаны соншалық, оны үш айдың iшiнде тәп-тәуiр үйренiп алады. Сөйтіп, әлемге аты танылған қазақ регбишісінің даңқты жолы басталады. Алғашында алматылық «СКА» клубында өнер көрсетеді. Дәлірек айтқанда, 1986-1992 жылдар аралығында. Осы кезеңде жерлесіміз КСРО кубогын жеңiп алады (1988 ж.). Екi мәрте КСРО бiрiншiлiгiнiң жүлдегерi атанды. Екi рет КСРО кубогының финалында ойнады. Осындай жетістіктерден кейін «СКА-ның» бірнеше ойыншысы КСРО құрамасына шақырту алады. Олардың ішінде Мұрат Уанбаев та бар. Алайда КСРО құрамасы 1987 және 1991 жылдары өткен екi бiрдей әлем кубогына белгілі себептерге байланысты қатыса алмай қалады. Нәтижесінде сол кездегі құраманың белді ойыншысы саналған Мұраттың әлем біріншілігінде жасындай жарқылдауына мүмкіндік тумады. Есесіне, «Регби-7»-ден КСРО құрамасы сапында Аргентинада жалауы желбіреген Әлем чемпионатына қатысып, «В» дивизионында кiшi әлем бiрiншiлiгiнiң чемпионы атанды.
Одақтың шаңырағы ортасына түсіп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен алмағайып кезеңде «СКА» клубының да жағдайы нашарлайды. Бапкерлер мен спортшылар басқа ұжымдарға кетеді. Командаластары сияқты Марат та бапкерінің кеңесімен регби спорты өркендеп тұрған елдердің бірі – Францияға ат басын бұрады. Ол жақта әуелі үшінші дивизионда ойнайтын «Меза», сосын «Безие» клубтарында өнер көрсетеді. «Мезаның» намысын қорғаған екi жылда үшінші дивизионның чемпионы атанады. Бұл 1992-1994 жылдар болатын. Ал Францияның ең күштi клубтарының бiрi – «Безиеде» бес жыл ойнайды. Кейiн «Ажен», «Гренобыль» клубтарының жейдесiн киеді. Ақыр соңында спорттық карьерасын «Ницада» аяқтайды.

Әлем кубогында ойнаған жалғыз қазақ

– Француздар мені ұлттық құрамаларына да шақырды. Алайда КСРО құрамасының сапында ойнағандықтан, француздардың қатарына қосыла алмадым. Бiрақ кейiннен әлем құрамасына шақырту алып, онда бiрнеше кездесу өткiздiм, – дейді Мұрат Уанбаев.
Бұл спорт түрі әлемде «Регби-7» және «Регби-15» деп екіге бөлінеді. Бірақ екеуінің бір-бірінен айырмашылығы аз. Ойыншылар саны мен ережелерінде ғана сәл өзгешеліктер бар.
Олимпиада ойындары бағдарламасына енген «Регби-7» түрінен Қазақстан біріншілігінің алғашқы екі туры Алматы мен Талдықорғанда ұйымдастырылса, үшінші туры Астанада өтті. Бұл додаға еліміздің Астана, Алматы, Тараз, Ақтау, Талдықорған және Павлодар сияқты тоғыз қаласынан командалар қатысты. Биыл Алматыда еліміздің Қарулы Күштері тарихында тұңғыш рет «Eurasia-sport» спортшылар қауымдастығының мұрындық болуымен регбиден чемпионат өтті. Бүгінгі таңда еліміздің барқатар қалаларында осы спорт түрінен клубтар құрылып, ішкі біріншілікте өнер көрсетуде. Алайда біздің облыстан бірде-бір регби командасы жоқ әзірге.
Бұған қоса ұлттық құрама регбиден Әлем және Азия чемпионаттарына, өзге де халықаралық турнирлерге қатысып, бақтарын сынауда. Нәтижелері жаман емес. Мәселен, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен Азия ойындарында регбиден Қазақстан әйелдер құрамасы алтын медальды иеленсе, биылғы Инчхонда өткен Азия ойындарында қола жүлдеге қол жеткізді. Жастар да қалыс қалып отырған жоқ. 2007 жылы жас регбишілеріміз Азия чемпионатында жеңіске жетті. Өкінішке қарай елімізде ерлер командаларының еңсесі түсіп тұр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет дейді Мұрат Уанбаев. Оның айтуынша, болашақта елімізде регбиді дамытуға күш салынып жатса, шетелден тәжірибелі мамандарды шақыртып, жастарды жаттықтыруға болар еді.
Бір қызығы, дамыған елдерде жастарды спортқа тәрбиелегенде, алдымен регбиге береді екен. Содан кейін өзге түрлерін қалауына, икеміне қарай таңдайды. Регби спортшының психологиясы мен күшiн, төзiмiн шыңдайды. Мықты болып өсуіне септігін тигізеді. Оны үйренудің еш қиындығы жоқ. Себебі, көкпар ойыны, оның ішінде жаяу көкпар біздің қанымызда бар. Тек ережесiн дұрыс түсiндiрсе жеткілікті.
– Менің ендігі арманым – еліміздің өңірлерінде спорт мектептерінің ішінен регби секцияларын ашу, жастарды тәрбиелеу. Қазір Алматыдағы №176 мектеп-гимназияда регби үйірмесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта елiмiздiң бiрқатар ауылдарына регбиден спорт мектептерiн ашу ойымда бар. Менiң бұл жобам – ақша табудың амалы емес. Ең бастысы, елiмiздiң жастары осы спорт түрiн терең меңгерiп, болашақта мықты регбишi болғанын қалаймын, – деп ағынан жарылған әйгілі регбиші бұл жобасын жүзеге асыру мақсатында өзінің туған жері – Шығыс Қазақстанға арнайы келгенін айтты.
Ұлан ауданы, Сағыр ауылының тумасы Мұрат Уанбаевтың бұл идеясы облыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, сала мамандарына мәселені жан-жақты зерделеп, сараптауға тапсырма берілген екен. Алдағы уақытта Өскеменде салынып жатқан спорттық ойын түрлері кешенінен регбиге бір орын табылатынын айтыпты аймақ басшысы.

Керек дерек

Йоханнесбургте 25 жыл бойына жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы шықты. Зерттеу барысында спортпен айналысатын 100 шақты бала таңдап алынып, оларға бақылау жүргізілген. Нәтижесінде регбимен шұғылданған баланың салмағы мен бойының ұзындығы басқа спорт түрлерін меңгерген құралпыластарына қарағанда 15-20 келі ауыр, 10-15 см биік болған.

Дерек пен дәйек

Мұрат Уанбаев Ұлан ауданының Сағыр ауылында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Жұмабек, анасының есімі – Сәнуар.
Үшінші сыныпты бітірген соң Алматы облысы, Қарасай ауданы, Жамбыл ауылына қоныс аударған. Орта мектепті сол жерде бітірген. Он сегiз жасынан регби спортын өміріне серiк еткен.
Регбиден КСРО құрамасының сапында «В» дивизионы бойынша әлем чемпионы атанған. КСРО бiрiншiлiгiнің екi мәрте жүлдегері, КСРО кубогының жеңiмпазы, екi дүркiн финалисi. Регбиден әлем құрамасында ойнаған жалғыз қазақ. Үйленген. Бір қызы бар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button